Өнеге-өмір

Өнеге-өмір

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаев 65 жаста!

 

Таудың биіктігінің ұзаған сайын анық байқалатыны секілді біз кейде дер шағында аға буынның асыл қасиеттерін лайықты деңгейде бағалай алмай, олардың елге жасаған жақсылықтарын көпшілікке келістіріп жеткізе алмай жатамыз. Уақыт деген құдіретті төреші бұл кемшіліктің бетін ашқанда, жіберген олқылығымыздың орнын толтырмаққа өршелене ұмтыламыз. Соңынан шарқ ұрып іздеп, қиядан ойға, ойдан орманға сүңгиміз. Қазір де солай...

Бүгінгі әңгіме арқауы 2013-2019 жылдары Қызылорда облысын басқарған ҚЫРЫМБЕК ЕЛЕУҰЛЫ КӨШЕРБАЕВ туралы болмақ. Ол кісі Премьер-Министрдің орынбасары қызметінен облыс басшылығына тағайындалғанда Сыр жұртшылығы дүр сілкінді. Әрбір тұрғынның жүрегінде тәжірибелі әрі жерлес басшыдан ертеңгі күннен жақсылық күткен үміт оты қайта маздады. Әкім әуелі екі айда аралаған аймақтағы барлық 264 кенттер мен елді мекендер, одан әрі негізгі еңбек ұжымдарында ақсақалдарымыз ақ батасын беріп, «екі тізгін, бір шылбырды» өз перзентінің қолына аманаттап тапсырып жатты.

Бұл кісіге дейін аймақта ел басқару тізгіні қолдарына тиген азаматтардың елге сіңірген еңбектеріне көлеңке түсіргіміз жоқ, десек те, тапқанынан жоғалтқаны, сүйінгенінен күйінгені көп өңірімізде қордаланған мәселелер шаш етектен келетін.

Әбіш Кекілбай ағамыздың бейнелеп айтқанындай, «жібек торғын жапқанмен жүндеген түйедей болып қара қайысы көрініп тұратын» халде едік. Жабырқаулы жұртшылықтың билікке сенімі азайып, ертеңгі күнге деген үміті Аралдың суындай тартыла бастаған-ды. Сондықтан да жаңа басшының алдында алдымен, өңірде қуатты экономикалық серпіліс жасау арқылы адамдардың өмір сүруге деген құлшынысын күшейту, оларды немқұрайлы қалыптан сергек саналы жағдайға жеткізу міндеті тұрды.

Судың сүзілмейтініне, тамырдың үзілмейтініне тарихи тәжірибеде талай көзін жеткізген дана халқымыздың «Әке көрген оқ жонар...» дегеніндей, Қырымбек Елеуұлы мәуелі бәйтеректей қоғамшыл, еңбекқор әулеттің өкілі. Атасы Дәрібаев Көшербай - ақсақал сонау колхоздастыру жылдарында елге ұйытқы болған, кейін қаба жал, қылқұйрық үйірлерді жусатып-өргізген, әр биенің ізімен құлдыраңдатып құлын ергізген, еңбегі еленіп, Социалистік Еңбек Ері атанған ел

мақтанышының бірі. Әкесі - Елеу Көшербайұлы болса, аймақ тарихына есімі алтын әріптермен таңбаланып қалған тұрпатты тұлғалардың санатынан. Ол кісі қырық жыл аудандық кеңестің депутаты, 26 жыл Қызылорда облыстық кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХІV, ХV, ХVІ, ХVІІ съездерінің және СОКП ХХVІІ съезінің делегаты болып сайланған. Қазалы, Тереңөзек, Сырдария, Қармақшы аудандарында аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жауапты қызметтер атқарды. Елеу Көшербайұлы аймақтың гүлденіп, көркеюіне қосқан ерен еңбектері үшін үш мәрте Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Октябрь революциясы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған айтулы мемлекет және қоғамқайраткері.

Бұған қоса ұлттық мұраттарға енжар қарайтын кеңестік кезеңде басшылық қызметте бола жүріп бүкіл түркі текті халықтардың ұлы ұзаны Қорқыт Ата мәңгілік байыз тапқан Қармақшыда бабаға арнап керемет кесене салдырған тәуекелшіл тұлға-тын. Ерлікке пара-пар осы әрекеті үшін кезінде орталық партия комитетінде партиядан шығарып, қызметтен босату мәселесі қаралып, талай қысым көрсе де,атамыздың есімібүгінде әлемге әйгіленіп, ұрпақ жадында мәңгі өшпестей қалды. Сыр елінің арқалы ақыны Шәкизада Әбдікәрімов «Күн сайын адам болып өмір сүрген» атты естелігінде:

«...Сырлы өлкенің ақтарсаң шежіресін,

Ата-баба рухын сезінесің.

Ғасырлармен жалғасып келе жатқан,

Көшербайдың көшіне кезігесің» деп толғайды.

«Еңбекқор әулет» атанған Елеу атамыздың отбасынан төрт құбыласын түгендей түлеп арзу армандарына құлаштай қол сермеген, миятты мұраттарын өмір межесіне айналдырған төрт бала өрбіді. Ұлағатты ұядан түлеп ұшып, кәсіби өмір жолында Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәжірибесін көрген, тәлімін алған, сол арқылы оның өмір мектебінен өткен Қырымбек Елеуұлы Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді серіктерінің біріне, халықтың қалаулысына, мемлекетшіл тұлғаға айналды.

Еңбек жолын Қызылорда қаласында қарапайым құрылыс инженері боп бастаған Қырымбек Көшербаев облыстық, республикалық комсомолда белсенді ұйымдастырушы болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол жаңа құрылған Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының ұлтаралық қатынастар

жөніндегі референті, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көмекшісі болды. Одан әрі өз ісіне деген ыждаһатты жауапкершілігімен, терең білімділігімен танылған білікті ұйымдастырушы ретінде 1994-1995 жылдары Алматы қаласы Калинин ауданының әкімі болды. Бұл кезінде оңтүстік астананың 300 мыңнан астам халқы бар республикадағы ең үлкен әрі басқару органдары орналасқан ең орталық ауданы еді. Бұдан соң ҚР Министрлер Кабинеті Аппараты басшысының орынбасары - ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары - аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы - Баспасөз қызметінің жетекшісі қызметтерін мүлтіксіз атқарды. Ал, ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі (1997-99), ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрі (1999), ҚР Білім және ғылым министрі (1999-2000) болған кезеңдегі Қырымбек Елеуұлының батыл бастамалары арқасында мемлекетіміздегі әлеуметтік сала жауапсыз оңтайландырудан еңсесін жиып, нарықтық қатынастарға бейімдеу мақсатында қыруар шаралар атқарылды, жалпы мәдени-рухани сала жаппай қысқаруданалғаш рет даму жолына бет алды. Денсаулық, білім және мәдениет салалары әлемдік озық тәжірибелер жолына алғашқы қадамдарын жасады. Сол кезде бір министірлікте бүкіл мемлекеттің бюджетінің 63%-ы орналасыпты.

Қ.Е.Көшербаев 2000 жылдан бастап үш жылдан астам Батыс Қазақстан облысының әкімі, екі жылдан астам Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшісі, алты жарым жыл Маңғыстау облыстарының әкімі секілді жауапты лауазымды қызметтер атқарды. Елбасының сарабдал саясатына қуатты қолдау білдіріп, республиканы алыс-жақын елдермен терезесі тең дәрежеге жеткізуге өлшеусіз үлесін қосты. Әсіресе, Қарашығанақты игеру, қазақ-ресей шекарасы туралы келісімге қол қою, Маңғыстауды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қаншама еңбек етуді талап етті десеңші...

Мемлекет басшысының ұсынысымен қай аймақта, қай салада қызмет етсе де оның еңбеккерлігі, талапшылдығы, іскерлігі мен әділеттілігі халықтың көңілінен шығып отырды.

«Ылдидан салса төске озған, ертеден салса кешке озған» деп Сыр сүлейлері толғайтындай, шашасына шаң жұқтырмайтынтұлпар тұрпатты тегеурініелді абырой биігіне көтерді.

Қырымбек Елеуұлы алты жарым жылдай туған топырағында басшылық қызметте болғанда ел еңсесін көтеріп, тұрмыс айтарлықтай

түзелді. Сөзімізге дәлел үшін сандарды сөйлетейік. Мысалы, осы өткен кезеңде 50-ден астам жаңа өнеркәсіп өндірісі іске қосылды, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 31,6% -ға (ҚР-11,9% - ға) артты, ЖӨӨ құрылымында өңдеуші өнеркәсіп үлесі екі есеге өсті. Бұл – экономика құрылымындағы өзгерістер қарқыны бойынша ел аймақтары арасындағы үздік көрсеткіш болатын.

Тәуелсіздік жылдары алғаш рет 2017 жылы облыста 500 мың тоннадан астам күріштің рекордтық көлемі жиналды, бақша өнімдерін Ресейге экспорттау қайта қолға алынды, 2017 жылы Иранға, Біріккен Араб Әмірліктері мен Моңғолияға көкөністер мен мал экспорттау басталды, ал, 2018 жылы мақсары майы алғаш рет Қытайға жіберілді.2013 жылы облыстан ауылшаруашылық өнімдерінің тек 3 түрі ғана (балық, күріш, кебек) экспортталса, 2018 жылы экспорттық өнімнің саны 15 түрге жетті. Мысалға балық аулау 6 жылда шамамен 2 есеге өсті,қазіргі таңда облыста 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, оның 4-і 2013 жылдан кейін салынды. Соның нәтижесінде осы жылдары балық өнімдерін экспорттау 10 есеге артты. Алты жыл ішінде 3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2013-2018 жылдары Қызылорда қаласының өзінде 15 жаңа шағын аудан салынды! Жан басына шаққандағы әлеуметтік шығындар (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау) бойынша облыс республика көлемінде 1-орынға көтерілді, 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

Қызылорда Ресейдің жетекші, маңдайалды техникалық жоғары оқу орындарында келісім бойынша Ресей Федерациясы Үкіметінің арнайы гранты есебінен 520 мектеп түлегіне білім алуға мүмкіндік жасаған республика бойынша жалғыз облыс, ал 2013 жылдан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, әсіресе, ауылдық жердегі балаларды оқытуға әкім гранты бөлініп келді. Өткен 6 жыл ішінде 69100 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 60 мыңы– тұрақты,жұмыссыздық деңгейі 5,2%-дан 4,8%-ға дейін төмендеді.

Қызылорда қаласы және облыстың 7 аудан орталығының 4-уі газдандырылды, аймағымыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі - халықтың 98%-ын қамтыды, осы кезде облыс халқының саны 53,5 мың адамға артты. Облыс республика бойынша көшбасшы дәрежеге көтерілді.

Әрине, ауыз толтыра айтатын табыстар бұлар ғана емес.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына соншалықты соны серпін беру аймақ басшысы тарапынан асқан ыждаһаттылықты қажет еткені белгілі. Бұған қоса, туған жерде басшылық жасау жауапкершілігінің жүгі де аса ауыр болса керек. Мұны әуежайда Қырымбек Елеуұлын Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметіне шығарып салып тұрып «Алтын домбыра» сыйлығының екі дүркін иегері, айтыс ақыны Мұхтар Ниязовтың «...біздер бірақ, қалай толық түсінейік, елді ойлап, жаныңыздың шер болғанын. Туған жерге қызмет етемін деп, ұйқыңыз, күлкіңіздің кем болғанын. Біздер үшін алты жыл уақыттың, Сіз үшін алпыс жылға тең болғанын» деген арнауының астарынан байқауға болады.

Осылайша, оның Елбасының сенімін, елдің үмітін ақтамаған кезі жоқ.Бұл пікірімізге ағамыз қызмет жасаған аймақтардан аузы дуалы елағаларының артынан бірнеше рет іздеп келіп, елдің алғысын жеткізген жарасымды жағдайлары куә. Қасиетті қазақтың топырағынан шыққан ғұламалардың бірі, фарабитанушы Ақжан әл-Машани «еңбек ету деген нәрсе ғылымсыз, білімсіз болмайды. Сондықтан ғылымды-білімді еңбек керек. Ғылым-білімнің толық түгел болуы сол білгенді іс жүзіне асырумен табылады» дейді. Ғұламаның осы тұжырымы тікелей Елеуұлына қаратылып айтылғандай. Өйткені, қоғамтанушы ғалым ретінде әлемдік дамудың басты трендтері мен оларды басымдыққа бағыттайтын тенденцияларды дер кезінде танып-біле алатын аналитикалық пайымдау қабілетінің арқасында өзі басқарған салалар мен облыстарды өршелене өрге сүйреп, биік белестерге алып шыға алды.

Білгенге-маржан, білмеске-арзан. Қандай да бір болмасын идеяны ойланбастан мақұлдап, қиналмастан мансұқтай салатын ұйытқыма көзқарас пен көзбояушы іскерліктің талай реформаның көзіне құм құйғанын жақсы білетін тәжірибелі қайраткер ретінде ол мемлекетіміздің мәртебесін көтерген бірнеше ұлттық жобалардың бастамашысы, ұйытқысы болды. Қырымбек Елеуұлы бойындағы бар асылын мемлекет ісіне, қоғам мүддесіне, ұлтымыздың мынау құндылықтары айнымалы жаһандану тұсында көштен қалмауы жолына сарқа жұмсап келеді. Оның ой-санасында елдік мүдделер мен перзенттік парыз біте қайнасып кеткендей.

Бар өмірі халықтың көз алдында болып, елімен бірге жасасып келе жатқан Қырымбек Елеуұлының мемлекет пен қоғамға жасаған есепсіз еңбегін, рухымызды шындап, намысымызды жанған

жасампаздығын бір мақала шеңберіне сыйдыру мүмкін болмас, әрине. Өмірі өнегеге айналған абзал ағамыздың адами мәнге толы ғұмыры үмітпен үкілеп отырған өскелең ұрпағымызға үлгі.

Алдағы уақытта ардақты елағасына мемлекетіміздің болашағы үшін Әбіш Кекілбай данамыз айтқандай,«нағыз адам жаратып, адам танушы, әлем жаратып, әлем танушы жаппар хақтың өзімен жарысқандай жанкешті жұмысында» толағай табыстар тілейміз.

Біздің осы мақаламен Қырымбек Елеуұлының мақтау сүймейтінін білсек те, ойымыз отаншыл жастарға өнеге болсын деген ниетпен Елдің Ерге деген құрметін көрсету ғана еді. Және бұл құрметтің жылдар жылжып өткен сайын артпаса, азаймасы әбден анық.

Н.К. МЫҢЖАС

Қызылорда облыстық

«Рухани жаңғыру» орталығының директоры,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

«Құрмет» орденінің иегері 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста