Алаш үні

ҰҚК шетелдік тыңшыны ұстау операциясының хронологиясын жариялады

  • © Photo : Алматы обласы ПД

    © Photo : Алматы обласы ПД

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелдік тыңшыны ұстау операциясының хронологиясын жариялады. Бұл оқиға "Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар" кітабына енді. Шетелдік барлау қызметінің агенті құпия құжаттар мен әскери байланыс құралдарының үлгілерін алуға тырысқан.

 

"Максималистің" тапсырысы

 

2002 жылдың қазан айында Алматыда жүрген шетелдік азамат ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына ілігеді. Ресми ақпаратта ол "Қазақстанда сауда-экономикалық байланыстар орнату үшін келді" деп көрсетілген. Алайда комитет мамандары оның негізгі қызметі тыңшылық екенін анықтады. Әскери техникаға деген қызығушылығы да ерекше болған. Тергеушілер оны шартты түрде "Максималист" деп атап, оның сұранысына қарай әрекет етуге кіріседі. Алдымен тыңшының айналасына "Темный" деген агентті жібереді. Ол барлығымен достық қарым-қатынас орнатып, тез тіл табысып кетеді.

 

Тыңшылық үшін күдікке ілінген шетелдік азамат та "Темныйға" сеніммен қарай бастайды. Ал көп ұзамай, өзінің негізгі мақсатын айтып қалады. Қазақстанның Қарулы күштерінде сенімді адам тауып, сол арқылы арнайы телефон аппаратын (шифратор) қолға түсіру керек дейді.

 

"2003 жылдың басында агент пен шетелдік азаматтың келесі кездесуі Алматы қаласында өтті. "Максималист" оған керекті шифратордың суретін көрсетіп, нақты тапсырма берді. Агент дәл сол аппаратты тауып беретін әскери қызметші табуы керек", - делінген ҰҚК материалдарында.

 

Сол кезде жедел қызметкерлер бір жайтқа таңғалды. "Максималист" осы тапсырыстың ақысын өз елінің елшілігі төлейтінін және әріптестік байланыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін ашық айтты. Бәрі сәтті өтсе, келесі тапсырыстарды орындау үшін Алматыдан пәтер жалдауға ниетті екенін де жеткізді.

 

Алматыда өз үйінде жүргендей болды

 

Тапсырыс алынғаннан кейін шетелдік азаматты бақылау шаралары жалғасты. Сол кезде ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің байқағаны, "Максималист" Алматыға әртүрлі компаниялардың өкілі ретінде жиі келіп тұрды. Ал жақын таныстарының арасында шетелдік барлау қызметіне қатысы болуы мүмкін деген адамдар болды.

 

"Ол қазақша және ұйғырша еркін сөйледі. Ұйғыр және дүнген диаспорасындағы таныстарының арқасында Алматыда өз үйінде жүргендей болды. Солар арқылы құқық қорғау, кеден және салық органдарымен байланыс орнатты. Отставкадағы офицер деген әскери атағы да беделін арттырды. Шекарадағы бақылау қызметінің мамандары арасынан біраз таныс тауып алды", - делінген құпиясы ашылған материалдарда.

 

"Максималистің" өзі де құпия қызметтің қыр-сырын жақсы білген. Айналасындағы адамдарды үнемі тыңғылықты тексеріп отыратын. Ал сырттай бақылаудан оп-оңай қашып кететін. Бір ретте өз елінің әскери барлау резиденті орналасқан Бішкек қаласына да барып қайтты.

 

Шифратор не үшін керек

 

Тергеушілер "Максималистке" РТА-7М шифраторы не үшін керек болғанын да анықтады. Бұл құрылғының көмегімен жабық байланыс жасайды. Алайда ол өзі құпия технологияларға жатпайды. Сөйтсе, шифраторға қосылатын тағы бір құрылғы "өте құпия" заттарға кіреді.

 

"Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жасаған қорытындыға сәйкес, Т-206-3М1 арнайы аппаратының техникалық сипаттамасы мен нұсқаулығында "өте құпия" және "құпия" деген белгілері бар. Аталған аппаратты немесе оның техникалық сипаттамасын жоғалту ақпараттың жабық алгоритмдерін жария етуге әкеп соқтырады", - дейді мамандар.

 

Осылайша, күдіктінің әскери барлауға қатысы бар деген болжам расталды.

 

Ойынға "Қайра" қосылды

 

Біршама уақыттан кейін әскери қызметшілер тарапынан басқа бір құпия көмекшіні кіргізуге шешім қабылданды. Ал агент "Темный" ойыннан шығарылды. Себебі "Максималистің" елінде оның жақын туыстары тұрған. Оларға айтарлықтай қауіп төнген еді.

 

Сөйтіп, жедел ойынға Алматы гарнизонындағы әскери бөлімде қызмет еткен байланыс саласының маманы қосылды. Агентке "Қайра" деген лақап ат берілді. Оны жан-жақты дайындады. Тіпті, "Темныймен" таныстырғанда екеуінің агент екенін ашық айтуға тура келді. Барлау қызметінде ондай оқиғалар сирек кездеседі. Агенттер бірнеше ай бойы дайындалды. Өйткені екеуінің қалай танысқаны туралы аңыз шынайы болуы қажет. Осы жұмыстың нәтижесінде "Максималист" пен "Қайраның" танысуы ойдағыдай өтті. Ал "Темный" ақырын ойыннан шығып кетті.

 

Бірақ "Максималист" барынша сақтық танытты. Кейінгі кездесуде "Қайраның" жеке басының деректерін тәпіштеп тұрып сұрады. Туған жері, білімі, туысқандарымен байланысы, материалдық жағдайы, лауазымы, әскери бөлімнің орналасқан жері және тағысын тағы. Артынан өз таныстары арқылы барлық ақпаратты тексеріп тұрды.

 

"Ол агенттермен болатын кездесуге көп жағдайда 30-40 минутқа кешігіп келетін, кей кезде соңғы сәтте басқа уақытқа ауыстыра салатын. Сөйтіп, жаңа танысын тексеріп, сыртынан бақылау жүрді. Осыны жаңа "досынан" да талап етті. Мәселені телефон арқылы ашық талқылауға тыйым салды. Ал ерекше маңызды бар мәселелер бойынша басшысының ақыл-кеңесін алу үшін өз еліне барып тұрды", - делінген ҰҚК материалдарында.

 

Жоспарды бүге-шүгесіне дейін ойластырды

 

"Максималист" шифраторды алу жоспарын бүге-шүгесіне дейін ойластырып қойды. Оны өз қолымен алмауға тырысты. Жоспар бойынша ол Алматының халық тығыз орналасқан бір ауданынан пәтер жалдап қояды. Ал "Қайра" шифраторды сол пәтерге әкеліп қояды. Сосын банкке барып, пәтер кілтін "Максималистке" бергеннен кейін ақшасын алады.

 

2003 жылы наурыздың соңында шетелдік азамат "Қайрамен" тағы кездесіп, аппаратты жан-жақты тексеруді тапсырады. Шифратордың бірде-бір сымы қалып қоймау қажет. Қолдану бойынша нұсқаулығын ұмытпауды қайта-қайта ескертті.

 

Ал "Қайра" өз рөлін ойнап, сәл қорқып тұрғанын жеткізді. Сол кезде "Максималист" шифратордың Қазақстан аумағында қолданылмайтынын, оны бірден өз еліне алып кететінін айтты.

 

"Максималистің" соңғы мәмілесі осылай аяқталды

 

Құпия операция уақыты жақындаған сайын "Максималист" бұрынғыдан да сақтана түсті. Тұрғылықты жерін жиі ауыстырып, кездесулердің уақытын үнемі өзгертіп отырды. Ал кездесетін орындарын тыңғылықты түрде таңдады, араласатын адамдарын азайтты.

 

Шетелдік азамат "Қайраға" жаңа телефон сыйлап, қомақты ақшалай сыйақы бергенде тергеушілер жоспарды іске асыратын күннің жақындап қалғанын түсінді. "Максималист" аппаратураны қалай жеткізудің жазбаша нұсқаумен бірге пәтерден шығып кету жолы көрсетілген сызба-нұсқаны да берді. Осының бәрі артынан заттай айғақтар ретінде тіркелді.

 

ҰҚК екі елдің қарым-қатынасына да залал келетінін білді. Сол себепті жедел-іздестіру іс-шарасын тездетіп аяқтауға шешім қабылданды. Шетелдік заттай дәлелдемелермен ұсталуы тиіс.

 

"2003 жылы 27 қазанда "Максималист" кезекті кездесуге тағы бір отандасын ертіп келді. Қазақстан азаматы, ұлты ұйғыр екен. "Қайраға" оны аудармашым деп таныстырды. Осыдан кейін "Максималист" пен оның "аудармашысы" құпия нұсқаулықты алудың шарттарын, оны Қырғызстан арқылы шетелге алып кету жолдарын "Кайрамен" бірге екі күн бойы талқылады. Арасында агентке ынтымақтастықтың алдағы уақытта болатын перспективасын, соның ішінде әскери техниканың басқа үлгілері бойынша өз ойын да ашық айтты", - дейді тергеушілер.

 

2003 жылы 29 қазан күні "Максималист" пен оның серігі "Т-206-3М1" құралына арналған құпия материалдарды алып жатқан жерінен ұсталды. Операция кезінде сол елдің арнаулы қызметінің ресми өкілі куәгер ретінде шақырылды.

 

"Максималисттің" ісі әскери сотта қаралды. Шетелдік азамат Қазақстан аумағында шпиондық әрекет жасағанын мойындады. Оның серігі де өз кінәсін мойындады.

 

Сот үкімімен бойынша "Максималист" 13 жылға сотталды. Ал оның "аудармашысы" 10 жылға бас бостандығынан айырылды. "Максималисттің" соңғы мәмілесі осылай аяқталды.

 

 

 

sputnik.kz




Көрілген: 1972    Пікірлер: 0

бейсенбі, 11.11.2021, 08:40

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31