Алаш үні

Педофилді жеңіл жазаға кескен 122-бап керек пе?

  • Педофилді жеңіл жазаға кескен 122-бап керек пе?

    Педофилді жеңіл жазаға кескен 122-бап керек пе?

 Оралда 12 жастағы қызды зорлаған А.Марченкоға судьяның қатысуымен өткен сотта алқабилер алқасының шартты жаза кесуі қоғамды дүр сілкіндірді. Бала құқықтарын қорғайтын ұйымдар мен кәсіби заңгерлер үкімнің заңсыздығын алға тартып, бұл іске прокуратураның апелляциялық өтінішхат түсіруін күтіп отыр. Бір айта кетерлігі, «Мой город» порталының мәліметінше, әу бастан сотқа іс Қылмыстық кодекстің 120-бабы, «Кәмелетке толмаған баланы зорлау» бабымен түскен, бірақ кейін Қылмыстық кодекстің 122-бабы, «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер» бабына ауыстырылған. Екі бап та азғындық пен қылмыс үшін жаза, бірақ неге екеуіне екітүрлі үкім шығады?

Жаза қылмысқа емес, жәбірленушінің моральдық келбетіне берілген бе?

«НеМолчи.kz» қоғамдық ұйы­мы­ның мәліметінше, 2018-2019 жыл­­­дары кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы қылмыстар едәуір азайған еді, бірақ соңғы уақытта бұл қылмыс түрі өршіп барады. Бұған не себеп? Мамандар мұның себебін сенім телефондарының жаңа жүйеге көшуімен қатар, педофилдерге бері­ліп жатқан жеңіл жазамен түсіндіреді. Жалпы, Қылмыстық кодексте бала­ларға қарсы сексуалды сипаттағы қылмыстарды реттейтін 4-5 бап бар. Атап айтсақ, 120-бап, Бала зорлау; 121-бап, Нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері; 122-бап, 16 жасқа толмаған адаммен жыныс­тық қатынаста болу немесе нәпсі­құ­марлық сипаттағы өзге де әрекеттер; 123-бап, Жыныстық қаты­нас жасау­ға, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жа­сауы­на немесе нәпсіқұмарлық си­пат­­тағы өзге де әрекеттерге мәж­бүр ету; 124-бап, Жас балаларды азғын­дату. Бұл баптардың ең осалы – 122-бап. Бұл баптан басқасының бәрінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал ҚК-тің 122-бабы бойынша бас бостандығын шектеу ғана көзделген?! Яғни, қылмыскер шартты түрде сотталып, бостандықта жүреді. Шындап келгенде, Бас про­ку­ратура жария­лаған «Педофил­дер карта­сынан» дәл осы баптың жиі қолданылғанын байқаған едік. Тіпті, кезінде 5 жасар баланы зорлаған 78 жастағы кісінің де егде жасын есепке алып, шартты түрде соттаған еді. Ал Оралдағы педофилия қылмы­сы бойынша сотталушының кәмелет жасына толмаған баласы бар екен. Мұны да алқабилер ескерген көрі­неді. 

Бала құқығын қорғайтын ұйым өкілдері өткен ғасырдың 1959 жыл­дары қабылданған Қылмыстық ко­декс­ке түбегейлі өзгерістер қажет дейді. «НеМолчи.kz» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дина Таңсәрі ең алдымен істің сотқа дәрежесі ауыр баппен түсіп, ауырлығы орташа бапқа ауыстырылғанына наразы. Ал қоғамды шулатқан үкімге байла­нысты БҚО қылмыстық істер жө­нін­дегі мамандандырылған ау­данара­­лық соты әлеуметтік желідегі парақшасында «жазаны алқабилер тағайындады» деп ат-тонын ала қашып отыр. Журналистермен өт­кен онлайн брифингте судья Шара Зайнуллина: «Істі қарау барысында алқабилер алқасы басым дауыспен жәбірленушімен жыныстық қаты­нас оның келісімімен болды деген ұйғарымға келді. Жәбірленуші өзі­нің физикалық және психикалық дамуына қарай жыныстық қарым-қатынастың не екенін түсінді. Сот­талушы зорламады, керісінше, 16 жасқа толмаған адаммен келісім бойынша жыныстық қатынас бол­ды», – деп мәлімдеген еді. Судьяның істі бұлай түсіндіруі «Немолчи.kz» қоғамдық қоры өкілдерін алаңдатып отыр. Олардың айтуынша, бірін­шіден, істі ҚК-тің бір бабынан екін­ші бабына ауыстырған алқабилер емес, судьяның өзі. Қылмыстық-процестік кодекстің 656-бабының, 11-тармағына сәйкес, «судья сотта­лушының іс-әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі­нің тиісті бабы бойынша саралауды алқабилердің қатысуынсыз анық­тайды» делінген. Яғни, бар дау осы жерден басталған.

Екіншіден, қоғамдық ұйым өкіл­дері «заң осал, баламен 14 жасқа дейін ғана емес, 16 жасында да, 17 жа­сында да жыныстық қатынасқа түсуге болмайды» деп наразылық танытып жатыр. Ал «12 жастағы қыздың «келісімімен» жыныстық қа­ты­насқа түскен А.Марченко мұның қылмыс екенін білмеді ме? Құқықтанушы Дина Таңсәрі бұл істі қайта қарау қажет дейді:

– Неге біздің соттар жәбір­ленушінің моральдық келбетіне қатты қарайды? Қылмыскердің аз­ғындық қылмысына көзін жұмып қарау үшін бе? Бес жасар балаға да секс туралы әдемі әңгіме айтып, кейін оны азғындық, нәпсіқұмарлық әрекеттер үшін пайдаланған дұрыс па? Бұл жерде бала өзін азғындық қылмыс үшін пайдаланғанын түсін­бейді де, ал қылмыскер өзінің жасап отырған қылмысы қатаң жазала­натын зорлау емесін біліп, баланы өзінің теріс мақсаттарына пайда­ланады. Ал мұндай азғындықты басынан кешкен баланың ертеңі не болады? Егер ересектер баланың психологиялық күйзелісін, жан жарасын емдемесе, онда жасөспірім үйден қашып, ұстарамен денесін жарақаттап, үнемі үлкендерге қарсы шығып жүреді, – дейді. Дина Таңсәрі судьяларға төтесінен сауал қояды: «Сонда жыныстық қатынастың не екенін түсінетін 11 жастағы қыз бастан өткен жағдайға өзі жауапты ма?»

Әлеуметтік желіде Жоғарғы сот өкілдері де әділетсіз үкімге алқаби­лерді кінәлап отыр. Ал қоғам бел­сенділері мен заңгерлер қазір ақта­латын заман емес, әлі де күшіне енбеген үкімді жойып, педофилге қатаң жаза тағайындау қажет дейді.

Алқабилер институты – дәрменсіз құрылым ба?

Сотқа, құқық қорғау орган­дарына түбегейлі реформа қажет деп санайтын заңгер Ләззат Кенде­байқызы қыркүйекте депутаттарға осал заңды қатайтатын ұсыныстары­мен шықпақ ниетте. Оралдағы кәме­лет жасына толмаған балаға қарсы қылмыс жайында Ләззат Кендебай­қызы:

«Ата-анасының, не қорғау­шысының келісімінсіз кез келген құқық­тық салдары бар әрекет жа­сауы – заңсыздық боп танылатын кәмелетке толмаған баланың ересек адаммен жыныстық қатынасқа келі­сім беруі – заңға қайшы бола­тыны неге қылмыстық заңнамада еске­ріл­меген? Тап сол заңда көзделмесе, сол заңның аналогиясы қолданылуы керек емес пе? Ол жайттар неге педофилге жаза тағайындалғанда ескерусіз қалған? Алқабилер кәсіби судьяның қатысуымен үкім шығара­ды. Сол кезде судья заңның осы қағидаларын ескертуі тиіс еді. БҚО-дағы заңсыз үкімге алқабилердің ғана емес, соттың да тікелей қатысы бар деп есептеймін», – дейді.

Оралдағы «педофил ісі» бойын­ша кімдер алқаби болды? Заң бойын­­ша, 25 жасқа толған, өтел­ме­ген немесе алынбаған соттылығы жоқ, судья болып және құқық қорғау орган­дарында жұмыс істемейтін ел азамат­тары алқаби бола алады. БҚО-дағы сотталушы А.Марчен­коның сотында 10 адам алқаби болған, оның 7-уі – әйел, 3-уі – ер азамат. Заңгер Ләззат Кендебайқызы балаға қатысты іс-әрекеттің бәрі ауыр дәрежедегі қыл­мыс болып са­ра­лануы қажет деген пікірде. Ол, сондай-ақ алқабилер инсти­тутына сын көзбен қарайды.

– Жалпы, алқабилер соты маған о бастан-ақ ұнамаған. Қажеті жоқ дүние. Әйтеуір, әр елге еліктеп біреу­­дің қаңсығын таңсық етіп отыра­мыз. Түкке тұрғысыз тәжірибе енгізіп, оған қыруар қаржы бөле­міз, – дейді. Заңгердің айтуын­ша, алқабилер кәсіби заңгер емес, заң нормаларын білмейді. Бұрын-соңды қылмыскермен жұмыс істемеген соң, олардың психологиясын түсін­бейді. Жылап, еңіреп отырған сотта­лушыға сеніп, эмоцияға берілуі мүм­кін. Себебі темір торға түскен адам қандай жолмен, айла-әре­кетпен болсын, бостандыққа шығу­ды ғана ойлайды.

Түптеп келгенде, елімізде 2007 жыл­дан бастап енгізіле бастаған алқа­билер сотын қазақтың көне тарихында болған билер сотымен де салыстырған билік өкілдері де та­был­ған болатын. Бүгінде Қыл­мыстық кодекстің кейбір баптары­нан өзге аса ауыр қылмыстық істерді қарай алатын алқабилер соты педофилдерге қатысты неге жұмсақ үкім шығарады? Мұны мамандар судьяға тәуелділігімен де түсіндіреді. Баспасөзді шолып көрсеңіз, еліміз­дің түкпір-түкпірінде судьяның қы­сым жасап, ақтау не жазалау үкі­мін шығаруды талап еткен кездері де жария болған.

Қоғамда сот жүйесіне, құқық қорғау органдарына сенім азайып бара­ды. Жақында танымал саясат­кер Мұрат Әбенов Facebook парақ­ша­сында: «Қапшағайда күдікті педо­­филді басынан атып, өлтіріп кеткен. Бұл ақшаға сатылатын сот жүйесіне белгі болуы керек» – деп жазған еді. Расында да, соңғы жыл­дары елімізде заңның осалдығы, судья біліксіздігінің кесірінен ел аза­мат­тары балаға қарсы қылмыс жасаған­дарды өз қолдарымен жаза­лау әре­­­­кетіне көшкен сияқты. 2016 жы­лы Түркістан облысында кәме­лет жа­сы­на толмаған бала бірінші сынып оқушысын зорлады деген ақпарат тарап, ауыл тұрғын­дары күдікті тұра­тын ауылға баса-көктеп кірмек болған. Жол-жөне­кей үйлер мен көлік­терді өртеген. 2017 жылы аста­нада алты жасар қызды шешін­діріп жатқан еркекті байқап қалған бір топ жұмысшы азғынды ұстап алып, аямай соққыға жыққан. Сәт­баев қаласы мен Балқашта да ұсталған педофилдерді полиция өкілдері ұрып-соққан. Биыл Ақтау­да бір топ жігіт күдіктіні ұрмақ болып үйінің маңын­да жиналған. Маман­дар пе­до­филдерді жазадан «құтқарып отырған» Қылмыстық кодекстің 122-бабын қолданыстан мүлдем алып тастауды немесе оған қатаң өзгерістер ен­гізуді ұсынады. Дәл осы баптың үкімі халық нара­зы­лығын туғызып отыр.

Кәмшат ТАСБОЛАТ

aikyn.kz




Көрілген: 950    Пікірлер: 0

сейсенбі, 25.08.2020, 20:39

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    8 Қазан, 10:30
    Ақылдың кені
    6 Қазан, 10:30
    АЛТЫН ОРДА АҚИҚАТЫ
    1 Қазан, 10:39
    ЖҰМАТАЙДЫҢ ЛӘЙЛАСЫ
    22 Қыркүйек, 15:31
    Қалай жазғанымыз дұрыс?..
    21 Қыркүйек, 10:27
    Ол махаббат əні еді!
    11 Қыркүйек, 08:53
    Ташкентте болған той
    7 Қыркүйек, 10:27
    Қазақтың қайсар Қасымы
    24 Тамыз, 15:32
    Атасының баласы...
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт
    10 Шілде, 15:16
    Әуезов Америкада
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31