Алаш үні

Тарихпен сабақтасқан Түркістан

  • Тарихпен сабақтасқан Түркістан

    Тарихпен сабақтасқан Түркістан

Жалпы Түркістан хақында ой толғатып, пікір білдірмеген жан жоқ шығар. Жаны қазақтың әр бірі бұл тарихи шаһар туралы ыстық лебіз бен өрілген терең толғаныстағы тармақталған пікірін айтары сөзсіз. Бүгінде облыс орталығы болып, Түркістан облысы атанған қаланың тыныс-тіршілігі қалай? Бет алысы, даму сатысы жайлы өз ісінің үздігі атанып, сарапшылық пікір білдіріп жүрген елге белгілі азаматтардың пұшымды ойларын ұсынғанды жөн көрдік. Қабыл алыңыздар!

Аяш Макенова, бала құқығы бойынша сарапшы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері: Түркістан облысы еліміздің жетекші өңірлерінің бірі


Еліміздің қай өңірі болмасын мемлекетіміз үшін стратегиялық тұрғыдан болсын, рухани-мәдени бағытта болсын, жалпы аса маңызды болып табылады. Қазақстанның әр бұрышының өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы бар. Солардың арасында астын сызып тұрып айшықтап көрсететін, қаймана қазақтың бүтін бір болмысы сақталып, салт-дәстүр мен көне жоралғылардың қара шаңырағына айналған Түркістан облысы бар. Әрине, облыс ретінде төрткүл дүниеге таныла басталғанына аз ғана уақыт болса да, біршама шаруалардың басын қайырып та үлгерді. Атап айтқанда, өңірдің бас жоспары бекітіліп, Түркістан қаласын қайта жаңғырту бойынша нақты міндеттер қойылып, біршама су жаңа нысандар қолданысқа берілді. Әлеуметтік қамсыздандыру бойынша да жүйелі жұмыстар жасалуда. Жалпы, бұл өңір туралы өте көп ой тарқатуға болады. Дегенмен, өзіме салалық жақын болып табылатын отбасы құндылықтары жайлы ой өрбіткім келеді. Оңтүстік өңір демографиялық өсім бойынша қашанда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Облыста көп балалы отбасылар саны да айтарлықтай баршылық. Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда халықтың орналасу тығыздығы бойынша да халық саны көп өңірге жатады. Мұның бірнеше себебі де бар. Алғашқыларының бірі қаймағы бұзылған қазақы салт-дәстүрдің сақталуы. Әсіресе шалғай ауылдарындағы ата мен әже институтының өте жақсы жұмыс жасауы деп білемін. Жалпы облыста отбасы институтына ерекше көңіл бөлініп, оны дәріптеп, насихаттауда жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Енді бір себеп, Түркістан тарихымызда бірнеше хандардың орда тіккен қаласы, ұлы ойшылдардың кіндігі тамып, зиялы қауымның басып өткен жері. Оның топырағы да құнарлы, даласы да қасиетті. Ол да өз кезегінде рухани-мәдени азық болып, халықтың санасында ұлттық болмысты сақтауға әсер етуші фактор ретінде жұмыс жасайды. Сөзсіз, үлкен облыс болғандықтан отбасы, балалар мен жасөспірімдерге қатысты мәселелер де туындап жатады. Дегенмен, алдағы уақытта жаңа облыс жаңашыл бастамалар көтеріп, туындаған қиындықтарды шешуде жұмыс жасайды деп сенемін. Қорыта келе, Түркістан облысы Тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік ел болуында сүбелі үлес қоса алатын қозғаушы әрі жетелеуші өңір деп атар едім.

Нұрлан Өтешев, «Strategic Government Consulting» компаниясының басшысы, сарапшы: Халқымыздың рухани астанасы – Түркістан

Түркістан жайлы ой толғату оңай іс емес. Оның тарихын, мәдениетін, саяси және экономикалық қырын бір шағын пікірге сыйдыру мүлдем қиын шаруа. Себебі Түркістан тек ұлтымыздың ғана емес, бүтін бір түркі дүниесінің бойтұмары. Онда қазақ хандығының даңқты батырлары мен атақты қолбасшылары, хандары мен билері жерленген. Халқымыздың арасында Әзірет сұлтан деп танылған түркі елдері арасында аса танымал, діни ғалым, ислам дінінің көрнекті өкілі бір ғана Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінің өзі керемет сәулет өнері ғана емес, рухани азық алар керемет мекенге айналған. Орта ғасырлардың озық өнертапқыштарының арқасында Шығыс моншасы салынып, алғашқы кәріз құбырлары жүргізілген жерде осында. Сондықтан да Түркістан туралы тек бетін сүзіп, жүйесіз ой тарқату қате деп білемін. Жалпы, өңір Түркістан облысы болып аталып, орталығы Түркістан қаласына көшірілгеннен бері бір жылдан сәл асса да, аз ғана уақыт ішінде біршама істер атқарылып үлгерілді. ҚР Үкіметі мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен әрекеттерінің арқасында қаланың бас жоспары бекітіліп, облысты дамыту бойынша арнайы бағдарлама әзірленді. Түркістан қаласының Қазақстанның өзге де жетекші шаһарларының қатарына қосу бағытында мегажобалар қолға алынуда. Халықаралық әуежай, су жаңа сапаржай мен темір жол бекетінің құрылыстары басталды. Тарихи мемориалдық кешендер мен ғимараттар қайта өңделіп, қалада шығыстық стильге негізделген нысандар салынуда. «Ұранымыз бірлік» екенін дәлелдеген өзге облыстар қалада бір-бір ғимараттан салып, сыйға тартуда. Елімізден және шет елден инвесторлар тартылып, экономикалық тұрғыдан да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мұның барлығы тек алғашқы жылдың еншісіндегі шаруа. Алдағы он жылдықта Түркістан адам танымастай көрікке ие болып, елімізді алға сүйрейтін жетекші облыстардың біріне айналарына сенімім мол.

Нұрлыбай Наурызбаев, "Жастар қызметкерлері қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ұлттық тренерлер пулының мүшесі, сарапшы: Түркістан халқымыздың мақтанышы

Түркістан – түркі жұртының мәдени астанасы, халқымыздың байлығы, тарихи жәдігеріміз. Мұнда ежелде хандарымыз ордаларын тігіп, билеріміз төрелік етіп, батырларымыз осы даланы қасық қаны қалғанша қорғаштаған. Әрине, Қазақстанның қай аймағы болмасын тұнған тарих, бітпес шежіре, таусылмас дастан. Әрбір жердің өзіндік ерекшелігі мен маңызы бар. Ал солардың арасында Түркістанның орны ерекше. Алғашқы мың жылдыққа дейін мұнда жер жүзі мойындаған, әлемде ІІ ұстаз атанған Әбу-Насыр Әл-Фараби дүниеге келіп, дәл осы даладан түлеп, Дамаск қаласына аттанып, ұлы ойшыл атанған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сәулет тұрғысынан да, мәдени-рухани тұрғысынан да аса бағалы болып саналады. Тайқазанның таңбалы белгілері, пайда болу тарихының өзі бір ерек құбылыс емес пе?

Өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және облысты Түркістан облысы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл өз кезегінде өте орынды шешім деп білемін. Себебі Шымкент қаласы еліміздегі мегаполистердің қатарына қосылып, республикалық қала статусын алуға әбден лайықты болды. Оған дәлел ретінде қаланың экономикалық және әлеуметтік ахуалын атауға болады. Ал дәл Түркістанның жаңа облыстың орталығы атануы – тарихи дүниелермен ғана дәлелденбейді. Қала болашақта логистикалық тұрғыдан да, экономикалық әрі саяси жағынан да өзіне артылған үмітті толыққанды ақтай алады деп есептеймін. Жалпы оңтүстік өңірдің жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм секілді салаларда көшбасшы атана алатын потенциалы бар. Сондықтан осы істер алдағы кезеңде нәтиже береді деп сенемін. Қаланың негізгі бейнесін жоғалтпай, ұлттық нақышқа негіздей отыра, жаңа бас жоспарды бекітіп, оны қайта көркейту бойынша жұмыстардың жүргізілуі алдағы он жылдықта Түркістанның озық қалалардың қатарына қосылуына толық мүмкіндік бермек. Бастысы шаһар халқымыз мақтаныш етер қалаға айналса деймін.

Сабыржан Кеңшілік, «Сана» қоғамдық қорының президенті, ұлттық тренерлер пулының мүшесі, жастар саясаты бойынша сарапшы маман: Түркістан облысын құру өте орынды шешім

2018 жылы Қазақстан картасында жаңа облыс пайда болды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта аталып, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілген болатын. Бұл бұрыннан талқыланып, сөз болып жүрген мәселе еді. Ақыры өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бұл істің соңғы нүктесін қойып, Жарлық қабылдады және ол орынды шешім деп білемін. Біріншіден, Шымкент қаласы дербес республикалық статус алуға толық дайын деп айта аламыз. Оған қаладағы халық санын ғана емес, қаланың экономикалық көрсеткіштері менен әлеуметтік мәселелерінің оңды шешілуі мысал бола алады. Екіншіден, оңтүстік өңірдегі өзге аудандар менен моноқалаларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Ендігі кезекте олардың экономикалық тұрғыдан жаңаша нарыққа шығуына көбірек мүмкіндік туындайды. Үшіншіден, облыс құрылғалы жаңа бес аудан пайда болды. Ол халықтың тығыздығы менен сол аудандардың экономикалық дербестігінің әсерінен болса керек. Төртіншіден, Түркістан облыс атауын иеленіп, өңір орталығы болуға бірден бір лайықты қала болып табылады. Тарихи маңызын айтпағанда қала стратегиялық тұрғыдан маңызды геосаяси аумақта орналасқан. Мұнан бөлек логистика жағынан алғанда да жол тораптары түйіскен, Батыс Қытай-Батыс Еуропа автодәлізінің бойында орналасқан және ыңғайлы аймақта тұр.

Қалада бүгінде қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өзгеше түрленуде. Бұл жаңа бір сәулетті қаланың пайда болуына мүмкіндік сыйлайды. Бізді ерекше қуантқан бір жәйіт қалада алғашқылардың бірі болып Облыстық жастар орталығы салынды. Қазірдің өзінде «Түркістан – жастар қаласы» деген ұранды сөздерде жиі айтылуда және ол өте орынды деп түсінемін. Себебі алдағы он жылдықта түрленген Түркістанның иелері дәл сол жастар болып табылады. Қазірдің өзінде облыста жастар саясаты өте қарқынды жұмыс жасауда. Жастарға ерекше назар бөлініп, профилактикалық кешенді іс-шаралар ұйымдастырып, оларды әлеуметтендіру бойынша біршама жобалар жүзеге асуда. Алдағы олар да өз нәтижесін береді деп сенемін. Бастысы Түркістан – Қазақстанның бетке ұстар аймағына айналса екен деген ақ тілек.

Аида Өтемісова, жеке психолог, психолог сарапшы: Түркістан руханият мекеніне айналатындығына сенімдімін

Жаһандану заманында ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларымызды насихаттаудың маңызы өте зор. Өткенге үңілу арқылы жан дүниемізді байыту, жас ұрпаққа жеткізу бізге парыз. Түркістан қаласы қазақ жеріндегі алғаш сауда, саясат, мәдениет дамыған қала ретінде, бізге аманат етілген алтын толған қоржынды, ата-бабаларымыз тәрізді жас ұрпаққа бізде аманат етуіміз міндетті. Алайда қазір бесінші немесе оныншы ғасыр емес, алдымызда дәл қазіргі уақытта жиырма бірінші ғасырдың үрдістері. Соған қарамастан, қаншама уақыт лебі өтсе де, адамзат тарихы, соның ішінде қазақ халқы мен басқа ұлт иелері, тарихи құндылықтар мен ғасырлар бойы сақталып келе жатқан шежірелер мен білім десе, ішкен астарын жерге қояды. Уақыт өткен сайын бұл ескерткіштер мен мәдениет ошақтарының алауы, сөнгеннің орнына, керісінше адамзатқа оның мұқтаждығы артып келеді. Түркістан – өткен тарих пен болашақтың, сол кезеңдегі бабаларымыз бен қазіргі түркі елінің ұрпақтарын байланыстырушы идеологиялық-ілімдік көпірдің ордасы.

Мың жарым жылдық тарихы бар Түркістан қаласы туралы бірнеше жылдар бойы тоқтамай сөз тарқатсақ та оның түбіне жете алмайтын тәрізді болып көрінеді. Тоғыз жолдың торабы болу бағына бұйырған Түркістан – киелі қала. Ислам әлеміндегі Түркі жұртының діни орталығы саналды. Баршаға мәлім, Қожа Ахмет Яссауи қалыптастырған софылық ағым осы Түркістан арқылы әлемге тарады. Атағы мол Әмір Темірдің бұйрығымен салынған Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері мен басқа да көптеген мазарларда түркі тегінің көптеген текті бабалары жерленген. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – діни ғұламалар мен әулие-әнбиелерді, батырлар мен ақындарды, билер мен хандарды жерлеген пантеон. Қазіргі ҚР БАҚ өкілдері мен тарихшылардың сөзіне сүйенер болсақ, Түркістанда 21 хан, 30-ға жуық батырлар жерленген. Тәуке ханымыздан бастап, Әбілмәмбет, Жәңгір, Әбілпейіс, Барақ, Бөкей, Абылай сынды хандар бар. Бөгенбай мен Жәнібек батырлармен қатар, қаз дауысты Қазыбек би бабамыз да осы жерде екен. Парсы, Араб, Қытай елі мен Еуропалықтардың қызыққан «Ұлы Жібек Жолы» қақ ортасындағы ең үлкен қала, тарихи астана.

Мұндай рухани байлығы мол қазынамен не істесе болады? Біреулер туристік нүкте ретінде екінші Мекке деп атап жатса, енді бірі Түркістанды дін астанасы ретінде қайта жандандырғысы келеді. Әркім көрпені өзіне көсер болса, ешкімге де еш нәрсе бұйырмайтыны заңдылық. Бірақ қазір біз білетін қандай айқын шындық бар? Түркістан біздің рухани астанамыз екені – хақ. Мұндай қаланың елімізде бар екені зор қуаныш. Еліміздің Тұңғыш президенті Н.Ә Назарбаев ұсынған Еуразияшылдық идеясының тарихи айнасы осы қала. Түркі елінің күшінің, ілімі мен ғылымы өте мықты болғандығының, мәдени қатынастардағы жоғарғы деңгейдің көрсеткішінің дәлелі. Тарихы сан ғасырлар бойы созылып жатқан Түркістанды қай жағынан қарасақ та, символы шексіз жәдігер. Қаншама көптеген талқылаулар мен сөздер қозғалып жатса да, Түркістан әрқашан өзгеріссіз өзіндік қасиетін сақтап қалмақ. Тек заманауи пайдалы өзгерістер енгізіп, қаланы одан сайын даңқты ету, осы салада тер төгуге дайын азаматтарды қолдап, бұл қаланың әрбір түйіршік топырағының өзі қаншалықты қымбат екенін түсіне алсақ, Түркістан қаласы әлі де болашақта біздің де шежіремізді сақтар руханият мекеніне айналатынына сенімдімін.




Дайындаған:

Бекарыстан Нұрланұлы

 




Көрілген: 952    Пікірлер: 0

бейсенбі, 05.09.2019, 23:57

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Қыркүйек, 11:47
    Г.Бельгер: "Оян, қазақ!"

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30