«Соловьевтің улы сілекейі». Сенат депутаты Қазақстан туралы айтқан ресейлік сарапшыларға жауап берді

24 қараша 2022, 12:38

Сенат депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресейдің телеарнасында Владимир Соловьев жүргізген бағдарламадағы ресейлік сарапшылардың сөзіне жауап берді, - деп жазды halyq-uni.kz сайты.

Еске салайық, ресейлік «Россия 1» телеарнасындағы «Владимир Соловьевпен» бағдарламасында сарапшылардың бірі «Ресей үшін Украинадан кейінгі проблема – Қазақстан» екенін айтқан.

«Соловьев әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан нон грат алған адам болатын және қазір бүкіл жердегі санкциялық қара тізімдердің көшін бастап келеді. Сондықтан ыза-кектің буынан ол елдің бәрінің жағасына жармасып, улы сілекейін шашып жүр. Бұрын «Россия 1» арнасында ол Алматыға бомба «тастап жіберу» туралы да айтқан болатын. Бағдарламаның қонағы – Мемлекеттік Думаның депутаты Онищенко да одан қатты шошынып қалған еді.

Ол бәрін жеккөру кесірінен ол көбіне өзеуреп өзі сөйлейді және бағдарламаның меймандарын жанжал мен арандатуға итермелейді. Және оның бәрі тікелей эфирде және есуас кейпінде болады», – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сенат депутаты ресейлік саясаттанушы Дробницкийдің «келесі мәселе Қазақстан болуы мүмкін. Өйткені ұлтшылдық үрдістері сол жерде де басталуы ықтимал» деген сөзінен Қазақстанға қатер төндіру анық байқалып отырғанын айтады.

«Егер ол Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-да бірге Ресейдің мемлекеттік арнасының эфирінде көрсетілмесе, дүдәмал сарапшы-фантаст Дробницкий-Жуковтың пікіріне назар аудармас едік. Ресейлік саясаткерлердің осындай екпінді, мақсатты шабуылдары Соловьевтің шоуында бұрыннан жүйелі түрде жалғасып келе жатқандықтан, олар Ресей Федерациясының федералды билігі тарапынан объективті жауапқа лайық.

Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы тәуелсіз мемлекет болып келеді. Соловьев пен сол секілді саясаткерлерге шынайы шындықты түсініп, жаңа геосаяси ақиқатпен санасуды үйренетін уақыт келді», – дейді сенатор.