Алаш үні

Зарқын Тайшыбай: "Ұрпаққа ертегі емізіп, аңызбен асырай беру - обал..."

  • Зарқын Тайшыбай:

    Зарқын Тайшыбай: "Ұрпаққа ертегі емізіп, аңызбен асырай беру - обал..."

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбаймен сұхбат.


– Әңгіменің әлқиссасын ұлы ханның өмірдерегін нақтылаудан бастасақ. Абылай ханның өмірі мен қызметіне байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр, соның ішінде туған-өлген жылдары туралы екі түрлі мағлұмат бар. Бұған байланысты не дейсіз?


– ХХІ-ғасырдың басына дейін Абылай ханның өмірдерегінде 1811 жылы туған, 1781 жылы қайтыс болған деген мағлұмат тараған. ХІХ ғасырдағы шетелдік және Ресей энциклопедияларында, орыстың кейбір зерттеушілерінің еңбектерінде осы жылдар даусыз ақиқат ретінде жазылып келді. Әлбетте, қазақ зерттеушілері де бұған күмәнмен қараған жоқ. Бірінен бірі көшіріп жаза берді. Себебі – түсінікті, жазу-сызуы болмаған, хатқа түскен деректері сақталмаған деген сияқты, анықтап тексеруге ешкім батпаған. Жалғыз бұлар емес, Абылайдың өмірі мен қызметі тек аңыз, ертегі деңгейінде таралған. Тіпті, күні бүгінге дейін, қазіргі тарих ғылымдарының докторлары мен академиктер де, «Бұқар жырау былай деген», «Үмбетей жырау былай деген»... басқасын айтпай-қ қояйын, сол «дегендерді» ақиқат дерек ретінде қабылдап келеді.


Ал, менің жағдайым басқа. Аңыздарды да, жыраулар мен жырау еместердің айтқандарын да құрметтей отырып, шындыққа көз жеткізбей, дәлірек айтқанда «көзбен көрмей», құлақпен естігендерден ғана ой қорытындылайтын мен емес. Абылайдың дүниеден озғанына 238-ақ жыл болды. Мен бұрын да айтқанмын, Бері қойғанда мың жылдық қазақ тарихымен салыстырғанда, кеше ғана. ХҮІІІ ғасыр әлемдік тарихта жаңа заман деп есептеледі. Ендеше, қазіргі және келер ұрпақты ертегі емізіп, аңызбен асырай беру обал болады. Қаттырақ айтсам, «қараңғылық» деген осы.


Ең алдымен сол 1711-1781 деген сандардың қайдан келгенін, кім, қашан шығарғанына назар аударып көрдім. Таба алмадым, ешқандай негіз жоқ. Тек, 1781 жылғы мамыр айында Абылайдың үлкен ұлы Уәли сұлтанның орыс әкімдеріне жазған хатындағы: «...әкем алпыс тоғызға қараған жасында бұл дүниеден өтті...» дегені ғана бар. Осыған қарап, орыстың хатшылары толық емес 1781-ден толық 69-ды алып, толық емес 1712, яғни 1711 деп қағазға түсірген деп түсінемін. Осы есепті мұқият қарасаңыз, Абылай 1712 жылы туған болады. Хош. Әрі қарай есептейік, Абылай «69-ға қараған жасында» қай айда қайтыс болған?


«Қазақтың ханы – Абылай» деген кітабымның 2-томының 394-413-беттерінде жазба деректер бар. Яғни, 1780 жылы күзде, дәлірек айтқанда, қыркүйектің 10-15 күндері Абылай хан Арыс бойында, тірі. Жанында Шыңғыс пен Есім деген ұлдары, атығай Дат батыр бар. Бұған Абылайдың қасынан шығып, ханның солтүстіктегі, қысқы ордасына келген Жағда Османов (орысша Ягуда Усманов) деген татар молласы куәлік етеді. Ханның хатшысы қызметін атқарған әрі орыстар тарапынан Абылайдың ізін бағатын тыңшысы болған. Сол тыңшылығы үшін ақша алады, жалдамалы қызметкер ретінде шындықты жеткізіп, қол қояды. Деректің шындығына жауап береді.


Екіншіден, Абылай туралы ауызша деректерде «Хан жетпіс жыл жасаған» деген сөз кездеспейді. Бұл да маңызды. Демек, Абылай хан 1780 жылғы қыркүйектің ортасы мен қазан айының ортасында қайтыс болған. Және 68 жаста екенін айтсақ, 1713 жылы туған болады. Уәли сұлтан «әкем 50 жыл бойы патшаға қызмет етті» дегенде, жырауларымыздың «дәл жиырма жасыңда...» деп келетіндерін қоса есептесек, Абылайдың Көкшетау бауырына келуі 1732-33 жылдарға сәйкес келеді. Бұл қай кез екені мәлім. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мен Орта жүздің ханы Сәмекенің «ақ патшаға адалдық сертін беріп, тату-көршілік шартын жасасқан» жылдар. Бірақ, Сәмеке хан шартты бұзып, императрицаның алдында жазықты болып қалады да, қауіптеніп, Орта жүздің Ресеймен шекарасын бекіте бастайды. Тобыл бойына Құдайменде сұлтанды, Ертіс шебіне Сұлтанмахмұт сұлтанды, Көкшетау-Есіл өңіріне Абылай сұлтанды тағайындап, аймақтық басқару тәртібін енгізіп, әкімшілік реформа жасайды. Бұл айтылғандар дау туғызбайтын ақихат. Тек аңыздардан, «сабалақтардан», «Төле бидің түйесін бағудан», «Бөгенбай батырға мінгескеннен», «Шарыштың басын алғаннан»... аулағырақ, сау баспен ойлап, тарихты ғылым ретінде зерттеуге қадам бассаңыз-ақ, шындық шырқырап шыға келеді.


– Абылайдың ақ үйі бүгінде тарихтың тамаша ескерткіші ретінде қалпына келтірілді. Бұл үй туралы не білесіз, оның тарихымен бөлісіңізші.


– Бұл сұрағыңызға мен жауап беріп үлгердім-ау деймін. «Естіген құлаққа жазық жоқ» екені рас. Бірақ, сол естігеніңізді сабырмен таразылап, асықпай-аптықпай, ойланып көрсек қайтеді. Әуелі, сол кездегі, ХҮІІІ ғасырдағы бүкіл әлемдік жер бөлісін, Еуразия құрылығындағы құбылыстарды, Қазақ хандығының гео-саяси жағдайын білу керек. Одан кейін Абылай сұлтанның адам ретіндегі, азамат, қолбасшы, билеуші ретіндегі ерекшелігін, мінез-құлқын білу керек. Мен айта-айта қажыдым, тек «Абылай сұлтан сияқты азамат алтыннан салып берген ордаға да бас сұқпас еді» деген қызылжарлық Тамара Макарова деген өлкетанушыны тыңдамадық. Жарайды, «Қазақтардың шабуылынан қорғау үшін Ресей патшасының жарлығымен салынған бекіністен жарты шақырым жерде тегін тұрғызып берген бес бөлмелі үйде» Абылай хан шіреніп жатсын-ақ, сонда, артындағы қалың қазақғы оны сұлтан ретінде, хан ретінде сый-құрметке бөлер ме еді? Оның Алатаудай абырой-атағы ауыздан-ауызға, ғасырдан-ғасырға ұласып, туған жерге, елге деген адалдықтың ұранындай күшке ие болар ма ед? Жоқ. Нағыз коррупционер, сатқын болар еді! Енді ойланып көріңіз.


– Сонда...


– Сонда «ақ үйдің» қалай, қашан, неге салынғаны туралы дерек білгіңіз келеді ғой. Мұндай деректер бар. Ақ қағазға қара сиямен, айы-күні, адамдардың аты-жөні көрсетіліп жазылған құжаттар сақталған. Жаңағы айтқан «Қазақтың ханы –Абылай» деген кітабымның 217-225-беттерін қараған әрбір сауатты адам табады. «Петропавл бекінісінен 250 шақырым жерде» деп атап жазылған... «1765 жылғы 1 мамырда Абылай сұлтан өзінің Бөрі сұлтан деген ұлына бастатып, Петр ағзам бекінісіне 14 қазақты жіберіпті. Оларды орнына 20 балташыны құрал-сайманымен беруді сұрапты. 11 мамыр күні Петропавлдан 20 адамды, 8 арбамен, Құттыбаев Бердібай және Құттыбаев Әлмәмбетке бастап Абылай ауылына аттанып кетеді. Оларға бекіністен екі айлық тамақ беріледі. ЬБес бөлмелі «хором» салынады. 6 қыркүйекте Андрей Бедрин бастатққан орыстар Петр ағзам бекінісіне қайтып оралады. Бір ат жолда өледі, басқасы аман. Ал, Ленивцов деген каптенариус адасып кетіп, ертеңінде келген...»


– Ал, «Абылай ханның резиденциясы» Петропавл бекінісінде салынған» деген не сөз? Ол да құжатпен дәлелденген деп жүрміз ғой. Тіпті, 2008 жылы Президентіміз өзі барып ашты ғой...


– Президенттің ашуы рас. Бірақ, Абылай ханға арнап музей тұрғызу, оны жасақтау деген аса қажет, сауапты жұмыс. Абылай хан ондай құрметке, тіпті одан да артық құрметке лайық. Солай бола тұрса да, «1765 жылы Ресей патшасы Абылайдың орыс-қазақ достығын нығайтқаны үшін оған Петропавл бекінісі басынан Ақ үй салып беріпті. Абылай оны қабыл алыпты» деу және сол өтірікті «дәлелдеу» үшін тарихи шындықты өрескел бұрмалау – ұлы ханның әруағы алдында үлен күнә дегеннен басқа айтарым жоқ.


– Басқа тарихшылар, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты не дейді?


– Ол жағын солардан сұрап көріңіздер.


– Абылайтанушы ретінде, оның қандай тұлға болғанына баға берсеңіз? Біз Абылайды өз дәрежесінде танып жүрміз бе?


– Қазақ үшін Абылай ханның бағасы бізге дейін беріліп қойған: «Абылай дәуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры деген Шоқан Уәлиханов. «...Қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында, қалмақтың құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен. Абылай заманында сүрген дәуренді қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес, Абылайдан соң, бұл заманғаша көрген емес» деген Мәшһүр Жүсіп ғұлама.


“Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң, қазақтың қазақ болуына, басы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруына ерен еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас” Өйткені, “... сол аласапыран дәуірде қалың елдің “қайраңдап жан қала ма” деген “Қазықұрттай» үміті жалғыз қана Абылай басында қалған болатын. Ескі қазақ елдігін, ескі жұрттың тілегін, ту көтеріп бір араға жиған Абылай болатын” деген данышпан Мұхтар Әуезов. Басқа қандай сөз болуы мүмкін.


Абылайдың Сабалақ аталуының себебін кісі есігінде жүріп мал баққан деп құлағымызға сіңіріп өстік. Бірақ, бүгінде оның ақсүйек ортада тәрбиеленгені туралы деректер жиі айтылып жүр. Шындығы қайсы, аражігін ажыратып алайықшы?


Ұлы адамдар туралы сыртынан тон пішкеннен гөрі, солардың ісін көріп, жазғанын оқып, замандастарының, серіктерінің пікірін естіген дұрыс қой. Және де алыпқашпа, жел сөз емес, байыпты, тексерілген жазба деректер керек. Мен Республикалық конкурста жеңіп, әр қайсысы үш жылдан екі рет мемлекеттің миллиондаған қаржысын ұтып алып, 20 жыл бойы Абылайды зерттеген адаммын. Әуесқойлық емес, мемлекеттік тапсырыспен. «Абылай хан» деген атпен 2005 жылы құжаттар жинағын толық түсіндіріп, , монографиямен шығардым. 2011 жылы «Мәдени мұра»жобасымен «Қазақтың ханы – Абылай» деген 1360 беттік екі том шығардым. Қазақ тарихында тұңғыш рет. Соларды оқып көрсеңіздер, Абылайдың тұтас тұлғасы шығады. Мінезі де, батырлығы да, ішкі мәдениеті де...


– Абылай трагедиялық тұлға дегендермен келісесіз бе?


– Жоқ.


– Тарихта неліктен бұрмалаушылық, шынын айтсақ, бұра тартушылық көп?


– Ел билеген тұлғаға сын да көп, мін де көп.


– Абылайдың Ақ үйінде Уәли хан болған деген дерек бар, рас па екен?


– Орыс зерттеушілерінің сондай жорамалдары болған. Мен оларға сенбеймін. Себебі. «Ақ үй» дегеніңіз, әуелде бекініске келген саудагерлер үшін қойма ретінде ХІХ ғасырдың басында тастан қаланған, қабырғасының қалыңдығына құлаш жетпейтін шаруашылық ғимарат. Адам тұратын үй емес. Бір басынан ат арбамен кіріп, екінші басынан шығатындай, тауар түсіруге ыңғайлы қатар-қатар тізілген қоймалар. Кейін, сол берік ғимаратты іргетас етіп, үстіне жатақхана типтес екінші қабат салынған. Ол, әскери аурухана ретінде пайдаланылған. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы суреті де сақталған. Әуелде бір өтірікті таратып жібергендер, кейін, «жоқ «Абылайдың ақ үйі» бұл емес. Ол жанып кеткен соң, орнына лазарет салынған « деген лақап таратқан...


– Абылайдың қазақтың өзге хандарынан ерекшелігі неде?


– Менің түсінігімде, хандардың жақсы-жаманы болмайды. Осыны есте ұстайық. Хан дегеніміз өз заманында халқының бастаушысы, қорғаны. Яғни, мәселе Абылайдың өз заманында халқын қалай ұстағанында. Ал, Абылайдың заманы қандай болғанын тарихтан білесіз.


– Оның бүгінгі біз білетін бейнесі ақиқатқа жанаса ма?


– Әуелі Абылай өмір сүрген, ол билік құрған заманды, қазақтың басына төнген тағдыр-талайды жақсы түсінсек, Абылайға деген құрметіміз соған сай қалыптасуы керек.


Нұргүл Қалиева


Abai.kz




Көрілген: 1291    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 18.02.2019, 15:48

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31