Алаш үні

Шәкәрім ақынға қатысты тарихи мекендер

  • Шәкәрім ақынға қатысты тарихи мекендер

    Шәкәрім ақынға қатысты тарихи мекендер

Бар қазаққа белгілі Абай Құнанбайұлының інісі әрі әдеби ақындық мектебінің көрнекті шәкірттерінің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі кейінгі жылдарда жиі аталып, ғылыми мақалалар үсті-үстіне жарияланып келеді.

Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан шәкәрімтану ғылымында ақын есімі мен оның шығармаларымен қатар аталатын тарихи елді мекендер жетерлік. Биыл елден жыраққа кетіп, елсізде жатып шығармашылық жұмыспен айналысып, Саятқорасынан сая тауып, аң қағып, құс атқан, бойына сан өнер тоғысқан Шәкәрімнің жалған жала жабылып, қаза тапқанына 90 жыл толып отыр. Осы орайда біз де ғылыми еңбектер мен арнайы энциклопедияларда атауы ғана көзге шалынып, көңілге ыстық сезілетін Шәкәрімге қатысты тарихи жерлерге табан тіреп, көзбен көріп қайтқан едік.
Еш кетпеген еңбек демалысымыз­дың сонау бір күндерінде ақын өмірінің тарихи кезеңдерінің куәсіндей болған Шыңғыстау ішіндегі бұл жерлерге арнайы бармасаңыз, жай жүргіншінің мұнда жолының түсуі де сирек екенін ойға алдық. Алдымен жолымыз түсіп, дәл қазір тілге тиек етеріміз кемеңгер ақын 1858 жылы 11 шілдеде Шәкәрім Құдайбердіұлының кіндік қаны тамған Кеңбұлақ жайлауы. Бұл – Шыңғыстағы ауқымы кең жайлаулардың бірі болған Құнанбай әулетінің үрім-бұтағы емін-еркін ен жайлаған құтты қоныс. Бүгінде Абай ауданы мен Аягөз аудандарының шектесіп, түйіскен тұсы осы. Атақты Байқошқар өзені мен Балашақпақ тауының ортасындағы қоныс. Шың­ғыс­тың төр жайлауы саналатын Кең­бұлақ Балашақпақ тауының шығысы мен Байқошқар өзенінің батыс жағынан орын тепкен. Осыдан қамшы сілтер қапталға қарай жүрсеңіз, үш метрдей жерде Шәкәрімнің Қарабұлақ жайлауы да осында.

– Жапанда жалғыз жаттым елден безiп,

Жалықсам, аң қараймын тауды кезiп, – деп ақын өзі жырға қосқанын­дай, елсіз тау ішіндегі иен дала шын мағынасында зеріккен адамның жанына бір түрлі жылылық сыйлайды екен. Бұл – біздің Шәкәрім мекен еткен Саятқорада тұрған сәттегі көңіл күйіміз. Саятқора – данышпан Шәкәрімнің соңғы жылдарының, шығармашылық ізденіс пен елдің қақ-соғынан оңаша күй кештірген қасиетті орны. Халық жадында сақталған, философиялық толғам­дарының барлығы да дәл осы жерде хатқа түсіп, қазақ қауымының қазы­налы әдебиетінің қамбасын байытқан.

 
Саятқора – Шыңғыстың жайлау тау­лары­ның бірі Шақпақтағы Қара­бұлақ басына қыста аң аулап, оңаша­лық­та шығармашылықпен айналысуға арнап саман кірпішпен салғызған жайдың орны. Саятқора Шәкәрімнің ең соңғы мекені саналады. Қыстағы қар мен боран-шашын, жаздағы жаңбыр-бұршақ пен желдің өті сияқты табиғат тылсымынан қалған Саятқораның бір жарымдай дерлік қабырғасы сақтаулы тұр. Мұнда Абай ізін жалғаған ақынның «Айсұлу-Нартайлақ», «Ләйлі-Мәж­нүн», «Мұтылғанның өмірі» поэмалары, «Боран» секілді ірі аудармалық шығармасы, «Әділ-Мария» романы, «Шын бақтың айнасы», «Мен жетпіс екі жасқа келгенде», «Мұсылмандық белгісі», «Мәнді сөздер» сынды таңдау­лы туындыларының хатқа түскені тарихтан белгілі дүние.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шыңғыстау ішіндегі Шақпақ тауының бауырында, Жыланды өзені мен Ділдә өзенінің түйісер тұсындағы биік жота Керегетас деп аталады. Жотаның шығыс жақ іргесінде керегі бітімдес һәм соған ұқсас тұтас қабырға бар. Осы себепті де жота Керегетас деген атауды арқалаған. Көз тоймайтын көрініске өте бай жер екен.

Керемет табиғаты көңіл марқай­тады. Тай өзені, Жыланды өзені, Бота­қан өзені бір сала болып жалғасып кете береді. Әкесін атын ақтауға барын салған ойшыл ақынның баласы Ахат Шәкәрімұлы:

– Тай мен Шақпақ арасы,

Керегетас саласы.

Жер күңіреніп сілкінді,

Сарыарқаның даласы, – деп айтатын Керегетас, міне – осы. Керегетас­тың бауыры терең қара су, қабыр­ғаларында адам сыятын үңгір де бар. Осы жерде, яғни Керегетаста 1931 жылы 2 қазан күні ОГПУ жендеттерінің қолынан нақақтан-нақақ Шәкәрім қажы оққа ұшып, көз жұмады.

Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты тарихи жерлердің бірі – Бақанас елді мекеніндегі Құрқұдық. Бұл жердің ескі атауы Рамазан ауылы көрінеді.

– Бақанас, Байқошқардың көп сабазы

Жиып ап қыран бүркіт, жүйрік тазы,

Еңбекші ұйым болмай, аңшы болып,

Ойда жоқ бидай менен шөптің азы, – деп жырлаған осы Бақанас өзенінің бойынан орын тепкен Құрқұдық Шә­кәрімдей сүйегі асыл жанның ұлы денесін ит-құсқа да жем қылмай бауырына басып, табиғаттың мейірі­мін танытқан еді.

Жалған жазаға ұшырап, жаназасыз құдыққа тасталған Шәкәрім мүрдесі осы Құрқұдықта 30 жыл бойына елеусіздеу қала береді. Құрқұдық болмағанда сайда саны, құмда ізі қалмаған қазақ түсінігіндегі қанға аяулы есіммен бірге оның сүйегі де шашылып қалар еді.

– Толғанып ақын айтар әрбір затты,

Сөзімнің іші жұмсақ, сырты қатты.

«Алпыс жыл аңшы болып алжыған шал,

Дейсіңдер, – бізге айтады насихатты», – деп толғаған ақын сүйегі, міне дәл осы Құрқұдықтан осыдан 60 жыл бұрын қазылып алынып, Шәкәрімнің ұлы Ахаттың алқауымен Жидебай жеріне, хакім Абай қасына жерленеді. Бұл Құрқұдық қазақ халқы үшін қасірет пен қасиеті қатар өрілген тарих таңбасы болып есте сақталмақ.

Шәкәрімге қатысты осынау Шың­ғыстау ішіндегі тарихи жерлерді естіп, кітаптан оқып жүрсек те, көзбен көргенге ештеңе жетпейтінін ұқтық. Шәкәрімге және оның айналасына қатысты тарихи жерлерді танып, оны жұртшылыққа жария ету руханиятқа бейжай қарай алмайтын адамның парызы. «Жер әңгімеші болған соң ел әңгімеші» деген Мұхтар Әуезов сөзі көңілге беки түспек.

Нұржан БОРАНБАЕВ,
Абай музейінің жетекші
ғылыми қызметкері




Көрілген: 1430    Пікірлер: 0

сенбі, 23.10.2021, 09:29

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    22 Қазан, 08:25
    Шыңғыстаудың Шәкірі
    30 Қыркүйек, 19:29
    Тұран Одағын құру керек!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31