Түсіністік болған жерде үйге жаман келін келмейді

Түсіністік болған жерде үйге жаман келін келмейді

Өмірдің өзінен

Жеңгелер-ай, жеңгелер...

Қырыққа қадам басқан келіншек көліктің алдыңғы орнына, жас жігіт артқы орындыққа отырды. Әйел адам артына бұрылап қарағанда, әлгі жігіт қалталы телефонның ішіне кіріп кеткен еді.
– Макос, «Алтын ордаға» барамыз ба?
– Жоқ, өзіңіз бара беріңіз.
– Жалғыз өзім қалай барамын, ағаң өлтіреді ғой...
– Моншаға барып келгенше үлгересіз.
– Ал моншаға бармай қалса, сен барғанда үйде отырса ше?
– Айтамын ғой, түсіндіріп...
– Болмайды, басқаша ойлап қалады. Әйел адам еркектің алдында өтірікші болмауы керек. Бір алдасам, ол маған өмір бойы сенбей өтеді.
Жігіт үнсіз қалды.
– Мейлі, үйге бара берейік...
–Балаңыз шаршап қалыпты ғой, – дедім қарап отырмай.
– Шаршап қалды, – деп күлді келіншек.
–Ең кенжесімін, – деп жігіт те жымиып қойды.
– Қайным ғой, атын атамаймын. Мен үшін – Макос.
– Ал сіз – Кокос.
– Есімім – Қарлығаш. Әзілдеп отыр.
– Мынау балаңыз емес, қайныңыз секілді ғой...
– Дәл таптыңыз. Жекеменшік қайным. Осыны үйлендіріп, келін жұмсап, екі қолымды ыстық суға салып отырғым келеді.
– Керісінше, қолыңыз күйіп қалмасын.
Жеңгесі мен қайнысының әзілі мен әңгімесі жараса кететіні бірден байқалып қалды. Әдемі бір көрініс көз алдыма келді. Иә, бұрындары жеңгесі мен қайнысы арасында айта жүретін әңгіме көп еді. Қазір соның барлығы сағынышқа айналды.
Ертеректе ерекше нәрсе көп сияқты еді. Соның әрқайсысы адам тағдырына ықпал ететін. Шынын айтсақ, сондай бір бақытты шақтардың базары тарқай бастағандай. Жыл өткен сайын адамдардың арасы алыстап барады. Тіпті бір-бірімізден суып кеткендейміз. Бір отбасының мүшелері дастархан басында түгел отырып жарытып әңгіме айтпайтынын көргенде, көзіңізге жас келеді. Қолдарында қалта телефоны.
Бірде жаңа түскен келін отбасында «Нысана» деген жаңа топ ашып алыпты. Бір күні шай үстінде телефоннан көз алмаған ата-енесіне, қайындары мен қайынсіңлілеріне «шай суып қалмасын» деп хабарлама жіберіпті. Бұл енді болған оқиға. Ал болмағаны қаншама! Осындайдан да болар, тамақ ішкенін не ішпегенін де байқамай қалатындар бар. Мұндайда қайнысымен қалыжыңдасып, қайынсіңлісімен сырласып отырған жеңгені көрмейсіз. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей, әңгіме тиегін ағытатын ақ жаулықты аналар да азайғандай. Тым-тырыс дүние. Ал жақындасудың, жақындастырудың жолы қандай? Мысалы, «бәленшенің ұлы әйел әкеліпті» десе, жұрт кәдімгідей қуанып қалатын. Ауыл аралайтын әңгімелердің бірі қарадомалақтың қалай үйленгеніне, болашақ жарын қалай тапқанына барып тірелетін. «Былай сөйлесіп жүргені бар ма еді? Әлде алыпқашып келіп пе?» деген секілді сұрақтар сумаңдап үй-үйді аралайтын. Осындай жеңіл әңгіменің желігін: «Жеңгесі таныстырған көрінеді» деген бір ауыз сөз басатын. Бәрінің көңілін орнына түсіретін де осы сөз еді. Елдің назары келінге емес, босаға аттаған қыздың қадамы құтты болуын тілеген жеңгеге ауатын. Өйткені көпті көрген жеңгелер де жастығына қарамастан өзі түскен үйге жақсы адамның келуін қалайтындықтан да қайнысына қайырымды, ибалы, пысық қыз іздейтін. Абысынды аспаннан іздемей, өзі секілді келіншектердің қайынсіңлілерінің арасынан таңдайтын. Басына ақжаулық салынған соң, олар да жаңа отбасын ұятқа қалдырмауға тырысатын. Шіркін-ай, сол кездері жеңгесі таныстырған қыз босаға аттаған шаңырақты ортасына түсіргенін көрмеппіз.
Ойға беріліп кетіппін. Әлгі келіншек.
– Жеңгелеріңіз есіңізге түсіп кетті ме? – ол сәл жымиды.
Қырықтың үстінде. Құлпырып тұр. «Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе – қасиет» деген осы екен-ау. Өзінің айтуынша, күйеуі де келісті, ақылды, парасатты азамат көрінеді.
– Шаңыраққа мен келін боп түскенде қиын жылдар еді. Ала дорба арқалап, базар жағаладық. Үш қайын сіңлім, үш қайным болды. Бәрін жақсы көремін. Ал мына бұзақтың талай құйрығын жуғанмын, – келіншек балаша күлді.
Жігіт жаман көзбен қарады. Дем де түсі суып кетті. «Әзіл ғой» деген соң ғана бетіне қан жүгіргендей болды.
– Бұрын қызық еді, жеңгелеріміз қайындарымен, қайындары жеңгелерімен әзілдесетін. Абысындарымызбен қандай еді? Керемет. Қазіргілер сөз көтере алмайды. Алпыстан асқан бір жеңгеміз қайнысының қалай қатырғанын айтып отыратын. Түнделетіп елдің итін ұйықтатпайтын қайнысы таңға жуық бірақ келген ғой. Содан жеңгесі бұл жүрісі ұнамайтынын, әлі күнге неге ақыл кірмегенін қаттырақ айтса керек. Тіпті кәрі қойдың жасындай өмірі қалған әке-шешесі өлсе жыламайтынын да бетіне басады. Бұл сөзді әке-шешесі де қоштай кетеді. «Қорқпаңдар, жылаймын» десе де, жігіттің уәдесіне үйдегілер сенімсіздік білдіреді. Содан әлгі қайнысы «осыларды бір қатырайын» деген байламға келеді. Ертесіне таң біліне ұйқысынан оянып, үйдегі биені мініп, ауыл шетіне барып тұрады. Жұрт қорадағы сиырларын шығарып, бақташының алдына салып беріп жатқанда, әлгі кісі үйге қарай аттың басын жібереді. «Ойбай-ай, ойбай, әкем-ау, шешем-ау, сендерден бір түнде айырылып қалдым-ау» деп көшені басына көтереді. Көрші-қолаң аяқтарынан тік тұрады. Алғашқы болып бір-екі көршісі «қаралы үйге» кіріп барса, шал мен кемпір апай-топай киініп жатыр екен. Алаңғасар ұлдың тірлігіне налыған ауылдағылар «мұның не, дап-дардай жігітсің. Елден ұят емес пе?» деп қыспаққа алады. Сонда әлгі келіншектің қайнысы «Мына жеңгем әке-шешең өлсе де жыламайсың деп қоймады. Қалай жылайтынымды дәлелдегім келді» деген екен.
Бұл енді ерсілеу болса да әдемі әзіл.
– Иә, жеңгелеріміз кішкене кезімізде бізді қуалайтын, есейген соң біз оларды қуалайтын болдық, – деп мен де әңгімеге май тамызып қойдым.
Келіншек те әңгімешіл, сөз берсең өткен күндерді өрнектеп жіберетін жан екен. Тағы бір әңгіменің тиегін ағытты.
–Менің Күлия деген жеңгем болды. Келінді сынау үшін қайнағалары балаларына кітап оқып беруді тапсырып, өздері де сол жерде отырып алады екен. Сонда ол кісі өзі түскен отаудағы үлкен-кішісі бар барлығының аты аталып қалмауынан қорқады екен. Аттас кейіпкер болса, сол есімді өзгертіп жібереді. Мысалы кітапта Қуат деген қайнағасының аты кездесіп қалса, «Энергия» деп оқуды жалғастыра береді екен. Қызық көріп, қанша сынаса да атаудан жалтарып кететін келіннің пысықтығына үлкен кісілер қайран қалып жүреді.
– Әлі жас болсаң да көп сынақтан сүрінбеген секілдісің ғой өзің, – дедім келіншекке.
– Аллаға шүкір, әр келін аузын байқап сөйлесе, әр қадамын байқап басса, отбасында тыныштық та, береке де болады.
– Ал енді мына қайныңыздың аяғын қашан тұсайсыз?
– Бұл әлі жас. Жиырмадан енді асты. Бірақ, үнемі қызды алдымен маған таныстыр деп айтып жүремін. Болмаса, менің де достарым бар. Қыздары тәрбиелі, бой жетіп келеді. Бізбен құда болуға қарсы емес, қайта қуанады. Әсіресе интернет арқылы, түнгі клубта таныспауды айтып отырамыз. Ол жақсы нәрсе емес. Қазір ажырасудан көп нәрсе жоқ. Дұрыс танымайтын отбасынан қыз алудың қажеті емес. Ал өзің жақсы танитын адамдармен құда болудан артық ештеңе жоқ. Тегі қандай, ағайынмен аралас-құралас жағы қалай? Білмейсің ғой. «Тектіден текті туады» демекші, не де болса текті жерден қыз алу керек. Солай ма, қайным?
– Қойыңызшы, менің қызым бар. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да соны әкеп беремін, – деген қайнысы артқы айнаға қараған маған көзін қысып қойды.
– Көреміз, Гүлайна құрбымның Гүлзат деген қызы бар. 9-сыныпта оқып жүр. Ол мектеп бітіргенше, сен де пісіп қаларсың, – жеңгесі сықылықтап күлді.
– Бұдан үлкен қайным бар. Ойнамаса жүре алмайды. Бір жолы тойға барғалы жатсам, үстіме су шашып кетті. Көйлекті қайта үтіктеп, әйтеуір ағасы келгенше дайын болдым. Ақыры мен де оны қатырайын дедім де, сәбиімнің үлкен дәретін қағазға орап, костюмінің қалтасына салып қойдым. Ертесіне шайдан соң «Жеңеше, ойын көтере алмайды екенсіз. Дос балалардың алдында ұятқа қалдым» деп күледі.
– Мына әзілдеріңіз сұмдық екен. Достарыңыз, болмаса абысындарыңыз келінді қалай таңдап жүр?
– Мен білетін абысындарым мен достарымның бәрі ұлдарын «интернет арқылы» үйлендірген жоқ. Бәрі таныс арқылы келінді болды. Бір абысынымыз сонау Атырауға тойға барып, таныстарының қызына көзі түскен ғой. Арада алты ай өткенде сырға салып қайтты. Осындай түсіністік болған жерде үйге жаман келін келмейді.
Әңгімемен отырып, Сайранға қалай келгенімізді де білмей қалдық. Артқы орындықта ұйықтап қалған қайнысын оятып алған келіншек «қой, тездетіп үйге барайық, ағаң іздеп қалар» деп көліктен түсті. «Шіркін, келіндердің бәрі осындай болса» деп ойладық.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Фейсбуктегі парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста