Алаш үні

Шен үшін арын да, барын да сатқандар ұрпаққа қандай мұра қалдырмақ?

  • © aikyn.kz

    © aikyn.kz

Ұлттық құндылық – ұлттың тірегі. Сол тіректі арқау ететін әр ұрпақтың өмір сүрген уақытына қарай өзіне жүктелетін тарихи еншісі болады. Аға ұрпақ соған адал болуы арқылы келешек ұрпақтың адаспай өмір сүруіне жол ашып, бағыт-бағдарын да айқындап беріп отырады. Ал қазақ халқының ұлттық құндылықтарының ішіндегі ең асылы – ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсетіп, ел дәстүрін сақтау. Тек бұл ұрпақтан ұрпаққа мұрты бұзылмай ауысса ғана сол ұлттың ұлттық құндылығы сақталғаны.


Олай дейтініміз, біздің ата-бабамыздың өмірі өнегелі өрбігені белгілі. Бұған ешкімнің таласы бола қоймас. Бірақ қазіргі өміріміздің күйін ұлттық құндылықтардың жалғасуы деп те ешкім айта алмас. Ұлттық құндылық жоғалған жерде қуаныш та, шаттық та, болашаққа деген сенім де азая түседі. Шаттық болмаған жерде мол байлықтан не қайыр? Тіпті сол байлықтың өзі ұлттық құндылық жоқ жерде қайғыға айналуы да ғажап емес. Мәселен, АҚШ-та миллиардерлер саны біртіндеп көбейіп келеді. 2010 жылы олардың саны 490 болса, 2017 жылы 747-ге жетіпті. Олардың жиған-терген байлығының көптігі сонша, ол тек балалары мен немерелеріне ғана емес, сонымен қатар шөберелеріне, шөпшектеріне, тіпті неменелеріне де жетіп, артылады. Ал олар осы байлықтарының молдығына байланысты дамыған медицинаның жетістіктерін пайдаланып, 100 жасқа дейін өмір сүруді көздейді. Сондықтан бұл байлар өздерінің мүліктері мен компанияларын өмірлерінің соңғы сағаты соққанша қадағалап отырмақшы. Өйткені олар бұл дүние-мүліктерінен көз жазып қалуға қорқады екен. Ия олардың бәрінің бойларын үрей билеп алыпты. Неге дейсіз бе? Айтайық. Көпшілігінің ұрпақтары олардың қолынан байлық қашан таяды деп асыға күтіп отырған көрінеді. Ұзақ жасағандарына шыдамдары жетпей, сосын қартайған ата-аналарын соншама байлықты игеруге қабілетсіз, жарамсыз деп сотқа сүйрейді екен. Ал байларға өздерінің байлықтарын, яғни орасан мол дүние-мүліктерін әлі де игеріп отыруға қабілеттері жететіндерін үнемі дәлелдеулеріне тура келеді. Осылайша орасан бай адамдар мен олардың жақын туған-туыстарының арасында мол дүниеге көз алартқан күрес ашық кеткен. Тек жоғарыда аталған байлардың 18%-ы ғана егер көз жұмып жатқан жағдайда дүние-мүліктері кімге берілетіндігі жөнінде нақты жазып қойыпты. Бірқатары балаларына емес, өзге компанияға байлықтарын сақтауға сенім хат жазған екен.


Көрдіңіз бе, бұл байлардың қартайғанда балаларына, немерелеріне сүйеу артып, өмірін қолдарына тапсыруға сенімі де қалмаған. Ал енді олардың ажалын күткен тума-туысқандарының арасында бірге болудың қандай қуаныш, шаттығы бар дейсіз. Шаттық жоқ жерде нендей байлығыңыз да, қуаныш сыйлар ақ көңілдің орнын баса алмайды. Сондықтан ұрпағының ұлттық құндылықтармен тәрбиеленуіне мән берген ата-бабамыздың өмірі – рухани байлықтың көзі бекер айтпаймыз. Қартайған ата-ананы ажалы жеткенше мәпелеп күту, сыйлау, құрметтеу – ата-бабамыздан бізге жеткен баға жетпес құндылық. Ал оны жоғалтып, байлықты қарақан басының қамы үшін ғана жиып қоюдың арты жалғыздық пен қасіретке соқтырады. Бұдан сақтанудың жолын түсіндіре келген Абай атамыз бар қазақтың қамын ойлап кезінде де, қазіргі де ұлттық құндылықтан ажыраған жандарға қарата айтқандай: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» деген екен.


Жоғарыда аталған ұлттық құндылықтардан ажыраған жандардың «қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз» деп ойланғаны жөн. Әйтпесе шен-шекпен үшін арды да, барды да сатып жалған атақ қуу ұрпаққа мұра болмайды. Тіпті бар байлық та көңілдің жайма-шуақ шаттығына жеткізе алмайды екен. Оған жұрт арасында айтылатын мына бір аңыз әңгіме әбден дәлел ме дейміз. Үйінен қуаныш таба алмаған соң, алаңсыз шалттықты аңсаған бір бай күндердің бір күнінде қоржынын бар алтынына толтырып алып, шаттық іздеп жолға шығыпты. Тау асып, тас басса да өзі іздеген дүниесін таба алмапты. Оның үстіне қоржын толы алтыны оның жолдағы әурешіліктерін барынша көбейтіп, қарс адым аттап басу мұңға айналған екен. Содан алтынын арқалап, анда барса да, мында келсе де ұйқысыз түндер мен мазасыз күндерден әбден қалжырапты. Бір күні бар алтынын арқалап келе жатқанда жайбарақат жұмысын істеп, көңілдене ән салып жүрген бір шаруаға кездеседі: «Әй, шаруа, сен неткен көңілдісің? Мен сол көңілді өмірді іздеп алтын толы қоржын арқалап жүрсем де, таба алмадым. Оның сыры неде?» депті ентігіп. Сонда шаруа қарқылдап күліп: «Шаттықты тапқың келсе, арқаңдағы жүгіңнен құтыл» депті.


Ия алтын арқалағанның бәрі бай шығар, бірақ ұлттық құндылықтар жоғалған жерде олардың өмірінің не мәні бар? Тегімізге тартпасақ, тектілік қайдан шықсын? Адамның ең бақытты шағы өзінің баянды өмірінің нәтижесін көріп, баласын, немересін, жетсе шөбересін жетілдіру жемісін татуы. Солардың ата, әже деген ыстық сөздері мен сыңғырлаған шат күлкілерін есту, сөйтіп олардың да бар өмірі бақытты болуы үшін ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру. Сондықтан да Ақтамберді жырау: «Бала берсе тезінен, Пірлердің бітсе демінен, Шілтеннің тиіп шылауы, Артылып туса өзімнен!» деп бекер айтпаған ғой.


Александр Тасболат

abai.kz




Көрілген: 1065    Пікірлер: 0

сейсенбі, 23.07.2019, 15:59

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    6 Қараша, 15:30
    ҚАЗАҚ ҚҰЛ БОЛМАҒАН…
    28 Қазан, 12:48
    УӘДЕ ДЕГЕН НЕ?
    19 Қыркүйек, 16:41
    Абай іздеген ұлт бақыты...
    4 Қыркүйек, 11:47
    Г.Бельгер: "Оян, қазақ!"

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31