Алаш үні

"Таңбаларды дұрыс пайдаланып жүрген жоқпыз": Зерттеуші тастағы жазулардың шынайы мәнін айтты

  • "Таңбаларды дұрыс пайдаланып жүрген жоқпыз": Зерттеуші тастағы жазулардың шынайы мәнін айтты

Көшпенді қазақ тарихында аса маңызды рөл атқарған таңбалар бүгінгі таңда ұмыт бола бастады. Ата-бабаларымыз оларды қандай мақсатта қолданған? Біздің заманымызға жеткен таңбалар шынайы ма? Бұл туралы Stan.kz тілшісіне қазақ таңбатанушысы Өтелбек Мырзабекұлы айтып берді.

– Өтелбек Мырзабекұлы, тастағы таңбалар не мағынаны білдіреді? Олар қандай мақсатта пайдаланылған? 

– Таңбалардың пайда болу уақыты болжаммен неолит (жаңатас) дәуірінің соңы –энеолит дәуірінің басын қамтиды. Таңбалар – әрбір ру мен тайпаның жекеменшіктігін білдіретін құралы болған. Ең алғаш энеолит дәуірінде адамдар жылқыларға таңба басу арқылы жануардың иесі екенін білдірген. Уақыт өте келе белгілер әрбір ру мен тайпаның елдігін білдіретін символына айналды. Қазіргі кезде әрбір елдерде елтаңба бар. Сол сияқты өткен дәуірде таңбалар әрбір ру мен тайпаның шығу тегін ұмытпас үшін қолданылған. Елдік сипатты білдірумен қатар, рулар арасындағы туыстық қарым-қатынасты таңбалар арқылы ажыратқан. 

Найман руының таңбалық белгілері XVIII-XX ғғ.

Таңбалар жерлеу дәстүрінде жиі қолданылған. Адамның аты-жөнімен қатар қай ру мен тайпадан шыққанын білдіру үшін құлпытасқа сол елдің таңбасы қойылған. Мәселен, Аңырақай шайқасы мен Бұланты шайқасы өткен жерлерде жауынгерлердің басына қойылған тастарда аты-жөндері емес ру таңбасы көрсетілген. Сол маңнан қазақ жүздеріндегі рулар мен тайпалардың көптеген белгілері кездеседі.

Сонымен қатар, көне дәуірлерде ру тайпалардың мекендеген жерлері, мал жайылымдары болды. Сол жерлердегі тау-тастарға, обан ағаштарына, жалпы алғанда табиғатқа өз таңбаларын салып кетіп отырған. Яғни бұл арқылы олар көшіп-қонатын аймағы немесе шекарасы екенін білідіретін болған. Бұнымен қоса, XVIII-XIX ғасырлардағы архивтік құжаттарды қарасақ, рулар мен тайпалардың таңбаларды сот істері немесе басқа құжат істерінде мөр ретінде пайдаланғанын көруге болады. 

Түркістан облысының территориясында “Таңбалы тас” деген ескерткіш бар. Біз Қазақ хандығының бой көтерген жері Жамбыл облысындағы Қозыбасы деп жүрміз. Негізінен сол “Таңбалы таста” үш жүздің басы қосылған. Осы тұста “Таңбалы тасты” қазақ халқына таныту, ескеркішті қалпына келтіру мәселесі шешілсе дұрыс болар еді. 

– Таңбаларды тек Қазақ еліне тиесілі деп айта аламыз ба? 

– Жоқ, таңбалар түрік халықтарының бәріне ортақ. Яғни, көшпелі халықтардың бәріне ортақ деп айтсақ болады. Таңбалар қазақ дәуіріне дейін көне түрік тайпалары оғыз, сақ, үйсіндерде де болған. Оғыз тайпаларының таңбалары туралы Махмұд Қашқаридың еңбектерінде, орта ғасырлық деректерде жазылған. Сондай-ақ, түрік халықтарының құрамына кіретін башқұрт, түрік, әзербайжан, түрікмен, қазақ, қырғыз халықтарында таңба белгілері бар. Тағы бір қызық жайт, америкалық үндістерде де түрік халықтарындай таңбалар бар болып шықты. Үндістердің көне таңбалары біздің бұрынғы таңбаларымызға ұқсайтыны анықталды. 

– Бүгінгі таңда қазақ таңбалары қаншалықты жақсы зерттелген?

– Қазіргі уақытқа дейін қазақ ру-тайпаларының таңбалары толық зерттелген жоқ. Осы тақырыпқа арналған монографиялық еңбек жоқ. Жеке ру-тайпалардың таңбалары туралы айтылады. Дей тұрғанмен ортақ көлемде жазылған ғылыми-зерттеу еңбегі жоқтың қасы. Кейбірі туралы С.Аманжоловтың, Ж. Артықбаевтың еңбектерінде жеке-жеке айтылған. XX ғасырдың басынан бері түрлі ғылыми мақалалар жарық көрді. Таңбалардың түркі жазуымен байланысы туралы деректер айтылып жатады. Аристовтың еңбегінде, “егер біз бүкіл түркі халықтарының таңбаларын толықтай зерттегенде олардың ортақ тарихын білуге жол ашылатын еді” деп жазылған. Түркі халықтарының, оның ішін қазақ халқының таңбаларын жан-жақты зерттесек, әрбір ру мен тайпаның тарихи байланыстарын білер едік. Таңбалардың астында үлкен мән бар. Біздің ұлттық кодымыз деп айтуға болады. Таңбаның мән-мағынасын терең зерделесек, әрбір ру мен тайпаның қайдан шыққанын нақты білетін едік. 

Кеңес дәуірі мен кейінгі уақыттарда жеке ру-тайпалардың таңбаларын зерттеуге қорқыныш бар. Өйткені ғалымдардың көпшілігі трайбализмге (рушылдық – ред.) ұшырап кетуден қорқады. Шын мәнінде, қазақтың ортақ тарихын жазу үшін әрбір рудың, әрбір тайпаның жеке тарихына тереңірек тоқталу керек. Сонда ғана біз ортақ тарихты шығара аламыз. Әрине, ұлттық идея керек. Бірақ қазақ тарихының бір ерекшелігі оның ішіндегі әрбір ру мен тайпаны зерттей отырып, олардың өзара сабақтастығын, ортақ тарихын байланыстыра аламыз. Бұл туыстық қарым-қатынасты одан сайын нығайтуға көмегін тигізбек. 

Сондай-ақ, таңбаның руна жазуымен байланысы, сонау сақ, ғұн тайпаларындағы таңбалардың басқа түрік халықтарына мұрагерлік жолмен берілуі, жаңа тайпалар пайда болғанда олардың таңбаны қалай алатыны әлі де толық зерттелуді талап етеді. Негізінен, таңба танушыларды петроглифтермен шатастырып жатады. Бірақ екеуі екі бөлек нәрсе. Петроглифтер сына жазуын зерттейтіндер, таңбаларға мүлдем қатысы жоқ. 

– Қазақстанның қай жерлерінде бұндай белгілер көп кездеседі? 

 – Қазақстанның барлық аймақтарынан кездестіреміз. Мысалға, оңтүстік аймақтағы “Таңбалы тасты” айтуға болады. Шығыс Қазақстаннан, Маңғыстау аймағынан да көптеп табылған. Әсіресе, жерлеу дәстүрлерінен таңба белгілерін кездестіріп жатамыз. Тіпті, Ресей территориясындағы Орынбор, Астрахан аймақтарынан, Қытай жеріндегі Алтай өлкесінен сақ, үйсін дәуіріндегі таңбалардың сақталғанын байқаймыз. Яғни, бұл өмірлерде қазақ тайпаларының мекен еткенін білуге болады. 1930 жылдары ашаршылық кезінде қазақтарды Қытайға көшіп барды деп айтып жатамыз. Шын мәнісінде олар көшіп барған жоқ, керісінше бұрынғы ата-бабаларының мекеніне барды. Оған сол жерде табылған таңбалар мен жерлеу дәстүрлері дәлел бола алады. Ал Алматы облысы территориясынан Ұлы жүз руларының таңбаларын кездестіреміз. 

Ұлы жүз Шапырашты тайпасының Асыл руының таңбасы

– Ашық дерек көздерінде, оқулықтарда жүрген таңбалар шынайы ма? Оларды дұрыс пайдаланып жүрміз бе?

– Қазіргі уақытта әртүрлі ғаламтор мәліметтерінде, оқулықтарда кейбір таңбалардың қате белгісін көруге болады. Сондай-ақ, даулы мәселелер бар. Найман таңбасын алып қарайтын болсақ, оны мүйіз таңба деп жатамыз. Бірақ бұның найманның негізгі таңбасы екендігіне күмәнданып жатады. “Негізгі таңбасы бұл емес” деген пікірлер де бар. Тағы бір таңбасы ретінде дөңгелек шетінде сызық қойылған белгіні айтып жатады. Бірақ, мүйіз таңбаны негізгі таңбасы болып есептеледі. Өйткені наймандардың Өкреш деген ханының Өзбекстан территориясында ескерткіші бар. Сол жерде мүйіз таңба көрсетілген. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының территориясында тауға белгіленген белгілер бар. Сол жерде де мүйіз таңбалар көрсетілген. 

Фото: El.kz 

Сонымен қатар, рулар өз ішінде тармақтарға бөлінеді. Сол кезде олар жеке өздері таңба қолданған. Бірақ көбісі ұмытылып қалған. Негізгі тайпаның таңбасы белгіленгеніне қарамастан, тармақ-тармаққа бөлінгенде әрбір рудың жеке таңбасы болған. Толық зерттелмегендіктен бұның бәрін біле алмай жүрміз. Тағы бір жиі кездесетін қателік –арғын руының таңбасында кездеседі.  Олардың белгісі көз ретінде бейнеленген. Соны кейбіреулер бір-біріне айқастырып қолданып жатады. Бірақ негізінде олар жақын тұрғанымен түйіспеуі керек. Зерттеуші ғалымдардың архив деректерінде солай қолданылады. Алайда әр адамның жазуына байланысты кейбір таңбалар аздап өзгеріп кетеді. Сондықтан кейбір таңбаларды астына үңіліп, толықтай зерттеуіміз керек. 

– Қазіргі таңда таңбаларды пайдаланудың қажеттілігі бар ма?  

– Қажеттілік бар. Заманауи өмірде имидж деген нәрсе бар. Мысалға, кез келген шетелдік машинаның өзінің логотипі бар. Яғни, өзіндік бір белгісін көрсетіп тұр. Сол сияқты әрбір рудың таңбаларын неге қолданбасқа? Әрбір қазақтың бойынша мынау менің руымның таңбасы деген ой болады. Ең бастысы қателеспеу керек. Дауласып, трайбализмге салынбаған жөн. Керісінше, ұлттық идеяны біріктіруіміз керек. Сондай-ақ, таңбаларды білу арқылы біз тек қазақ халқын емес бүкіл түркі халықтарының тарихын біле аламыз. Мысалға, кіші жүздің таңбалары сияқты белгілер башқұрттарда бар.  

Тағы бір айта кететін жайт, қазақ атауының шығуына байланысты түрлі ғылыми деректер кездесетіні белгілі. Соның бірі осы таңбаларға байланысты болып отыр. Ресейдің Владимир Болитский деген зерттеуші ғалымы бар. Архив деректерінде Болитский оғыз тайпаларының қазтабан деген таңбасы барын, яғни қаздың аяғына ұқсайтын болған. Соны ел арасында “қазаяқ” деп қолданған. Осы сөзден барып “қазақ” атауы шыққан деген деректер бар. Аристовтың еңбегінде қазақ таңбаларының руна жазуына тікелей ұқсас екенін айтады. Бұл жай ғана сәйкестік емес. Көптеген ғалымдар таңбалардың руынан жазуынан бұрын пайда болған деген болжамдар да ұсынып жүр. Таңбалар дами келе руна жазуының шығуына себепкер болғаны айтылады.  

Таңба – қасиетті, киелі саналған. Бірақ қазіргі заманда киелілік белгіні аяқ асты етіп жатқан жағдайларды көріп жүрміз. Мысалға, былтырғы жылы сыра зауытынан түрлі таңбалық белгілер бар ішімдіктер шығарылды. Менің ойымша, елдік сипаттағы белгіміздің, халық қадір тұтатын қасиетті таңбалардың ішімдікке салынуы дұрыс емес. Біздің қасиетті ұғым деп айтып жүрген құндылықтарымыздың атына кір келтіреді. Таңбаларды халыққа танытудың басқа да түрлі жолдары бар.  

– Таңбалар қалай қорғалады? 

–  Монография жазылмаған. Ешқайсысы қорғалмайды. Мысалы, “Таңбалы тасты” таудан уран зерттеушілер жарып жіберген. Оларды әдейі жарды ма білмейміз. Үстілеріне жазу жазып тастаған. Мемлекет жағынан мүлде қорғалмаған. Негізі, қиын жағдайда тұр. Тарихи ескерткіш қатарына енгізілген. Бірақ мемлекет тарапынан қорғау, қолдау жағы жүзеге асып жатқан жоқ. 




Көрілген: 810    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 20.09.2021, 17:49

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Қыркүйек, 19:29
    Тұран Одағын құру керек!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31