Алаш үні

«Тамыр». Кәрім Мәсімов әкесі жайлы кітап жазды (фото)

  • «Тамыр». Кәрім Мәсімов әкесі жайлы кітап жазды (фото)

    «Тамыр». Кәрім Мәсімов әкесі жайлы кітап жазды (фото)

"Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін" деп Бұқар жырау бабамыз жырлағандай адам өміріндегі әкенің орны қашан да ерекше. Баланың бойына ел мен жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктің дәнін егетін де – әке. Екі мәрте Қазақстан Республикасының Премьер Министрі болған, басқа да мемлекеттік қызметтерді қалтқысыз атқарған, қазіргі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов өзінің жақында ғана жарық көрген «Тамыр» атты кітабында әкесі жайлы естеліктерін тебіреніспен жазып, Қажымхан Қасымұлы Мәсімовтың әке, азамат, қайраткер, тұлға ретідегі бейнесін аша түсті.




"Әркімнің әулиесі – өз әкесі" депті қазақ. Үлкенді сыйлау, құрметтеу – біздің жұрттың қанында, жадында бар қасиет. Сол қасиетке кейінгі заманда ғана ептеп селкеу түсті. Бірақ ол селкеу сызатқа айналып кетпесе игі. Сен әкеңді қай деңгейде құрметтесең, балаң да сені сол дәрежеде құрметтемек. Әкені асқар тауға теңейді, ендеше сол асқар тауыңның еңсесін түсірме, шырағым". Қажымқан Қасымұлының "Аманат" кітабынан.



Қажымхан Қасымұлы Мәсімов 1939 жылы 18 сәуірде дүниеге келген. Омбы темір жол, Павлодар индустриалды және Алматы дене шынықтыру институттарын бітірген. Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры. 2016 жылдың қараша айынан бастап "Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіптік палатасы" заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер қауымдастығы құрылтайшыларының жалпы жиналысында төраға болып сайланды. "Мәсімов сауықтыру орталығы" ЖШС бас директоры, Қазақстан йога қауымдастығының президенті. Қажымхан Қасымұлы 2019 жылдың 8 сәуірінде жасы 80-ге қараған шағында қайтыс болды.




Кітаптың «Әлемім өзгерген күн» атты алғашқы тарауында Кәрім Қажымқанұлы әкесі дүниеден өткен кезде өз өмірінің де бір бөлігі келмеске кеткенін түсінгенін жазады.  Бәріміз де әкеміздің көзі тірі кезде ол ешқашан жанымыздан алыстамайтындай алаңсыз жүреміз, оған арқа сүйейміз. Ал әкемізден қапыда айырылып қалғанда ғана оған әлі көп нәрсе айтар едім-ау, сырласар едім деп қынжыламыз. Дәл осы күйді Кәрім Мәсімов өзінің әкесінен айырылған күні сезінгенін, анасының «Кәрім-ау, әкеңнен айырылып қалдық...» деген кезде қандай күйде болғанын, Қытайдағы сапарынан әкесін жерлеуге орлағанда әкесіне әлі айтарым көп еді-ау деп тамағына өксіктің тығылғанын асқар тауына арнаған кітабында әсерлі баяндайды.




Қара басының емес, елдің қамын ойлайған ерден ұлағатты ұл туады емес пе, әкесіне тартып туған Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов жастайынан әкесінің тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» демекші, өзі өмірде қандай жетістікке жетсе де, бұл әкесінен алған тәлімі екенін Кәрім Қажымқанұлы «Тамыр» атты кітабында әдемі жеткізген. Баласының әкесі жайлы жазған естелігін оқи отырып, Қажымхан Қасымұлын жаңа қырынан тани түсесің.

Автор әкесі жайлы естеліктерге кіріспес бұрын өзінің 2019 жылдың 1 сәуіріндегі Жапон еліне іссапарын, сол елдің мәдениетін сөз ете келіп, сондағы көрген-білгені, ойына тоқығаны сәл уақыт өте келе өз өмірінде қалай көрініс тапқанын суреттейді.

Әкесінен айырылып, жаны жабырқаған кезде оған демеу болған жандар аз болған жоқ. Дегенмен ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне көңіл айтып, қолдау білдірген сөздеріне ерекше толқығанын айтады.

«Қайғыра берме, Кәрім. Әкеңді жоғалтсаң да, мен бармын», деген Елбасының өзі жанымды жылытты» дейді автор.

"Алматы... жерлеу рәсімі, алыс-жақыннан, шетелдерден келген қонақтар... мұның бәрі де көз алдымнан кино лентасындай өтіп жатқан кадрлар еді. Жалпы анам екеуміздің қайғымызды бөлісуге көп адам келді. Біздің қайғымызыды бөлісіп, жұбату сөздерді тауып айта білгеннің бәріне ризамын. Әсіресе мұндай қолдау анама аса қажет еді", – дейді ол.




"Шаршауды білмейтін" деп аталатын кітаптың екінші тарауында Кәрім Қажымқанұлы бала кезінен әкесінің тынбай еңбектенгенін, тіпті жұмыстан бос уақытында үй шаруаларына көңіл бөліп, тыным таппайтынын айтады. Қажымхан Қасым ұлы бала кезінен темір жолға қызыққан екен, бірақ әкесінің қалауымен бірінші мал дәрігерлік оқуға түскен, кейіннен бала кездегі арманын бір қадам жақындау үшін Алматыдағы мектепте сырттай бөлімде оқып, аттестат алады, сол құжатпен Омбыдағы теміржолшылар институтына түседі. Кәрім Мәсімов әкесі мен анасының қалай танысып, табысқанын да осы бөлімде баяндайды.



Қажымқан Мәсімов Алматыға келіп, Боралдайдағы кірпіш зауытына директор етіп тағайындалғанда, жоғарыдағы басшылардың "Егер жылына 60 миллион кірпіш шығарсаң, Алматыдан пәтер береміз" деген сөзінен кейін, сол кірпіш зауытын қалай ретке келтіргенін, бір жылда 45 миллион кірпіш шығарғанын, бұл бүкіл елдегі рекорд екені айтылады. Жалпы, осыдан соң КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті жылдық 60 миллион кірпіш жоспары қате екенін түсініп, оны 45 миллионға дейін азайтқан екен. "Маған пәтер берсе берер, бермесе бермес, ол маңызды емес, бастысы жоғарыдағылардың "Жылдық жоспарды орындай алмайсың" деген сөзі қамшы болды", – дейді Қажымқан Мәсімов.

Йога – қазақ үшін таңсық дүние болғаны рас. Қазақ жеріне алғаш болып йоганы әкелген Қажымқан Мәсімұлы. Бұл туралы да «Тамыр» кітабында айтылады. Кітаптың "Тірлігінің тірегі", "Ақсуы – алтын бесігі" тарауында автор туған жері, атасы Қасымның ауыл адамдарына тигізген шапағаты жайлы айта келіп, сол кездегі өзінің жақындарына кеңес заманының тигізген салқынын да тілге тиек етеді. 


Өзінің ата-бабасы, әкесі, туған жері жайлы жүрек тебірентерлік кітаптың  "Тамыр" аталуы да тегін емес. Өзінің тамырын таныған адам тектілігімен ерекшеленсе керек.



 "Мен үшін әкем – ертеңгі бұтақтың биік болуы үшін тереңге кеткен тамыр. Жай емес, Алтын тамыр",- дейді автор шығарма эпилогында. "Таяуда әкеме арнап кітап жаздым. Біздің әулетіміздің тамыры, өмірі баяндалады. Сондықтан оны әулеттің тарихы деуге болады. Өзіңіз білесіз, қазақ халқы шежіреге көп мән береді. Ата-бабаң кім, әке-шешең қандай болған? Бұл балаларға аманат болып қалады. Соның ішінде әкеге сағыныш бар. Сондықтан әулеттің терең тамырымен жалғайтын кітап "Тамыр" деп аталады. Кезінде әкемнің айтқандарына көп мән бермедім, қазір әкемнен айырылғаннан кейін бәрін ой елегінен өткіздім. Бұл кітап солай дүниеге келді» (Кәрім Мәсімовтың "Тамыр" атты шығармасынан үзінді.)




Жалпы, кітапта 8 тарау бар, жоғарыда аталғандарынан бөлек "Адал жолдан айнымаған", "Қажымай халқын сауықтырған" атты тарауларда автор Қажымқан Қасымұлының жомарттығын, елге істеген игі істерін, туған жеріне алтын күмбезді мешіт тұрғызғанын айтады. "Алтын тамырға айналды" атты соңғы тарауда Кәрім Мәсімов әкесінің бабалар аманатын қалай сақтағанын, атасынан жеткен қасиетті Құран Кәрімді Сталиннің кітабының мұқабасына салып бейбіт күнге жеткізгенін баяндайды.


«Бабамнан – атама, атамнан – әкеме жеткен сол қасиетті Құран енді менің үйімнің төрінде. Кейін балама аманатқа қалары анық. Қайтыс болғанда әкемнің жеке екі заты болыпты. Бірі – саусағындағы ижүзігі, екіншісі – қолынан шешіп жанына қойған сағаты. Олар енді менің саусағыммен білегімде жүрмек. Сол арқылы әкем саусағымнан ұстағандай, білегімнен сипағандай болады. Бір кезде ұстамдылығынан, сабырлығынан, ал кейде уақыт пен жағдай жетіспегеннен маған көрсете алмаған махаббатын енді осы жеке заттары арқылы сезінетінім даусыз. Енді қасиетті Құранның қатарына әкем Қажымқан Қасымұлы Мәсімовтың жүзігі мен сағаты қосылды. Бұлар да менің бойыма қуат береді». (үзінді)


Тағылымы мол кітапты оқи отырып, қазіргі заман үшін маңызды отбасылық құндылықтардың, әке мен баланың арасындағы тығыз қарым-қатынастың салмақтылығын бағамдай түсесіз. "Тамыр" кітабының электронды нұқасын adebiportal.kz порталынан оқи аласыздар. 




 




Көрілген: 1672    Пікірлер: 0

сейсенбі, 21.05.2019, 18:03

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    19 Қыркүйек, 16:41
    Абай іздеген ұлт бақыты...
    4 Қыркүйек, 11:47
    Г.Бельгер: "Оян, қазақ!"

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31