Алаш үні

Тәттімбеттің Шығыс Түркістанға сапары

  • Тәттімбеттің Шығыс Түркістанға сапары

    Тәттімбеттің Шығыс Түркістанға сапары

«Жыл өтті үлкен жүрек тоқтағалы…» – ақын айтқан бұл сөзді біз өмірден көшкеніне бір жыл толған асыл азаматымыз Таласбек Әсемқұловқа қатыстырып та айта аламыз. Ұшан-теңіз білімімен, татаусыз төгілген тілімен сөз танитын қазақтың талайын тәнті еткен Таласбек соңғы жылдарда «Егемен Қазақстан» газетіне көп көңілінен шыққан бірнеше мақалаларын ұсынған болатын. Көрнекті мәдениеттанушы, тамаша жазушы, кемел киносценарийшінің (кейінгі кезде жарық көрген «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдерінің сценарийлерін Таласбек жазған) жарияланбаған дүниелері де біршама сияқты. Солардың бірін біздің өтінішіміз бойынша «Егеменге» жазушының жары Зира НАУРЫЗБАЕВА жеткізіп берді. Шамамен 80-ші жылдардың аяғында, 90-шы жылдардың басында жазылған бұл мақала да оқырманды көп ойға қалдырады. Мысалы, «Бөлініп-жарылмай Ресейдің құрамына біртұтас кіру – қалай десеңіз де қазақ дипломатиясының ең дұрыс шешімі» деген бір ауыз сөздің өзінде келіспесіңе қоймайтын ақиқат айтылғанын мойындамасқа әддіңіз қалмайды.

Бұл мақала ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақтың айтулы күй­шісі Тәттімбет Қазанғапұлы өмірінің зерттеу­ші­лерінің назарынан тыс қалған кейбір тұс­тарын және кейбір күйлерінің саяси астарын қамтымақ. Тәттімбет 1815 жылы туған. Азан шақы­рып қойған шын аты – Тәттімұхамбет. Күй шежіресі Тәттекеңнің дүниеге келуі жайлы былай толғайды. Ұзаққа созылған қаралы, қаһарлы қыстан жарты малын беріп шыққан Шаншар елі Қазанғап бидің бастауымен сәуірдің ортасына ала Түңдік бойындағы ежелгі жайлауларына көшіп келе жатыпты. Көш үстінде айы-күні жеткен Қазанғаптың бәйбішесі толғата бастайды. Толғақ екі күнге созылады. Ғазиз ана әбден қиналады. Мұндай ұзақ толғақтан секем алған Қазанғаптың шешесі көш басында озып, жұртшы болып бара жатқан ұлына кісі жіберіп:

− Бар, айт Қазанғапқа. Көшті тоқтатамыз. Шіркіннің пұшпағы қанамай жатыр,− деген екен. Жұрт еріксіз көшті тоқтатып, өздері білетін ем-домын жасайды. От жағады. Жындарды аластаған болады. Бірақ шарана шешілмейді. Енді әйгілі Қара бақсыны алдырған екен. Сонда Қара бақсы қобызын сарнатып келіп:

− Уа, аруақ, асып барасың, Берсең – бер, бермесең – ал. Уа, сегіз көз шіркін, үзілсең – үзіл, Үзілмесең – тарамыс болып қат. Уа, жамбас, шіркін, Жарылсаң – қақ жарыл, Жарылмасаң – шор боп қат, – деп арқанға керулі тұрған әйелдің үстінен атын үш рет қарғытқан кезде нәресте шыр етіп жерге түскен екен. Босандырып отырған әйел шарананы қолына ала бере, «Ойпырым-ай», − деп тастап жібереді. Аңтарылып тұрған жұртқа, − Не деген зарпы күшті бала. Қолымды қарып жіберді, − депті. Сары белдің ең биік жерінде құла қасқа атын көлденеңдетіп үнсіз, бірақ қобалжулы тұрған Қазанғапқа ауылдың кәрі-жасы, − Сүйінші, сүйінші! − десіп жүгіреді. − А, құдай, ақсарбас! − деп Қазанғап атын тебініп қарсы жүреді. Алдымен жеткен әйелден, − Қойшы ма, жылқышы ма? – деп сұрайды. − Қойшы, − дейді әйел. Бойындағы барын сүйіншіге таратып Қазанғап үйге кіргенде анасы алдынан шы­ғып, құлан жөргекке ораулы балпанақтай ұлды қолына ұстата береді. Баланың бітіміне көзін бір сәтке қадаған Қазанғап оның маңдайындағы көзге көрінер-көрінбес меңді байқап, − Апа, бала нысаналы. Маңдайында тәттісі бар екен. Тәттілі Мұхамбет қояйық атын, − десе керек. Сонымен әкенің қалаған аты қойылады. Артынан өзгеріп, айтуға лайықталып Тәтті Мұхамбет болады. Кейіннен жақсы жеңгелері «Тәтті қайным Тәттімбет» деп атайды. Міне, бізге күйшінің жеңгелері еркелетіп қойған Тәттімбет ныспысы осылай жеткен екен. Тәттімбеттің Алтай, Тарбағатай өңіріне немесе қазіргі тарих ғылымында Шығыс Түр­кістан деп аталатын өлкеге тартқан сапары­ның сырына жету үшін, алдымен Абылай хан заманындағы оқиғаларды үстірт болса да шолып өткен жөн. 1750 жылы Қалмақ мемлекеті құлады. Қалмақтың ең соңғы ханзадасы Әмірсана азын-аулақ нөкерімен келіп Абылайды паналаған. Саяси картадан Қалмақ мемлекетінің аты біржолата өшті. Абылай хан бастаған қазақ қайраткерлерінің ендігі мақсаты – Қытай мен Қазақ ордасының ортасында қаңырап қалған ұлан-ғайыр дала, бірнеше ғасыр Қалмақ ордасының егемендігінде болған ежелгі қазақ топырақтарын қайтарып алу еді. Абылай хан Цин үкіметін дәмелендіру ар­қылы, түбінде қазақ елі Қытайдың қол ас­тына кіруі мүмкін деп емексіту арқылы өз мақсатына жетті. 1760 жылы керей, найман, уақ руларынан бөлінген бірнеше мың түтін малымен-жа­нымен Шығыс Түркістанға ақ­тарылды. Байырғы қазақ же­ріне жаңаша қоныстану оңай болмаған. Қытай үкіметімен тү­сініспеушілік те болған. Ше­кара әскерлерімен қанды қақ­тығыстар да болып тұрған. Со­ған қарамастан қазақ рулары өзінің ежелгі қоныстарына бір­жола орныққаны анық еді. Сахараға ты­ныштық, ел ордаланды. Бірақ бұл алдамшы кө­рініс болатын.­ Геосаясат тұр­ғысынан қара­ған­да Ресей мен Қытайдың арасында тұрған Қазақ мемлекеті, қазақ халқы өз тарихындағы ең жауапты кезең­ге, ең басты сауал­­ға жа­ңа тақаған. Ресей де, Қы­тай да орта­да тәуелсіз Қа­зақ мем­ле­кетінің тұруына енді көн­­бейді. Бұлталаққа жол жоқ. Екінің бірін таңдау керек. Кіші жүз бұл кезде Ресейдің қол астына кірген. Ал Орта жүз Қытайға қараса… Ар жағын айту тіп­ті қорқынышты. Ша­ғын-ша­ғын уәлаят дәре­жесінде алты мем­ле­кеттің құрамына кірген, қанша көтерілсе де елдігін қалпына келтіре алмаған, егемендігін ешкім мойындамайтын, бүкіл халқымен дауда, үздіксіз соғыс пен қуғын-сүргінде жүрген күрділерді көз алдыңызға келтіріңіз. Екі ұлы мемлекетке арқа сүйеген, екі түрлі саяси жүйе қалыптастырған, ақырында бір-біріне дұшпан екі мемлекетке айналған корей халқын алыңыз. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін үшке бөлініп кеткен, артынан айдаладағы елдердің рұқсатымен әзер дегенде бұрынғы тұтастығына жетіп ел іргесін енді бекітіп жатқан Германия… Айта берсе толып жатыр. Қазақ та осы кепті киер еді. Бөлініп-жарылмай Ресейдің құрамына біртұтас кіру – қалай десеңіз де қазақ дипломатиясының ең дұрыс шешімі. Әрине, қазақ халқы орыс үкіметімен жараса бермеген. Жері де кесілді, о бастағы шарт­ бұзылып ел ішіне бекіністер де салын­ды. Алайда, қазақ аты өшкен жоқ. Ал Қытай­дың маңдай сүбесінде жатқан Шығыс Түр­кіс­тан­ның тағдыры… жұмбақ еді. Ұлан-ғайыр дала. Өзінің ордалы ұясына бірде тақап, бірде алыстаған, Қытайдың да, Ресейдің де би­лігін мойындамаған асау ел. Ел ішіндегі көнекөз қариялар айтқан шежірелерді тың­дасақ, соқталы елдің азаматтарының Шы­ғыс Түркістан жайын ешқашан да естен шығар­мағандығын көреміз. Қиыр қонып, шет жайлап, өрісі ұзап бара жатқан ағайынға алғаш рет ат ізін салған адам – аға сұлтан Құ­нанбай еді. Қытай Республикасында тұратын белгілі қазақ жазушысы Асқар Татанаевтың «Жұлдыз» журналында (1990 ж, №11) жарияланған «Бейсенбі би – Бежең күйші» атты толғау мақаласында бұл мәселе айтылып кеткен. Жоғалып кеткен орыс шенеунігін іздеймін деген сылтаумен жолға шыққан Құнанбай Алтайға тұяқ іліндіріп, ел ішіне ендей кіреді. Сол жолы Құнанбай Алтай өңірін емін-еркін аралайды. Елдің жайына қанады. Көптен бері шешілмей жатқан түйінді дауларды шешеді. Қайтарында: − Ал, ағайын! Өсіпсің. Өркен жайыпсың. Хош. Бірақ артыңда ордалы ел бар, жер шалып, жайылым қуалап қиырға кеттің. Қазақтан отың бөлінді ме? Осыны жадыңа тұт. Сиынғаннан сүйенерің күшті болсын деген. Құбылаңды тап. Осы сөзімді ұмытпағайсың, алаш ұлы! – деген екен. Арада біраз жыл өткеннен соң қазақ жеріне әйгілі «Сасық сабын» жұты келеді. Қара Тоқа есімді есепшінің (күннің райын болжайтын адамды қазақтар есепші деп атаған) айтуымен қазақтар ерте қамданған екен. Ең таңдаулы аталық малды екі лек етіп екі жаққа жібереді. Қысы жайлы, жері шүйгін Ұлы жүз жеріне тоқсанқос (тоқсан мың) жылқы алып Арғын Ырзабек би аттанады. Ал Алтай жеріне жіберілмек тоқсан мың жылқының қос ағасы етіп, жақсылар, осы кезде ақылымен, алғырлығымен, көсем сөзімен, биік өнерімен жаңа таныла бастаған жас Тәттімбетті тағайындаған. Елінің ақ батасын алып, қазанның сабалақ жауынында жолға шыққан Тәттімбет желтоқсанның қақаған аязында жер қайысқан малмен Алтай ормандарына ілінеді. Кешегі хан Абылай, ер Қазыбектің табаны тиген қасиетті топырақтан өнген, екі жастың біріне келмей ноқта ұстаған, елі­нің ке­регіне жүр­ген балауса Тәт­тімбетті Алтай елі үлкен қо­шаметпен қар­сы алып, Құн­дызды деп аталатын ұшы-қиыры жоқ орманды кесіп беріпті. Жердің көркі таймаған, қыртысы тозбаған кез ғой. (Алтайдың орманының қалың­дығы сондай, ақ тиын бұтадан бұтаға секіріп, жерге бір түспей Ібір-Сібірге жетеді екен деген аңыз болған ел ішінде). Орман ішіндегі шашалық шалғынға тұрған жылқы қыстан күйлі шығады. Тәттімбет сол алғашқы сапарында бүкіл Алтай өңірін аралап көп жайды ұғады. Ұлттық рухта тәрбиеленген, саясатқа қанық жас бидің көз жеткізген ең басты ақиқаты – елдің иесіздігі еді. Бір қарағандағы азат өмір шын мәнінде баян­сыз болатын. Нығайып, түбегейленіп, қуаты күннен-күнге артқан Қытай мен Ресейдің түтіні кейін қалай шалқиды? Әзірге қазақ жайлап отырған бұл бай өлкенің тағдыры, келешекте ұлы мемлекеттер тарапынан қалай шешіледі? Талай атайы азаматтың үйіндегі сыбағаны жеу үстінде, өнер сайысқан, сөз қағысқан алқалы, дулы жиында Тәттімбет айтқан мәслихат осы мәселелер төңірегінде болған. Алайда, жердің шалғайлығына сенген батыр мен билер, Тәттімбеттің уағызынан гөрі күйіне көбірек ден қояды. Осы сапарда, күй шежіресінің айтқанына қарағанда, Тәттімбет Алтай мен Тарбағатай өңірінің әйгілі өнерпаздары – керей руынан шыққан Бейсенбі күйшімен және уақ руынан шыққан Бәзғалам күйшімен кездесіп, өнер жарыстырып, күй алмасқан екен. (Бәзғаламның Тәттімбетпен кезігуі жаңсақ әңгіме болуы әбден мүмкін. Себебі, Бәзғалам ХХ ғасырдың бас кезіне келіп қайтыс болған адам. Яғни, Тәттімбет Алтайға барған кезде Бәзғалам санатқа қосылмаған жас болуы керек).

Көктем келіп жер гүлдегенде Тәттімбет тобы малға пана болған жермен, хан көтеріп күткен дархан елмен қимай-қимай қоштасып Арқаға атбасын бұрады. Қиырдағы қаны, тілі, діні, тілегі бір ағайынның аужайын түйген, он жас есейіп кемелі тола түскен Тәттімбет елге келіп жайланғаннан кейін, игі жақсылардың алдында есеп береді. Қасқа мен жайсаң қазақтың ескі жорасын жасап, қыз алысып, қыз беру керек деп шешкен екен. Араға бір жыл салып Арқа елінен құдалық жөнімен үлкен топ қайтадан Алтайға аттанады. Бұл жолы Шеген деген атақты байдың мырзасына Алтай елінің азулы бір әулетінен қыз алады. Құдалық сөйлескен ақсақалдардың ішінде Тәттімбет бірге аттанған. Қалың малмен бірге Арқаның шеберлері жасаған түрлі, қымбат, шытырман оюлы жиһаздар, әйгілі сары былғары ерлер, шешен домбыралар жіберілген екен. Құлынды бие, атан түйе беріп алатын сирек үнді бұл шешен домбыраларды Тәттімбет атап-атап, ел ішіндегі талапкер жас домбырашыларға үлестіреді. Бірақ, бүкіл елге сыйға тартқан күйшінің ең үлкен асылы – өзі шығарған «Алшағыр-Шаған» және «Қорамжан» атты екі күйі еді. Домбырашы қариялар өз көкірегінде айнытпай сақтап келген Алшағыр-Шаған, Қорамжанның хикаялары былай шертілетін: Алшағыр мен Шаған деген екі батыр дос болыпты. Алшағыр Арқа елінің батыры. Шаған Алтай елінің батыры. Екеуі жыл сайын­ қан жайлауда малымен-жанымен табысады екен. Бір жылы Алшағыр межелі уақытта өзінің жайлауына келіп қонады. Шаған жоқ. Біраз уақыт өтеді. Күнде төбенің басына шығып, сыбызғысын тартып, досын аңсай күткен Алшағырдың ойына күдік келеді. Үйге келіп бәйбішесіне: − Ойпырай, жұрт бірнеше жайылым ауыстырды, Шағанның жері әлі желінбей тұр. Бұған не болды екен? – дейді. Алшағырдың бәйбішесі ақылды адам екен. − Олай болса, Шаған бір нәрсеге ұшы­рады. Дереу қол жина. Ізде. Анығына жет. Тірі болса құтқар, өлі болса – жаудың шаңырағын ортасына түсір, − дейді. Алшағыр әскер жинап жолға шығады. Үшінші күн дегенде Шағанның шабылған ауылын табады, досының қадаға шаншулы басын табады. Дауысы көкке жетіп өкірген Алшағыр жаудың соңына түседі. Суыт жүрген қазақ әскері Ерен Қабырғаға жетіп қалған Шүршіт қолын басады. Қан майдан болады. Алшағыр жауды тегіс жайлап Шағанның бәйбішесі мен балаларын тұтқыннан босатып алады. Елге келгеннен соң, досын арулап көміп, Шаған әулетін Арқаға алып қайтады. Шүршіттің әскері қазақ ауылдарын шауып,­ көп адамды тұтқынға алып кетеді. Ел­ден жүкті кеткен бір әйел шүршіт елінде босанып ұл туады. Ұлдың атын Қорамжан қояды. Жылдар өтеді. Жат елде, азапты тұтқында қалған қазақтар құсадан бір-бірлеп көз жұмады. Ақырында Қорамжанның анасы да о дүниеге бет алады. Өлерінде баласына: − Қорамжан, қарағым, сен шүршіт емессің. Қазақсың. Алты белдің астында елің жатыр, жерің жатыр. Мені арулағаннан кейін, бір жүйрікті мін де еліңе қаш. Елге жетсең сәлем айт. Бақұл бол,− дейді. Қорамжан анасының өсиетін орындап бір тұлпарды мініп еліне бет алады. Алайда, жер жайытын білмей, қалың тұманда адасып шүршіттің ауылының үстінен шығады. Шүршіттің қолбасшысы Қорамжанды өлтіруге бұйрық береді. Домбырашы қариялар аңызын айтып, күйді шертіп болып, тыңдаушыға төніп келіп: − Міне, батыр. Шаған сияқты шүршітке жақын қонсаң көрер күнің осы. Қорамжандай, ұясынан алыста, жаудың ішінде өссең, туған жеріңе қол созымда тұрса да жете алмайсың. Адасып өлесің, − дер еді. Тәттімбет тамаша күйге қоса осы келісті, терең астарлы аңызды шығарғандағы мақсаты – азаматқа ой түсіру еді. Тәттімбеттің Алтай, Тарбағатай өңіріне келген бұл екінші келісі – соңғы келіс еді. Талапты жасқа күй үйретіп, сөз үйретіп қайтады. Тәттімбеттің бұдан кейінгі жердегі тағдыры ол жайлы мақалалардан белгілі. Әкесі Қазанғап қартайып көз жұмғаннан кейін оның орнына Нұрбике – Шаншар болысының басшысы етіп сайланады. 1842-1854 жылдар аралығында осы қызметте болады. Мұны Тәттімбеттің дастарқанынан дәм татқан поляк революционері Адольф Янушкевич те растайды. Кейіннен қызметтен өз өтініші бойынша босап, қазақ сахарасында болмаған бір іске аяқ басады. Кен өндірумен айналыса бастайды. Омбының архивінен табылған, әр кезде қазақ баспасөзінде жарияланған Тәттімбеттің Сібір генерал-губернаторларынан кен қазуға рұқсат сұрап жазған өтініштерін оқып отырып қайран қаласыз. Елінің ертеңін ойлаған көрегендігіне тәнті боласыз. Әрине, Тәттімбеттің әр қимылы бағулы болған, сызылған межесі болған. Бірақ осы әрекетінің өзінде ол Орал кендерін игерген, Ресей металлургиясының негізін қалаған, орыс капитализмінің атасы болып саналатын Демидовты елестетеді. Ұлы күйші 1862 жылы кенеттен жабысқан дерттен көз жұмған. Сүйегі өзінің туған ауылында жерленген. Тәттімбеттің есімі өзі туып-өскен Сары­арқа­да ғана емес, өзі екі-ақ рет барған Шығыс Түркістан өңірінде де ерекше мәшһүр болған. 1920-жылдары Қытайда болып қайтқан белгілі қазақ домбырашысы Жүнісбай Стамбайұлы Шығыс Түркістан домбырашыларының Тәт­тім­бет күйін шертіп отырғандарын көрген екен. Ал енді Шығыс Түркістан өңірінің Тәттімбет өлгеннен соң бір ғасырға толмайтын уақыттан кейінгі тағдырының кемеңгер күйшінің болжағанынан алыс кетпегендігін көреміз. Өзінің саяси бағдарын анықтап алмаған халық өте кеш қимылдады. 1949 жылы ұлт-азаттық қозғалыс аяусыз жаншылды. Халықтың дені тізе бүкті. Көнбеген асау­лар атысып-шабысып Тибет-Гималай асып, Индияның Кашмиріне кетті, Пәкістан мен Ауғанстанға жетті. Одан әрі Түркияға өтті. Біраз бөлігі Қазақстан топырағына келіп өз еліне қосылды.

 

* * *

Тәттімбет Қазанғапұлы қазақ халқының рухани мәдениетінде өшпес із қалдырған үлкен тұлға. Қазақ сүйікті перзентін еркелететін әдетімен Тәттімбетті Жантелі атандырған. Өзіміз көзін көрген домбырашы қариялар әр бір әңгімесін «Кешегі Жантелі Тәттімбет», «Кешегі жақсы Тәттімбет» деп бастар еді. Өзінің қысқа болса да аса мәнді ғұмырын халқына бағыштаған, сахарада кісіліктің, ізгіліктің жаңа салттарын қалыптастырған, анаға, әйелге деген үлкен құрмет иесі, жаңа серілердің атасы Тәттімбет қара жерді солай басып өткен екен. Ардагер азамат өзінің бір тыңдағаннан мәңгі бақи ғашық қылатын ғажайып күйлерімен, биік адамдық қасиеттерімен ертегінің кейіпкеріндей туған халқының жүрегінде жүре бермек.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
Дереккөз: egemen.kz




Көрілген: 495    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 13.05.2020, 12:19

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    19 Мамыр, 16:42
    Өнеге-өмір
    27 Сәуір, 11:11
    Нығымет Нұрмақов
    24 Сәуір, 12:55
    Құнанбайдың мөрі
    23 Сәуір, 10:34
    ТАС ЖҮРЕК
    13 Сәуір, 08:51
    ҚАЗАНТЕПТІ
    4 Сәуір, 23:56
    МҰХАҢНЫҢ МҰҢЫ
    31 Наурыз, 11:36
    Абайдың үш бейнесі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31