Алаш үні

“Өңірдегі барлық тұрғындардың өмірі 2 миллион 400 мың жылға қысқарды”: Семей ядролық полигонының зардаптары қандай болды

  • “Өңірдегі барлық тұрғындардың өмірі 2 миллион 400 мың жылға қысқарды”: Семей ядролық полигонының зардаптары қандай болды

    “Өңірдегі барлық тұрғындардың өмірі 2 миллион 400 мың жылға қысқарды”: Семей ядролық полигонының зардаптары қандай болды

Осыдан отыз жыл бұрын 29 тамызда Семей атом полигоны ресми түрде жабылды. Содан соң Қазақстан әлем елдері арасында алғашқы болып ядролық қарудан бас тартты. Қырық жыл бойы қазақстандықтар өз жерлері мен өмірлері, денсаулықтары үшін күресіп келді. Қазір бұрынғы полигон орны үлкен ғылыми зертханаға айналған. Ал ғалымдар жарылыстардан зардап шеккен жерді қалыпқа келтірумен, зерттеу жүргізумен айналысып жатыр. Семей полигонының қазақстандықтар үшін зардаптары қандай болды? 1991 жылы басылымдарда осы атаулы оқиға туралы не айтылды? Stan.kz редакциясы архивтік кадрлар мен мәліметтерді ұсынады.

Хиросимадағыдан 20 есе қуатты бомба

 
КСРО-ның Министрлер Одағы 1947 жылы әскери сынақтар өткізу мақсатында Семей ядролық полигонын құруға шешім қабылдайды. Екі жылдан соң 29 тамызда Семей қаласының батыс аумағында 140 шақырым жерде алғашқы атом бомбасы жарылады. Ал төрт жылдан соң алғашқы сутегі бомбасы сынағы жүргізіледі. Бұл АҚШ-тың Жапонияның Хиросима қаласына тастаған бомбасынан 20 есе қуатты күш еді. Оның салдарын қазақстандықтар алдағы қырық жыл бойы тартады. 

1991 жылы республиканың сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Ақсұлтан Аманбаев АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Италия және басқа да елдер қазақстандық медицина қауымдастығымен кездесіп, ұзақмерзімді оңалту жоспарымен, бұрынғы полигон аймағы болған территориялардағы халықты қалыпты өмірге қайтып келтіру жұмыстарын талқылайды. Онда АҚШ Қазқастанға 1 миллион доллор қаражат ұсынғаны айтылады.

“Бұл бағдарлама ауқымды материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қажет етеді. Осы жолда бізге 1 миллион доллар қаражат ұсынған АҚШ делегациясына алғысымызды білдіреміз. Әртүрлі елдің ғылыми тұрғыдан қолдауына үміттенеміз. Біріккен қолдаудың арқасында қырық жылдан астам жұмыс істеп келген Семей полигонының ауыр зардаптарын жоюға күш саламыз”, – дейді ол өз сөзінде (“Егемен Қазақстан газеті”, 1991 ж. 21 қарашадағы нөмірі).
Семейдегі бірінші және ең ірі полигонда 1949 жылдан 1991 жылға дейін 500-ге жуық ядролық сынақ жасалып, кем дегенде 616 термоядролық және ядролық құрылғылар жарылды. Ал 169 жер асты сынақтары мен 55 әуе және жер үсті жарылыстарының радиоактивті газы ядролық жарылыс аумағынан тыс жерлерге шығып кеткен.

Семей тұрғындары басқа аудандағы халықтан үш есе аз өмір сүрген

“Дәрігерлер ядролық соғысты алдын алу үшін” атты Халықаралық қозғалысының қазақ филиалының президенті С.Б. Балмұханов сол кездегі жағдай бойынша мынадай статистика келтіреді.

“Семей ауданында республикадағы басқа аудандарға қарағанда үш жылға аз уақыт өмір сүреді. Семей облысында 800 мың адам тұрса, 2 миллион 400 мың жылға өмірлері қысқарады”, – дейді ол. 

Сол жиында Хиросима қаласындағы атомдық сынақтарға қарсы қозғалыстың бас хатшысы қазақстандық мамандармен тәжірибе алмасу мәселесін көтерді. Ол өз еліне қазақстандық дәрігерлерді үш айға тәжірибе жинауға шақырады.

“Радиация әсерінен зардап шеккендерді емдеу бойынша пайдалы білім аласыздар деп ойлаймын”, – дейді ол.

Әрбір жерасты сынағы жүргізілген күннің ертесінде және содан кейінгі 3–4 күн бойына дәрігерлік мекемелерге әртүрлі шағыммен келген азаматтар саны әдеткі күндердегіден 3–4 есе көп болған. Сондай-ақ, полигонға тікелей тақау жерде тұратындар арасында, одан едәуір шалғай елді-мекендерде тұрушыларға қарағанда суицид 5 есе жиі кездескен.

1991 жылдары республикада иондалған радиация қалдықтарын шығаратын мыңнан астам кәсіпорын болған. Ел азаматтары оларда қауіпті қалдықтарды көмуге арналған уақытша “молалар” бар екендігін басылымдарда жазған.

“Тәжірибе көрсеткендей мұндай молалар сенімсіз. Сондықтан антиядролық қозғалыс ядролық қалдықтарды көметін республикалық аймақтың пункт құрылысын салу идеясын жақтайды. Бұл тұста қалдықтар республиканың тек өзінікі болуы тиіс. Басқа жақтан тасып әкелуге жол бермеу керек. Көмілген радиациялық қалдықтардың бақылаусыз қалуынан радиациялық фонның көбейіп кеткенін хабарлайды”, – деп жазылады “Егемен Қазақстан” газетінің 1991 жылғы желтоқсан айындағы санында.

“Қазахстанская правда” газеті 1991 жылы 21 қарашада шыққан сұхбатында қазақстандық азаматтың әскери қызметін өтеудің орнына Семей полигонында жұмыс істеген оқиғасын баяндайды.

“Адамдарға қарағанда қояндарға жақсырақ қарады”

Василий Мусин есімді азамат қырық бір жыл бойы әскери қызметінде немен айналысқанын ешкімге айтпайтын. Сол жайлы әңгіме қозғалса, туыстарына Орта Азия елдері туралы айтып беретін болған. 1944 жылы оны әскерге Түркістан әскери округіне шақырады. Жоғары жақтың шешімімен, 1947 жылы жазда өзімен бірге телеграф, кабель, телефонист мамандарды жинап бәрін Семейге апарады.

“Ол жақта шатыр астында үш ай тұрдық. Одан кейін Жаңа Семейге алып келді, ол жақта кішкене қалашық болған. Жердің астынан үй салдық. Айналада кең дала, суды сырттан әкеледі. Қыста дауыл мен суықтан жер астындағы үйден шыға алмай қалатынбыз. Көктемде басқа әскери бөлімшелер жүк тасымалдай бастады. Барлығы өте қатал құпиялылықпен жүзеге асты. Кімнің немен айналысатынын ешкім нақты білмеді. Тіпті неге бәрі осыншама құпия болуы тиіс екенін ешкім анық айта алмады. Бізге жер астынан ерекше аэродром салынады деп хабарлады. 

Осылайша, 1949 жылға дейін жұмыс істедік. Осы жылы солдаттар арасында күмәнді әңгімелер тарады, сонда әлдебір атом бомбасын сынақтан өткізейін деп жатыр екен деп айтылды. Арнаулы аймақта солдаттар мен офицерлер күнделікті бірнәрсемен айналысып жатқанын көріп жүрдік. Бірақ оның нақты екенін білмедік. Не үшін екені белгісіз, сиыр, қой, қояндар мен басқа да тірі жандарды алып келіп жатты. Құпия зертхананың ішіне орналастырды”, – дейді оқиға куәгері. 
Василий Мусин бомба жарылыстары болған уақытты да анық есінде сақтаған. Айтуынша, аспанда саңырауқұлақ тәрізді бұлт пайда болған.

“Алғаш бомба жарылған күні он алты шақырым жерде жұмыс істеп жаттық. Түстен кейін аспанда көз қаратпайтын жарқыл пайда болды, ағаштан жасалған нысандарымыз қозғалып кетті, әйнектері ұшып түсті. Біз ештеңе түсінбей далаға атып шықтық. Бәрі әрі-бері жүгіріп жүр екен. Шаңнан ба, түтіннен бе, аспанда биік баған тұрғандай көрінді, іші жалындап тұр екен. Одан кейін оның бейнесі саңырауқұлаққа ұқсап кетті. Штаб маңындағы ағаш үйлер, ғимараттар қирап қалды. Айнала шаң-тозаң. Біраз уақыт осы оқиғаны әңгіме еттік те, ары қарай жұмыс істеуге жөнелдік. Ешқандай медициналық тексерістен өткен жоқпыз. Алайда қоян, сиыр, басқа малды ғалымдар ерекше тексерді, бақылады. 

1951 жылға дейін жеті жыл жұмыс істеп шықтым, қызметім аяқталған соң үйге Семейден Павлодарға барам деп ойладым. Алайда мені бірінші Новосибирскке, одан соң үйге жіберді, осылайша, “ізімді” шатыстырмақ болды”, – дейді Василий Мусин естелігінде.

Полигонды ұйымдастырған әскерилер тұрған шатырлар мен кішігірім үйлер шағын қалашыққа айналған. Оны “Мәскеу – 400”, “Семей-21”, “Надежда”, “Берег” деп атаған. Ақырында қалшықтың аты советтік атақты физик Игорь Курчатовтың атымен “Курчатов” деп атала бастайды. 

Полигоннан зардап шеккен облыстарға қанша өтемақы төленді?

Сол жылдары орталық тарапынан Семей облысына 198 мың, Павлодар облысына 29 мың, Қарағанды облысына 23 мың сомға жуық өтемақы бөлген. Алайда оның өзі тиянақты өтелмей, халық наразылығын ашық айтқан.

“198 миллион сом өтемақы туралы біз таяуда ғана естідік. Ол ақшаны облыс, аудан басшылары халыққа айтпай құрылысқа жұмсағалы отыр екен. Соған орай Абай елі 28 маусым және 15 шілде күндері наразылық шараларын өткізді”, – деп жазды ашынған азаматтар. 

“Атом бомбасын ашық жару – өз халқына соғыс ашу”: Халық наразылықтары қалай өтті?

Қоғам белсенділері полигонды жабуға байланысты атсалысу әрекеттері үшін қысым көріп, қудаланған. 

“Қырық жылдан астам уақыт бойы атом полигоны ажал сеуіп, аяулы азаматтарымызды баудай түсіріп жатқанымен қоймай, тұқымымызды тоздырып, ұрпағымызды аздыруға айналды. Бірде-бір мемлекет өз халқына мұндай сынақ жүргізіп, қылмысқа бармаған шығар. Қалың елдің ортасына апарып, атом бомбасын ашық жару өз халқына соғыс ашқанмен бірдей емес пе?”, – деп жазды олар басылым беттеріне. 

Қазақстандық қоғам қайраткері, жазушы және ақын Олжас Сүлейменов "Невада-Семей" антиядролық қозғалыстың жетекшісі ретінде жойқын сынақтарға қарсы жаппай наразылыққа шығады.

Осы кезде халық наразылығының толқынында дүниеге келген “Невада Семей” қозғалысы республикалық, одақтық, әлемдік сипат алып, ірі-ірі акциялар өтеді. Оған Қарағанды шахтерлері де қосылған екен. 

“Демократиялы жолмен сайланған республика парламенті алғашқы сессияда-ақ ядролық полигонды жабу туралы қаулы алды. 
Полигон маңындағы халықты әлеуметтік жағынан қорғауға республика мүмкіндік жасауда. Зейнатақы туралы заңда полигон маңындағы адамдарды жеңілдікпен зейнетақыға шығару көзделген. Семей жеріндегі атом ажалханасының апаты Чернобыльден он есе асып түсетінін мойындау керек”, – деп жазылды “Егемен Қазақстан” газетінің 1991 жылғы жетоқстан айындағы санында. 

Назарбаев жарлығы мен “Невада-Семей” акциясы

1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы жарлық шығарды.

“..1949 жылдан бері ядролық қару сынау жүзеге асрылып келді. Осы уақыттың ішінде онда 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, оның өзі мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне нұқсан келтірді”, - деді ол жарлығында. 

Сондай-ақ, президент Семей, Қарағанды, Павлодар облысытарының сынақ полигонына іргелес жатқан аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуының, тұрмыс жағдайының, медициналық қызмет көрсетуін жақсартудың бағдарламасын бекітеді. 

Антиядролық қозғалысты жақтаушылардың белсенді және батыл әрекеттері мен жарлық арқасында Семей сынақ полигоны ресми түрде жабылады. Екі жылдан кейін еліміздің Жоғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау туралы шартты  ратификациялайды. 1994 жылы Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің толыққанды мүшесі болады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстаннан бөлек ядролық қарудан Белорусь, Украина, Оңтүстік Африкалық Республика бас тартқан.




Көрілген: 1300    Пікірлер: 0

сенбі, 28.08.2021, 16:07

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Қыркүйек, 19:29
    Тұран Одағын құру керек!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31