«Шыңғыс хан Отырарды ойрандаған жоқ»

«Шыңғыс хан Отырарды ойрандаған жоқ»

Қазақ тарихындағы қырып-жою туралы сөз болғанда бізде көбінесе – «жауыз, қанішер Шыңғыс хан қазақ даласына басып кіріп, Отырарды ойрандап...» деген тектес оның зұлым-жауыздығын ашуға бағыттаған кекті сөздерді көп қолданамыз.

 

Шәкерім Құдайбердіұлы:

 

Кім білмес кешегі өткен Шыңғыс ханды,

Жартысын дүниенің түгел алды.

Талайын Еуропаның бас идіріп,

Қорқытып қытайға да алым салды.

 

Қолына туып еді қан уыстап,

Әлемді билейтұғын үлгі нұсқап.

Қойылған Шыңғыстауға соның аты,

Өзенін осы қақан кеткен қыстап.

 

Ортасын араб, қытай түгел алып,

Азия, Еуропаға жарлық салып.

Мейірімді, алған елге әділетті,

Кетеді, қарсыласса, қанға малып.

 

800 туғанына жылға толды,

Темучин атын бұзып, Шыңғыс қойды.

Шыдамды Шыңғыс деген мықты демек,

Отызға келмей тұрып бақыт қонды.

 

Ол туған Бүлүнжылдық деген жерде,

Рахымды қол астында кірген елге.

Не дінге, не ғұрыпқа қол сұқпаған,

Ой жібер, міне, осындай кемеңгерге!»

(Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Шәкәрім» (2-том), Алматы «Ел-шежіре» - 2008 жыл. 177-бет).

 

Шыңғыс хан жорығы шын мәнінде көшпенділердің басын қосудың жаңа қамалдарын жасаған еді. Бүгінгі қытай мемлекетінің «моңғол дәуірі қазіргі қытай мемлекетінің қалыптасуының негізін қалады» дегеніндей, қазақ хандары мен қазақ мемлекетітігінің іргесін қалаушылар Шыңғыс хан және оның әулеттері болды. «Әкесі Шыңғыс жауыз болды, оның біздің елді біріктіріп, хандыққа отырғызған баласы Жошы – мемлекетіміздің түпкі иесі болған ұлы тұлға» десек, тарихи қателікті былай қойғанда, логикалық та қателік болар еді. Шыңғыстай ұлы тұлға тудырған, өзі тағайындаған, ел іргесін бекемдеп, халықтық болмысымызды жасап берген Жошы тұлғасы (оның ұрпағы Абылай) біз үшін қанша биік болса, оның әкесі одан әлде қайда асқақ емес пе!

 

«Бұрынғы XI ғасырдағы моңғол-түркі империясына кіретін халықтарды бір мемлекетке біріктіру, осы мемлекетті қайта орнату – бұл Шыңғыс ханның басты міндеті еді. Шыңғыс хан 1185-1206 жылдар арасында он екі хандықты бағындырды.

 

1192 жылы Шыңғыс хан солонг (корей) тайпаларына қарсы жорыққа шығып оларды жеңеді.

 

Шыңғыс хан әскері 1195 жылы сортогал тайпасын, одан кейін Қара Тибеттің үш провинциясын басып алады. Сонда Шыңғыс хан әскерлеріне сыйлықтар үлестіріп тұрып: «Тенгри Хурмузда айтқаны бойынша мен 12 хандықты бағындырдым, көп адамдарды жинап бір мемлекетке біріктірдім, осымен үлкен істің көбін істедім. Енді менің жаныма, денеме тыныштық керек», – деген екен. (К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», Алматы:«Білім», 1-том, 246-бет).

 

Адамзат өмірінің арпалысқа толы бір кезеңі Шыңғыстың тарих сахнасына көтерілуіне әр түрлі шарт-жағдай жасап отырды. Оның өз сөзімен айтқанда «Тәңірі жарылқады».

 

Түркілер туралы орта ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашқари «Түркі тілдерінің сөздігінде» былай деген: «Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын!». (Махмұд Қашқари «Түркі тілдерінің сөздігі») Шын мәнінде, Шыңғыс хан өзін Ұлы Тәңірдің осы бұйрығын орындаушы сезінген еді. Шыңғыс ханды тануды Тәңір танудың биігімен шендестірсек, сол тұстағы түркілер нанымындағы Тәңірі құлдарының адалдығы, бауырмалдығы, әділеттігі оның аспан астындағы хандарының «ой құбыласы» болды деген уәж айтуға болар еді.

 

Шыңғыс ханның тәңірлік ұғымы бойынша қарағанда, ол Тәңірінің әмірін орындаы, сол үшін Тәңірі оның жолын ашты, жарылқады. Ол «Күн шыққан тұстан күн батқан» тұсқа дейінгі Мәңгі Аспан астындағы барша халықты ашса алақанына, жұмса жұдырығына ұстай алды. Қазіргі тілмен айтсақ, жаһанданудың негізін қалады. Бұл тура­лы академик Ш. Бира өз лекциясында: «Шыңғыс хан әлемді өз күшімен соңына ертіп, ұлы импе­рия құрып, түрлі мемлекеттерді бір билік асты­на біріктіре алды. Осының нәтижесінде әлем сол кездегі ең ұтымды жаңа қарым-қатынас түрі Моңғолдың атты бекеті арқылы орнатты. Атты бекет арқылы халықтар арасында түрлі көзқарас, білім, хабар, сауда еркін алмасты. Тарихи тұрғыдан алсақ, Моңғол тәңіршілдігін қазіргі біздің жаһандану көзқарасымен салы­стыра қарауға болады» – дейді (Эрдэнэбаяр С. «Мєнх тэнгэрийн vзэл буюу Мєнх тэнгэрийн ивэ» 2006.01.16 http://www.biirbeh.mn/index.php?sel=content&f=one&obj_id=766).

 

Шыңғыстың қос қолын жайып мінажат қылған аспандағы алып Тәңірінен (жалғыз Хақтан) айырылған оның кейінгі моңғолдасқан әулеті (қауымы), қолдан жасаған құдайын қойнына тығып, іріліктен айрылды, ата-тектен алыстады. Түп төркінінен адасты.

 

Мүбәда, Шыңғыс тіріліп келіп, бұдқа табынып отырған ұрпағын көрсе, ендігі соғысты әлемге емес соларға бағыттар еді. Ең әуелі бұддардың тас-талқанын шығарып, Бұрхан Қалдун тауының басына шығып Тәңірге үш күн, үш түн емес, үш жүз күн зарланып көзінің жасын көлдете мінажат қылар еді, дәт айтар еді. Түркілердің, көшпенді сахаралықтардың «бір тәңірлік» діні олардың шынайы жаратылыс тегінің бастауы болды. Мұсылман ұғымымен қарағанда бір тәңірлік дін дегеніміз – бір ғана жаратушының дарғайына бас ұру деген сөз.

 

Атақты Марко Поло Шыңғыс хан туралы былай дейді: «бір белгілі ауданды жаулап алғаннан кейін Шыңғыс хан ол жердегі халыққа ешқандай зардап келтірмеді, ол тек солардың арасына бірнеше өз адамдарын басқару үшін отырғызып қойды. Жаулап алынған халық жаулаушылардан еш жамандық көрмейтінін және оларға өзге ешкім келіп тиіспейтінін біліп, Шыңғыс хан адамдарына адал қызмет ете бастады. Олардың жаулары енді өздерінің жақын жолдастарына айналған еді. Осынысымен Шыңғыс хан өзіне көп сенімді адамдар жинады. Бұлардың көптігі сонша, олар жер бетін басып ала аларлық күшке айналды. Мұны байқаған ол бүкіл жер жүзін басып алу туралы оллай бастады». (К.Р.Аманжолов. «Түркі халықтарының тарихы», Алматы:«Білім», 1-том, 250-бет).

 

Біздің қазақтың Шыңғыс ханнан ілік іздеген екісінің бірінің біздің алдымызға көлденең тартатын оқиғасы – «Отырар ойраны»

 

Он ғасырға жақын қаншама рет қайталанып келе жатқан осы бір тарихи оқиғаға тағы бір мәрте мойын бұрсақ, оның жайы қағаз беттерінде былайша баяндалып жүр:

 

1218 жылы жазда Шыңғыс ханның тапсырмасымен құрамында көпестері мен монғол барлаушылары бар, барлығы 450 адамнан тұратын 500 түйеге теңделген жүгі бар керуен Отырарға аттанады. Отырар билеушісі Қайыр хан көпестерді жансыздар деп күдіктеніп, оларды өлтіруге бұйырады, керуен тоналады. Бұған шамданған Шыңғыс хан оның қарымтасы ретінде хорезмшах Мұхаммедтен Қайыр ханды ұстап беруді талап етіп, елшілерін жібереді, ал хорезмшах келген елшілерді түгелдей өлтіре салады. «Соғысқа сылтау» осы оқиға болады.

 

Тарихшыларымыздың ғасырлар бойындағы бір сыңаржақтылығы – өзіміздің өзгенің 450 саудагері мен елшілік қызметкерлерін қырып тастағанымызға бүйрегіміз бүлк етпей, «соғысқа сылтау іздеді» деп өзгені (Шыңғысты) кінәлап келгеніміз дер едік. Ал Шыңғыс ұлдарының елдігімізге, мемлекеттігімізге қосқан үлесі, заттық және рухани жаңғыруларымыз сынды құндылықтары хақында «бірдеме айтамыз ба, жоқ па?» деп орыстарға жалтақтап, сосын ғана бүгежектеп, күмілжи сыбырласатын әдетке де үйреніп едік. Мәселенің бір бетіне емес, екі жақтылы көзқарасты тең ұстансақ, еңбегі мен бірлігі 60-70 пайыз болса, қырғыны мен қиратуы 30-40 пайыз ғана болар еді. Бұл арада «қырғыны» дегенде жазықсыз халықты қырды ма, жоқ па деген екінші сауал туындайды. Және де тарихты жаңадан зеттеушілердің Отырардың Шыңғыс заманынан көп кейін де көрнекті қала ретінде өмір сүріп келгендігі хақындағы тың зертеулері де назар аудартады.

 

Дәл қазір біздің мемлекетте АҚШ, Ресей, Қытай сынды ірі елдердің қаншама алып компаниялары жұмыс ітеп отыр немесе арада сауда-саттықпен жүрген қаншама жеке және ұжымдық мекемелер бар. Олардың құқықтық мүддесін қадағалаушы елшіліктері де отыр. Сіз Қайыр ханға ұқсап «білмей қалып», немесе қасақана солардың кісілерін қынадай қырып, елшілерін өлтіріп көріңізші, Отырар түгілі шаңырағымыздің күлін көкке ұшырып жібермесіне кім кепіл?!

 

XIII ғасырдың басында Шыңғыс хан «қазақ даласын бірлікке келтіргеннен кейін, бір қыдыру қалалар қалпына келіп қана қоймай, оның үстіне онан ары гүлденді. Моңғолдар қазақ даласына шапқыншылық жасап кірген кезде, Сыр дария бойында жүргізілген қиян-кескі сұрапыл шайқастар қалалардың тоз-тозын шығарды. Тарихшы Мұйнаддин былай дейді: ақ Орда ханы Ерзен хан тұсында қыруар адам күшін, зат күшін шығарып Сығанақ, Отырар, Сауран, Жент, Баршынкент қалаларын қайтадан жөндеткен. (Мұнтахаб ат-тауарих Мұйны» Теһран, 1957 жыл. 9-кітап. Ю Дажүн аударған «Алтын Орда және оның күйреуінен» алынды. Сауда баспасы, 1985 жыл. 117-118 беттер»).

 

Ал Каспидің, Қара теңіздің солтүстігіндегі Алтын Орда қағандығы шаңырақ көтеруден ілгері салынған Қырымдағы Кафа (Феодоспа), Судақ, керіш, Азов теңізі бойындағы Азак (Азов), Үргеніш, Бұлғар, Билияр сықылды қалалар Алтын Орда қағандығы тұсында барынша дамыды. Мұнан басқа тағы Қырым (қазіргі ескі Қырым қаласы), Еділ өзені бойынан Бату – Сарай мен Берке – Сарай, солтүстік кавказдан Мазар сықылды қалаларды жаңадан салды» (Су Бихай «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шынжаң халық баспасы, Үрімжі. 2005 жыл 391-392 беттер).

 

Аталған дерекке қарағанда Шыңғыс хан және оның ұлдары мен немерелері тұсындағы қала мәдениетінің ерекше дамығаны байқалады. Тіпті біз «Шыңғыс хан күйретіп тастады» деп «жылап» келген Отырардың да бүлінген құрылысының қайтадан қалпына келтіріліп, қала тұрғындарының қолданысында болғанынан көреміз.

 

Шындығында да, Шыңғыс хан Отырарды күйреткен жоқ. «Жермен-жексен етті» деп мың рет қайталанған жауықтыру пиғылының тарихи деректемелігі жоқтың қасы.

 

Рашид ад-дин Шыңғыс ханның Отырарды алуы хақында «Шыңғыс ханның Отырар қаласына келуі және оның мұғул әскерінің қолымен азат етілуі жайлы хикая» деген тақырыппен баяндайды. Қайыр ханның қаланы бермеу жолында ең соңына дейін қарсыласқанын жазады. Бес айлық ұрыстан соң қала қақпасы ашылған соң, «Қайыр хан жиырма мың әскерімен (қала ортасындағы) бекініске (цитадель) көтеріліп» бір ай соғысады. Ең соңында әскерінің бәрі өліп бір өзі қалады. «... Кірпіштерді лақтырып, бұрынғыдай шайқасты. Мұғулдар ақырындап оны жан-жағынан қоршап алды, сөйтіп оны (қорғанның үстінен) төменге тартып түсірді. (содан соң) қамал қорғаны (бұзып) жермен бірдей етілді». (Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиянт, Астана. 2018 жыл. 149-150 беттер). Мұндағы «қамал қорғаны (бұзып) жермен бірдей етілді» деген сөз қаланы немесе қала қорғанын білдірмейді. Қала ортасындағы Қайыр хан қашып барып бекініп соғысқан бекіністің қорғанын (дуалын) айтады. Мүмкін «Жамиғ ат-тауарих»-тың бұдан бұрынғы аудармаларында қасақана «қала қорғаны» ретінде көрсетілген болуы да мүмкін. Осы жаулаудан кейін қаланың қайтадан жөндеуден өткенін ескерсек, бүлінген орындардың түгелімен қалпына келтірілгенін көрсетеді.

 

Шын мәнінде бір ғасырдан астам уақыттан бері Отырар аумағына ұжымдық экспедициялар мен жекелеген топтардың да назары үздіксіз ауып, зерттеу жұмыстары тоқтаған жоқ.

 

«Отырардағы алғашқы қазбаны археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшелері А.К.Кларе мен А.А. Черкасов 1904 жылы жүргізді. Олар бірқатар траншеялар салып, материал жинақтады. Кейінгі зерттеулер, тек, ХХ ғасырдың 40-жылдары профессор А.Н.Бернштам басшылығымен жалғасын тапты. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (1971 ж. бастап ҚазКСР ҒА Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы болып аталады) ұйымдастырылып, оны Ақышев К.А. басқарды, ал 1991 жылдан Байпақов К.М. басқарып келеді. 2001 жылы ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония бастауымен «Ежелгі Отырар қала жұртын консервациялау және сақтау» Қорының халықаралық жобасы жұмысын бастады. Жобаның негізгі мақсаттары: құжаттық база жасау мен консервациялық шаралар болды. 2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында Отырар қалашығының бірқатар ескерткіштерін (XIV ғ. жұма мешіті, XVI ғ. тұрғын үй орамы, XI-XII ғғ. тұрғын жайлары, қабырғалар, орталық қақпа және «Дарваза-и суфи» («Сопы қақпасы»), стратиграфиялық шурф, XIV ғ. моншасы) зерттеу, консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді...» (Астана. ҚазАқпарат. «Қазақстандағы ежелгі қалалар – Отырар қаласы» https://www.inform.kz/kz/kazakstandagy-ezhelgi-kalalar-otyrar-kalasy_a2739860).

 

Сөйтіп, бұрын-соңды жүргізілген қазба жұмыстары мен зерттеулер бұл қаланы Шыңғыс ханның күйретпегенініне толық дәлелдер тауып берді.

 

«Насаб-нама» деп аталатын еңбектің мәліметтері мен археологиялық материалдар қалаға араб жаулаушылары VІІІ ғасырдың екінші ширегінде Сүткент арқылы еніп, Сырдарияның екі жағалауымен жүре отырып, Отырарды басып алғанын көрсетеді. Қазба жұмыстары шынайы тарихтың да бет-бейнесін ашып берді. 1210 жылы Отырар Хорезмшах мемлекетіне күштеп қосылған. Сондықтан да әйгілі «Отырардың күйреуі» кезінде монғол армиясына тек Хорезмшахтың әскері ғана қарсы соғысқан. Монғолдар алты ай бойы қарсыласқан қаланы талап-тонағанымен, жаппай қырғынға бармаған. Монғолдар тек Қайыр хан мен оның жақтастары қарсылық көрсеткен қаланың цитаделін қиратқан болса керек. Шайқас кезінде Отырардың жермен жексен болғаны да жоққа шығып отыр. Бұл уақытта қалада ешқандай өрт болмаған. Өліара кезінде бас сауғалап кеткен қала халқы біршама уақыт өткен соң өз шаһарларына қайта оралған. Қаланың Шыңғыс империясының құрамына қосылуы біршама зардаптар әкелгенімен, негізінен оң өзгерістерге де ықпал еткен. Отырар бұрынғысынша халықаралық сауданың маңызды орталығына айналды. ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХV ғасырда мұнда көптеген сәулетті құрылыстар да салынған.

 

Тарихи деректерді ақтарсақ төмендегідей мәліметтерге ие боламыз:

 

1255 жылы армян саяхатшысы Отырарды Сырдария бойындағы ірі қалалар қатарында атайды. Отырар дүниежүзілік саудада бұрынғысынша делдалдық рөл атқарды.

 

XIII ғасырдың ортасына қарай-ақ мұнда ақша соғатын орын жұмыс істеп, алтын, күміс, мыс теңгелер шығара бастаған. Әсіресе, XIII ғасырдың аяғында Масуд-бектің ақша реформасынан кейін қала шаруашылығы жанданған. («Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары». «Foliant» баспасы, Астана-2017.108 бет)

 

Қала туралы 1320 жылы Флоренция көпесі Пеголоттидің Азов теңізінен Қиыр Шығысқа дейінгі сауда жолы туралы жазбаларында да баса айтылған.

 

XIV ғасырда Ақ Орда хандары мұнда медреселер, ханакалар, мешіттер, кеңселер салдырды.

 

XIV ғасырдың аяғында Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірді. Әмір Темір мұнда бірнеше рет болып, Шығыс жорығына дайындығы қызған кезде (1405) осында қайтыс болды. Әмір Темір мирасқорлары мен Мұхаммед Шайбани әулетінің қазақ хандарымен күресі барысында Отырар тағдыры тағы да сынға түсті.

 

XVI ғасырдың 2-жартысынан бастап қала қазақтардың билігіне біржолата көшіп, шамамен 18 ғасырдың басына дейін болған.

 

ХVІІІ-ХІХ ғғ. жазба мәліметтер шоғыры, археологиялық деректер мен жергілікті аңыз-әңгімелер Отырарда тіршілік 1750 жылдары тоқтағанын көрсетеді. Қаланың қаңырауына XVII ғасырдың 80-жылдары Жоңғар ханы Ғалданның әскерлерінің шабуылы себеп болған. Жоңғарлар Отырардың суландыру жүйесін бұзып кеткеннен соң, халық оны қайта қалпына келтіре алмай біртіндеп көше бастаған. («Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары». «Foliant» баспасы, Астана-2017.108 бет).

 

 

«Шыңғыс ханның жорықтарынан кейінгі ең бір айқын көрініс ретінде біздің ұлы мемлекетіміз – тарихта Қыпшақ ұлысы аталған Алтын Орда құрылды. Күш-қуаты әлемді тітіретті. Сән-салтанаты, жер-жиһанға жар болды. Тауарихтың тағы бір толқынында Ежелгі Түрік қағандығының, одан соңғы Шыңғыс хан ұлысының, оған жалғас Алтын Орданың тікелей мұрагері – Қазақ Ордасы бой көтерді. Шыңғыс хан қалыптастырған мемлекеттік жүйе, жарғы, жоралар ізімен Московиядан бастау алатын Орыс мемлекетінің өзі Шыңғыс хан үлгісімен құрылған болатын. Бүгінгі қазақ хал­қының жер бетінен өшіп кетпей, ел болып, жұрт болып отыруы – дүние қайтадан бұзылған алағай-бұлағай заманда дербес ту көтеріп шыққан осы Қазақ ордасы дейтін мемлекеттің арқасы. Ал Қазақ Ордасының негізін салған Керей мен Жәнібек – сол Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы.

 

Біздің тарихшылар 700 жыл бойы моңғолдар биледі дейді. Орыс тарихшыларының айтқанын қайталайды. Шыңғыс ханмен болған жойқын соғыс­та, кейбір ағайындар айтып жүргендей, біз Отырарды қорғағанымыз жоқ, жаудан бостан қылдық. Қыпшақ қауымына, яғни, бізге тиесілі Отырарды ілкіде Хорезм басып алған болатын. Ал біз Отырарды қайтарып алдық. Неге десеңіз, Шыңғыс ханның жеңімпаз әскерінің негізгі бөлігін құраған түрік тайпалары еді. Сол кезде атағы шыққан зорлары – Керей, Найман, Жалайыр, Қатаған, Қоңырат». (М.Мағауин: «Тұңғыш немеремнің атын Бату қойдым». Мағауия Сембайдың Мұхтар Мағауинмен Прагададағы әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газеті).

 

Шыңғыс хан жорықтары туралы тоқталғанда, шын мәнінде Шыңғыс хан жергілікті халықтың тіл-әдебиет, мәдениет, діни сенім, салт-санасына қысым жасамады. Қайта Жошы мен Шағатай ұлысына келген билік басындағы моңғолдар ұзаққа бармай-ақ жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін қабылдап оларға сіңісіп кетті.

 

Шыңғыс ханның жаулап алу жорығы халықтың шаруашылығы мен мәдениетіне ауыр зардабын тигізгенімен, ертеден басталған қазақтың халық болып қалыптасу барысын бөгей алған жоқ. Қайта бытыранды қазақ тайпаларын біртұтас мемлекетке шоғырландырды. Тайпалар ара талан-таражды тиды. Сөйтіп, қазақтың халық болып қалыптасу барысының одан ары дамуын тездетті (Н. Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шынжаң халық баспасы, 1987 ж).

 

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті ғалым Шериаздан Елеукенов, «Шыңғыс хантану хикметтері: ұлы қаған тегі моңғол ма, түрік пе – қайсысы дұрыс?» атты мақаласында: «Ресей Шыңғыс ханды Гитлер, Напо­леон­дармен бір қатарға қояды. Бұрын етене тарихымызды зерттеп бағалауда Ре­сей­ге жалтақтайтын қазақ, біз, енді мына Тәуелсіздік дәуірінде бұл мәселеге қалайша қарауға тиістіміз?... 2010 жылы жарық көрген бес томдық «Қа­зақстан тарихының» (Көне заманнан бү­гінге дейін)» 1-томында «Шыңғыс хан шап­­қыншылығы» деген тарау бар. Бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарында ұлы қағанды жерден алып жерден салатын мақалалар әлсін-әлсін жарияланып тұрады» («Қазақ әдебиеті» 18.03.2016 https://qazaqadebieti.kz/4591/shy-yshantanu-hikmetteri-ly-a-an-tegi-mo-ol-ma-t-rik-pe-ajsysy-d-rys) деп әлі күнге дейін Шыңғыс ханды қаралап келе жатқанымызға қайран қалады, түркілік дұрыс түсінік қалыптасатын кезең жеткенін ашына айтады.

 

Күні бүгінге дейін барлық оқулықтарымыз да тек қана Шыңғыс ханды жаулаушы ретінде қаралау мақсатында сабақ береді. Айталық, қолымызға алдымен ілікккені 7-сынып оқулығы «Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы». «Монғолдардың Қазақстан жерін жаулап алуы» деген тақырып бар. (Алматы «Атамұра» -2012ж. 96-бет). Дәл осы тақырып аясында оқушы: «Сонда біз Жошы құрған Алтын орда хандығының 750 жылдығын не үшін тойлап жатырмыз. Олардың бізді жаулап алғандығының 750 жылдығы емес пе?» десе, не деп жауап берер едік!?

 

Олай болса, тарихи тұлғалар туралы зерттеулерге барғанда бір мемлекеттің, бір қоғамның мүддесі аясында жазылған әдебиеттерді бірден қабылдай салмай, оған сараптамалық көзқарастармен қарауымыз керек. Тіпті барлық тарихи әдебиеттерді қарастыруда орыс тілді материалдарды ғана негіз ететін бұғаулық ойдан шығып, еркін оймен шындықты іздесек, талай нәрсеге көз жеткіземіз. Ғылымның талабы ғылыми әдебиеттерді пайдалану болса да, кейде ауыз әдебиеті үлгілерін, халықтық шежіре, жергілікті тарих сынды сан тараулы іздену бағытынан да қажетті тақыртардың бағыт-бағдары шығып отыратындығында назарға алу керек.

 

Отырар туралы кейбір ағаларымыз кеңірдегі жыртылғанша айқайлап: «Шыңғыс хан Орта Азияға әсіресе біздің елге үлкен қасірет алып келген. Мәселен, алысқа бармай- ақ Отырарды алайық. Соның барлығын құртқан кім? Жермен жексен еткен кім? Шыңғыс хан, Шыңғыс ханның әскерлері» дегенді қайталай береді. Жай ғана адам емес, әдебиет немесе тарих айналасында жүрген азаматтардың аузынан шыққан сөз талай құлаққа жетеді. Ақ-қарасын айырып үлгермейтін дүрмекшіл топ кейде өзгенің айтқанын ақиқат санап адасып жатады.

 

Біздің кітабымыздың тақырыбы аясынан қарағанда, Шыңғыс және Отырар туралы баянымыз негізгі тақырыптан алшақтап кеткендей көрінуі мүмкін. Алайда, кітабымыздың басынан бергі баяндауларда, әдебиеттерде көрініс тапқанындай «түбір бір – түркі бірлігі» идеясынан қарағанда, Мағжан, Шәкерімдер мақтап жыр шығарған Шыңғыс біздің алпысыншы атамыздан қиылысатын жақын туысымыз. Айтпақшы, ол замандарда, кейінгілер Шыңғыс ханды тәуелдеп, «жекешелендіріп» жүргендей «моңғол», «қазақ» деген ұғым мүлдемге жоқ, Оғыз ұлдарының құрамында ағайынды әулет болып ортақ күн кешіп жатқанбыз.

 

Нақтылап айтқанда, Шыңғыс біздің «жауымыз емес», бізді «құртпақ болған» да жоқ. Ежелгі түркі ұлдары «аспанда тәңрі, жерде түркі» деп өздерін асқақ, өр ұстап, түркі жұртын әлемнің қожасы сезінгені секілді асау қан Шыңғыстың бойында да бар еді. Даланың әміріне, жүректің ырқына көнбейтін сол көкжалдық оған әлемді жаулауды нәсіп етті. Өлтіру, жою, қирату үшін емес, біріктіру үшін; кешегі біз армандаған «комунизим елесіндей» ел құру үшін; әділдікті үстем етіп, бар пендені тәңрінің құлдары ретінде ортақ бақытты өмірге ие ету үшін күресті. Жер бетінде жамандық, теңсіздік, тексіздік болмауы керек, оны жоюымыз, халықтардың терезесін теңестіруіміз қажет деп есептеді.

 

Өз басым, өз басым емес, әкем және әкемнің ағалары Алтай даласындағы Шыңғыстың соңғы бекзат ұлдарын өз көздерімен көрді. «Өз басым» деп бастағаным – өз басым сол ханзадаларды көзімен көрген талай қартты көріп, әңгімесін ет құлағыммен естігенімді айтқаным. Соның бірі Шәріпхан Көгедаев дейтін қара көктің тұқымы болатын. Арғы атасы Шыңғыстан бастау алып, одан кейін Әбілмәмбет – Әбілпейіз – Көгедай – Ажы – Қасымхан – Жеңісхан – Шәріпхан болып жалғасады. Өткен ғасырдың соңғы жарымындағы арғы беттің Алтай шалдары «Шәріпхан» десе ішкен асын жерге қоятын.

 

Шәріпхан сынды асылды құртқан қытай әкімшілігіне қарсы шапқан Оспан сарбаздары:

 

Жан туа ма жалғанда Шәріпхандай,

Сәуле шашқан халқына жарық таңдай.

Мәнкей, Ақыт, Халелді тағы өлтірді,

Жан жағады Қытайға енді қандай?! – деп ұрандап күреске аттанып еді.

(Ж.Шәкенұлы «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері», Алматы, «Нур принт» баспасы, 2019 жыл. 254 бет)

 

Халықшылдығына, әділетшілдігіне, шыншылдығына, қара басын еш ойламайтын ақсүйек бекзадалығына тәнті боп, тамсана әңгіме қозғайтын қарттар. Сондай әңгімелерге шөлім әбден қанғасын менде таңырқай тамсанып: «сонда Шәріпханның бабасы – қазақ хандары, олардың атасы Жошы, Шыңғыс қандай болды екен?» деп қиял қуатынмын. Көз алдымда ақ боз ат мінген, ақ сауыт киген, жаны ақ, тәні ақ, жүрегі де ақ, тау мүсінді такаппар ұлдар «күлдірде күлдір кісінетіп» шауып жүретін.

 

Кейін оқыдық, тоқыдық, қиялым алдамапты. Мен қызылдар сомдаған образдарды емес, мұсылман түркілерінің таза елесін көріппін. Дәм бұйырып Шыңғыс, Тұғырыл жортқан құба жондарды басып, ескі іздерге үңілгенімде мен сезінген тұлғалар тұлпарының дүбірі құлағыма қайта жаңғырықты. Түркияға да бардым. Сонда байқағаным, ұланқайыр – шығысы Моңғолиядан басталған Байқал, Алатау, Алтайды өз ішіне алған, батысы Каспийге дейін созылған кең өлке бір ғана атаның бір ғана мекеніндей елестеп, оның алысқа кеткен оғландары – түріктер екенін түсіну болды.

 

2012 жылы қыркүйекте Моғолияға, Ұланбаторға барған сапарымда, тарихшы, марқұм Ислам Қабышұлының – 1972 жылы түрік жазушысы Әзиз Несиннің моңғол жеріндегі атажұртына алғаш келген сапарында Тоныкоктың тасын құшақтап: «қайран, бабаларым-ай!» деп жылағанын айтқаны бар. Бүнінде түркиядағы ғасырлық жасқа келген қарттар: «ата жұртымыз Алтай» деп жылайтын көрінеді. Тіпті алдыңғы лек көштің артынан қара тартып онда барған түріктенген тұрғақтар мен қазақ керейлерінің тарихы да талай том.

 

Иә, сөйтіп, тағдыр желі бізді тарыдай шашты.

 

Мақұл-ақ, көне ғасырлар кетсін, енді, «жаңа ғасырдағы түркілер тұқымы бір-бірімізбен неге жауығамыз? Бір-бірімізді жауықтырған басты себептер не? – деп шимайларға үңілдік.

 

Біздің далада үш қана із жатыр – түркі, орыс, қытай. Екеуі ежелгі империясын сақтап, орнында отын жағып, түтінін түтетіп отыр. Біз сиырдың бүйрегіндей бөлініп кеткенбіз. Алалығымызды пайдаланып, түбімізге жеткен ана екеуі – орыс пен қытай. Мұстафа Кемал Ата түріктің сөзімен айтқанда «дос көршіміз». Ата түрік демекші, ол жарықтықтың сондағы әңгімесі еске оралады:

 

Түркия Республикасының негізін қалаған, он бес жыл бойы оның тұңғыш Президенті болған Мұстафа Кемал Ататүрік (1881-1938) 1933 жылдың күзінде (онда Қазан төңкерісіне 16 жыл, КСРО-ның құрылғанына 11 жыл толған еді), яғни Түркия Республикасының жарияланғанына он жыл толуына орай сөйлеген сөзінде аса көрегендікпен былай деген екен: ...Бүгін кеңестік Ресей – досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Бұл достыққа бүгін мұқтажбыз. Бірақ ертең не боларын ешкім де кесіп айта алмайды. Дәл Осман империясы сияқты ол да ыдырауы мүмкін. Бүгін уысына қысып ұстап отырған халықтар уысынан шығып кетуі мүмкін. Әлем сонда бір тепе-теңдікке жетеді. Міне, сол кезде Түркия не істейтінін білуге тиіс. Осы «досымыздың» билігінде біздің тілі бір, наным-сенімі бір туыс бауырларымыз бар. Соларға қол ұшын беруге дайын болуымыз қажет. Дайын болу деген сөз сол күнді күтіп отыру деген сөз емес, дайындауымыз керек. Халықтар бұған қалай дайындалады. Рухани көпірлерін күшейте отырып дайындалады. Тіл – бір көпір, тарих – бір көпір, наным-сенім (дін) – бір көпір. Бүгін біз олардан тіл тұрғысынан да, салт-дәстүр жөнінен де, тарихи байланыстар саласынан да ажырап, өте алыс қалып қойдық. Біз тұрған белес дұрыс па, олар тұрған жер дұрыс па, мұны есептеп жатудың пайдасы жоқ. Олардың бізге жақындасуын күте алмаймыз. Біздің оларға жақындасуымыз қажет. Тарихи байланыс орнатуымыз керек. Фольклорлық байланыс орнатуымыз керек. Бұларды кім істейді. Әрине, біз! Өздеріңіз көріп отырсыздар, тіл қоғамын, тарих қоғамын ұйымдастырып жатырмыз. Тілімізді солардың тіліне жақындатуға, сөйтіп, бір-бірімізді оңайырақ түсінетін жағдайда жетуге тырысудамыз. Тарихымызды да соларға жақындатуға тырысып жатырмыз. Ортақ тарих жасаудың соңындамыз. Бірақ бұл жайдан-жай жасалмайды. Атын қоя салумен жасалмайды. Мұның бәрі мемлекеттер мен халықтардың терең ой-пікірлерінің нәтижесі болуы керек. Естуімізше, кейбір келте ойлы кісілер: «Патшаның жұмысы жоқ па, тілмен, тарихпен айналыса бастағаны несі?» дейтін көрінеді, сөз жоқ, жұмысым басымнан асады. Мен бүгінгі озық Түркияны құруға қалай тырысып жатсам, ертеңгі Түркияның негізін қалауға да соншалықты мән беріп жатырмын. Осы жасағандарымның бәрі – ешбір басқа халыққа дұшпандық емес. Бейбітшілікті жақтаймыз. Бейбітшілікті жақтап қала береміз. Бірақ өзгерістеріне де дайын болуымыз керек...» («Егемен Қазақстан» газеті, 1994, 2 тамыз).

 

Ұзақ-сонар әңгімені, неге қайталадық! Моңғолданған түркілерге – түбіміз бір бауырларымызға бізде осы сөздерді айтқымыз келеді. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!» – қазағымда құлағына ілсін, басқа түркілерде мұны білсін!

 

Жер бетіндегі адамдар, тайпалар бір-біріне жау болып тумайды, жаулық уақыттық мүдделер қақтығысының көрінісі. «Өткенге салауат, қалғанға берекет» дейтін ескі күннің аталы сөзіне бағынсақ, айтқанымыздан айтарымыз көп.

 

Сөйтіп, сөз бұйдасын іріксек, қазақты да, Отырарды да Шыңғыс хан ойрандаған жоқ деген пәтуәміздің мәнісі өз жұмбағын шешті деп ойлаймыз.

 


Жәди Шәкенұлы, жазушы, академик.
А
bai.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста