"Парламент - балабақша емес": Қазақстандық журналист депутаттардың жасына шектеу қоюды ұсынды
"25 жастағы "жағымпазданбай тамақ ішпейтін" балаға мәжілісте боқ бар ма? Как будто сол бір келелі ой, ұсыныс, пікір, талап айтатындай....", - деп жазды (тыныс белгілері мен орфография сақталған) Facebook парақшасында журналист.
 
Сәуле Әбілдаханқызы мәжіліске баратындардың жасы 35-тен төмен болмау керек деген пікірде. Оның ойынша, "парламент - әріп танитындар мен кнопка баса алатындар отыратын балабақша немесе бала-шағаңмен шұбырып баратын тойхана емес".
Оның сөзінше, парламент - білім, тәжірибе, мінез, ішкі-сыртқы саясатты, қолданыстағы заңды, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін жақсы білетін, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін терең білетін, мемлекеттің бүгіні мен болашағын зерделей алатын көкірегі ояу, мемлекетшіл, керек десең ұлтшыл азаматтар отыратын төр.
"Боқмұрындарды ол төрге оздыру қай топастан шыққан идея? 30% жастар деген сөз - оң-солын ажыратып үлгермеген, қазақты қытайдан айыра алмайтын, жыламай тамақ ішпейтін 25-тегі ләббәйшіл жағымпаз бозбалалар барсын деген сөз емес. Парламентке депутат болу үшін мемлекетке, кемінде, 10-15 жыл еңбек сіңіру керек. Қоғамдық мәселелерге араласып, елге пайдалы ұсыныстар мен талаптар қойып, жұмыс істеген, еңбегі сіңген адамдар ғана лайық", - деді Сәуле Әбілдаханқызы.
Журналист 25-35-тегі жастар жергілікті мәслихаттарда отыруы керек екенін атап өтті.
" Ал парламентке тәжірибелі кадрлар ғана бару керек! "Кадрлар бәрін шешеді", - деді ол.