Алаш үні

Сенаторлар "Көрісу күні" арқылы Наурыз мерекесін бөлшектемек пе?

  • © abai.kz

    © abai.kz

2019 жылғы 19 маусым күні Нұр-Сұлтандағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Дөңгелек үстел» деп аталған басқосу өтті. Күн тәртібіндегі мәселе «Көрісу дәстүрін (амал) Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне енгізу мәселесін қоғамдастықпен, азаматтық қоғам өкілдерімен және депуттармен бірлесіп пысықтау туралы» деп көрсетіліпті.


Негіздеме:


ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Маминге жолдаған сауалы (18.03.2019 ж. № 15-13-72 д/с) және ҚР Үкіметінің 10.04.2019 жылғы № 20-8/662 дз тапсырмасы екен.


«Дөңгелек үстелге» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, депутаттық корпустың, мәдениет ұйымдарының, зиялы қауымның біраз өкілдері шақырылған екен. Өкінішке қарай, олардың басым көпшілігі келген жоқ.


Жиынды ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева ашып, жүргізіп отырды.


Алғашқы сөз Атырау облысынан сайланған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Құрманұлы Еңсегеновке берілді.


Сенатор кіріспе сөзін өзінің Парламентте отырғанына он жыл толып отырғанын, алғаш депутат болған кезде жасы 45-те болса, қазір 55-ке келгенін мақтаныш сезіммен айтып алды да, содан кейін «дөңгелек үстелге» шақырылған қонақтарды сенаторлар М. Жұмағазиев, М. Тағымов және Н. Төреғалиевпен бірге төртеуі қол қойған, ҚР Премьер-Министрі А.Ұ. Маминге арналған, осыдан үш ай бұрын, яғни 2019 жылғы 14 наурызда жолданған депутаттық сауалының мазмұнымен таныстырып шықты.


Депутаттық сауалда төрт сенатор «Қазақ елiнiң батыс өңiрiнде сан ғасырлардан санамызға сiңiстi болып, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып, бүгiн де кеңiнен аталып, болашақта да үзiлмейтiн атаулы күннiң бiрi, әр жылдың он төртiншi наурыз күнi тойланатын «Көрiсу мерекесi» екенін таратып жаза келіп, Үкімет басшысынан «халқымыздың салт-дәстүрін қолдау және оны дәріптеу мақсатында 14 наурызды «Көрісу күні мерекесі» деп белгілеу жөнiнде» ұсыныс енгізген және «тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруді» өтінген.


Бізді таң қалдырған бір жайт – жиынды басқарып отырған Үмітхан Мұңалбаевадан бастап, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов және тағы басқа сөз сөйлеушілер күн тәртібіндегі мәселеге байланысты халқымызда бұрыннан келе жатқан келіннің сәлем салуы және басқа да салт-дәстүрлер тек қана Қазақ елiнiң батыс өңiрiнде ғана сақталып қалғандай, ал басқа аймақтардың тұрғындары мұндай ұлттық ерекшеліктерімізден мақұрым қалғандай етіп баяндағандары болды.


Мынадай біржақты, сыңаржақ пікірге шыдай алмай, арнайы шақырылған қонақ және азаматтық қоғамның өкілі ретінде біз де өзіміздің ой-тұжырымдарымызды ортаға салып, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары С. Еңсегенов, М. Жұмағазиев, М. Тағымов және Н. Төреғалиевтің 14 наурызды «Көрісу күні мерекесі» деп белгілеу және оны кәсіби және өзге де мерекелiк күндер тізбесіне енгізу туралы бастамаларына үзілді-кесілді қарсылық білдірдік.


Мемлекеттік деңгейде 14 наурызды «Көрісу күні мерекесі» деп белгілеу жайындағы бастамаларға қарсы болып жүрген ағайындар аз емес.


Бір ғана мысал келтірейік.


Осыдан бес жыл бұрын abai.kz ақпараттық порталында «Көрісу күні» дейтін қазақ этнографиясында күн жоқ!» атты ғылыми-танымдық мақала жарық көрген еді.


Мақала авторы этнограф Серік Ерғали уикипедияда және басқа да еңбектерде жарияланып жүрген «Көрісу» туралы мәлімет шындыққа сай емес екенін айта келіп: «Наурыздан бөліп алып, тағы бір мерекенің ұшын шығару ұлттық құндылықты бұрмалау», - деп жазды.


Біз де этнограф Серік Ерғалидың осы тұжырымдамасын қолдай отырып, жоғарыда аты-жөндері аталған сенаторлардың Үкімет басшысына жолдаған ұсыныстарын «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 267-ІІ Заңында мемлекеттік мереке деп белгіленген Наурыз мейрамынан бөліп алып, халқымыздың ұлттық құндылықтарын бұрмалау деп есептейміз.


Біріншіден, дәл қазіргі кезде қазақ қоғамында 14 наурызды «Көрісу күні мерекесі» деп белгілеп, оны кәсіби және өзге де мерекелiк күндер тізбесіне енгізуге деген соншалықты қажеттілік те, сұраныс та жоқ! Ертеңгі күні ондай мемлекеттік мерекелерді жер-жерлерде лайықты дәрежеде атап өту үшін бюджеттің қаржысы да аз жұмсалмайтыны тағы бар.


Оның үстіне «көрісу» ұғымының мән-мағынасы да әр жерде әртүрлі. Мәселен, оңтүстік өңірінде «көрісу» деп қайғы жамылып отырған жандарға жылап, құшақтасып, көңіл айтуды айтады (Құдай сақтасын ондай «көрісуден»!). Бала күнімізден санамызға солай сіңіп кеткен. Орта жасқа келгенде өз басым «Көрісу күні мерекесі» дегенді қанша жерден тырыссам да, мүлдем қабылдай алмаймын!


Екіншіден, егер Парламент сенаторлары Үкіметтің алдына маңызды депутаттық сауалдармен талап қоямыз деп жатса, дәл бүгінгі күні қазақ қоғамын толғандырып отырған одан да өткір, шешімін күткен өзекті мәселелер жетіп артылады!


Атап айтсақ, алыстағы қазақ аудандары мен ауылдарының аянышты ахуалы, қалаларға үдере көшкен, көп жағдайда жұмыссыз және үйсіз-күйсіз жүрген жастарымыздың мүшкіл жағдайы, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың талап-тілектері, қоғамды дендеп алған жемқорлық, жас ұрпаққа сапалы білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау мәселелері және тағы басқалар.


Үшіншіден, халқымыз үлкен сенім артып отырған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өздері туып-өскен тек белгілі бір өңірдің ғана емес, бүкіл ел-жұртымыздың жанашыры болуы қажет!


Сенаторлар онсыз да алдағы күндерге айрықша алаңдап отырған қазақ халқын жер-жерге, ру-руға, жік-жікке бөлмей, керісінше, бәрімізді ортақ іске жұмылдырып, біріктіретін мәселелерді көтеруге тиіс!


Айтпақшы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен осы жиынның бас кезінде шабыттана сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов өз ұсыныстарына азаматтық қоғам өкілдерінен қарсы пікірлер естиміз деп ойламаған болса керек, мәселені талқылау кезінде басқосудың соңына дейін үндемей отырды да қойды.


Қысқаша анықтама:


Еңсегенов Сәрсенбай Құрманұлы – Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің хатшысы.


Атырау облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.


1963 жылы 26 наурызда туған, қазақ, білімі жоғары. Гурьев педагогика институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. Тарих, қоғамтану және совет құқықтану пәндерінің оқытушысы, заңгер. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. «Құрмет» орденімен, алты медальмен марапатталған.


Жұмағазиев Мұхтар Сабырұлы – Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі. Сенат депутаты болып Ақтөбе облысынан сайланған. 1956 жылы 5 желтоқсанда туған, қазақ, білімі жоғары. Алматы зооветеринария институтын, Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Зооинженер, экономист. Ақтөбе облысы Исатай, Қобда, Қарғалы, Ойыл аудандарының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Тағымов Марат Мырзағалиұлы – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.


Ақтөбе облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 1952 жылы 7 қаңтарда туған, қазақ. Білімі жоғары. Қазақ химия-технология институтын бітірген, инженер, химик-технолог. Ақтөбе қалалық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Ақтөбе облыстық әкімшілігі аппаратының бөлім меңгерушісі, Мәртөк ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Алға ауданының әкімі, Ақтөбе облысы ішкі саясат департаментінің директоры, Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген. Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және мерейтойлық медальдармен марапатталған.


Төреғалиев Нариман – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі. Сенат депутаты болып Батыс Қазақстан облысынан сайланған.


1964 жылы 19 шілдеде туған, қазақ, білімі жоғары. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын, Каспий қоғамдық университетін бітірген. Инженер-экономист, заңгер. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының әкімі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Орал қаласының әкімі болып қызмет атқарды. «Құрмет» орденімен марапатталған.


Мырзантай Қожабайұлы Жақып

Abai.kz




Көрілген: 1685    Пікірлер: 0

бейсенбі, 20.06.2019, 17:27

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    12 Желтоқсан, 17:55
    Желтоқсанның батырлары
    6 Қараша, 15:30
    ҚАЗАҚ ҚҰЛ БОЛМАҒАН…
    28 Қазан, 12:48
    УӘДЕ ДЕГЕН НЕ?
    19 Қыркүйек, 16:41
    Абай іздеген ұлт бақыты...
    4 Қыркүйек, 11:47
    Г.Бельгер: "Оян, қазақ!"

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31