Аңызға айналған көк аса

Аңызға айналған көк аса

Ұлы ұстаз, халықтың сенім-сүйеніші Пір Бекеттің қасиеті жайлы ел аузында аңыз әңгімелер көп таралған. Сондай аңыздардың бірі – Бекет атаның көк асасы. Аңызда: «Бекет он төрт жасқа толғанда әкесінен білім жолына түсуге рұқсат сұрайды. Мейірімді әке ақ батасын беріп: «Менің ақылымды тыңдасаң, Шопан Атаға бар. Соның рұқсат батасын ал, басына барып тағзым ет, түне» депті. Көкірегі ояу, санасы сергек, қиялы қыран, жас Бекет Шопан Ата аруағына тәу етіп, үш күн түнеген екен. Аруақты ата түсінде аян беріп: «Үргенішке бар, сонда Пақыржан қажы деген қасиет иесіне жолық, соны сағала, шырағым!» депті. Сонда Бекет: «Уа, жебеушім Шопан Ата, маған Үргенішке Пақыржан қажыға бар дейсіз. Менің оған жетер мұғдарым жоқ қой?» деп сауал тастаған да, ұйқыға кеткен.
Таң сарғайып атқан уақыт мәзірінде «Балам, көлігің әзір. Жолға шық. Бұл жерден енді кет!» деген пір сөзінен шошып оянады. Алдында көлденеңдеп, әбзелі түзілген пырақ тыпыршып тұр екен. «Иә, Алла, жолымды оңғара гөр!» деген Бекетті пырақ ала жө­неліпті. Содан бір шаһарға келгенде пырақ көзден ғайып болыпты.
Бекет Пақыржан қажыға кезігіп, оның шәкірт­терімен қатар жеті жыл дәріс алады. Бекетке пірдің пейілі ерекше ауады. Біраз жыл өтеді. Бір күні ұстаз айтады: «Шәкірттерім, медресені тәмамдар кездерің жетті. Менің дәрісімнің қаншасы дарыды, оны Алла біледі, өмір көрсетеді. Мен қартайдым, менің ісімді енді жалғастыратын – сіздер. Мен Аллаға сыйынып асатаяғымды лақтырамын. Сол таяқ түскен жерден мешіт-медресе салдырып, бала оқытарсыңдар» деген ұстаз ырғап-ырғап, асатаяғын лақтырып кеп жібереді. Шәкірттер сан тарапқа жүгіре жөнеледі. Бекет медресе ішінде отырып қалады. Мұны байқаған ұстаз: «Балам, сен неғып отырсың?» – дейді. «Ұстазым, сіздің асаңыз жақын жерге түскен жоқ. Оны іздеуге өзіңізден бата алып, жолға шығуым керек», – деген Бекетке Пақыр­жан қажы зерек, ерекше қабілетті шәкіртіне ақ батасын беріпті.
Бекет арып-ашып апталап, айлап жол жүріпті. Үстірттің Маңғыстау ойпатына сұғына біткен бір тұмсығына келгенде қыр үстінде тұрған ұстазының асатаяғына көзі түседі. Пір аманаты бойынша Бекет асаны ниет қылып келсе, жанында бір қарт кісі отыр екен. Асаны алуға ол пейіл білдірмесе керек. «Бұл асаның құдіретінің пәрменімен осында келіп шаншылғанына – жетінші жыл. Менен өзге мұны көрген-білген пенде жоқ, асылдың иесі менмін. Таңға­ларлық сыры сол – аса орнынан міз бақпайды, суырылмайды» депті. «Олай болса, бұл асаны күші жетіп, суырып алған адам меншіктесін» деп сөз тоқтатыпты. Үлкеннің жолын сыйлаған Бекет қарт кісіге кезек беріпті. Үш күн бойы арпалысқан бейтаныс қарт көздегеніне жете алмай, болдыртса керек. Қарттың көңілі босап, жүзі жабырқау тартып, Бекетке, амал жоқ, кезегін береді. Бекет шаншулы асатаяқтың жанына келіп: «Иә, Алла» деп дұғасын оқығанда, асатаяқ оп-оңай суырылып, қолында тұрады. Қазіргі Бекет-Ата мешіті жанындағы күні-түні тынбай ағып жатқан тұщы сулы кәусар бұлақ сол Пақыржан қажы лақтырған асатаяқтың суырылып алынған орнынан бастау алған деседі. Ал бейтаныс қарттың көз жасы тамған екі жерден ащы сулы қос құдық пайда болған. «Сол мешіт жанындағы құдық суының ащы болуы – асатаяққа иелік ете алмаған әлгі қарттың көз жасы көрінеді» деп аяқ­талатын аңыздың тағы да бірнеше нұсқасы болса керек. Асатаяқ қадалған жерге Оғланды мешітін салдырып, бала оқытып, сопылық жолды ұстанған ата­мыздың қазірде бес жерден салған жер­асты мешіттері бар. Бекет атамыздың бес ба­ласы болған. Үлкені – Жайлау, одан кейінгісі – Байтелі, үшінші ұлы – Тоғай, төртіншісі – Байнияз, бесінші ұлы – Қодар. Ата балаларына батасы мен еншілерін бөлген кезде талай тартыстар болса керек.
Үлкен ұлы Жайлауға қара құран бұйы­рып, екінші ұлы Байтеліге бұйырған аса­таяқ бүгінде жетінші ұрпағы Аяп­бергенұлы Бердіхан атаның қолында екен. Көзбен көріп, қолмен ұстауға Бер­діхан атаның үйіне іздеп бардық. Ол кісімен жүздесу бірінші күні нәсіп болмады. Екінші күні кешқұрым барған бізді атаның өзі қарсы алды. Текті тұқымның ұрпағы бес уақыт намазын оқыған, аузынан Алласы түс­пеген, сол аулының еліне сыйлы, емшілік қасиеті де бар жан екен. Әкесіне бұйырған асатаяқтың кереметтерін «Бір Алла ғана біледі» деп сөз бастаған атамыз: «Маң­ғыстау маңына танымал Самалақ сұпы атамыз асаны үнемі асынып жүрсе керек. Асаны арқалаған бойы ел аралап кетеді екен. Бір кереметі – садақа мал Самалақ сұпының артынан өзі еріп жүрсе керек. Мың жарым малды екі айға жеткізбей жетім-жесірге таратып беріп отырады екен. Қорыққанда, қуанғанда ұшықтап, дұғасын оқып, Алладан шипа тілеп оты­ратын әкеміз талай жылдар үкімет адам­дарынан қуғын көрді. Алып кетпекші болып арнайы келген өкімет адамдарына асатаяқ көрінбей қойып, өзінің кереметін дәлелдесе керек. Елбасымыздың арқасын­да өз топырағына қайта оралған тайқазан секілді бұл асамыз да баға жетпес құнды­лық. Әкем дүниеден өткеннен кейін асатаяққа мен иелік етіп отырмын. Шамам келгенше жолын ұстанып, жалғас­тыру­дамын. Әкем кез келген адамға асатаяқты ұстатып, түнеуге рұқсат бермейтін еді. Әлі есімде, атақты ел ағаларына да рұқсат бермей, қайтарған күндері болған. Шы­нында да, асатаяқтан ем, күш-қуат алғысы келген пенденің ниеті түзу, өзі таза бол­маса, өзіне зиян келері анық. Өзіміз де асаның жанына бара бермейміз, кез келгеннің қолына да ұстата салмаймыз, мұражайға да тапсырмадық. Әке-шешең­нен қалған қандай зат болса да, көзіңе ыстық болары шындық. Мұның қасиетін бір Алла ғана біледі. Асатаяқ жөнінде қы­зық­ты әңгімелер өте көп, қасиетін халық бағалайды. Алладан сұрап, пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с) құрметі үшін дұға-тілек жасағанның тілегі қабыл болады», – деп сө­зін аяқтаған Бекет ата ұрпағы асатаяққа үш рет маңдайын тигізіп, сүйіп, тілек тілеуге рұқсат етті. Қағбадағы қара тасты сүйерде хазіреті Омар «Ей, қара тас, сені пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүйгені үшін сүй­дім» дегендей, асатаяққа маңдай тигізіп, сүйіп, тілек тіледік. «Алла ниетімізді қабыл қылып, елімізді тыныш қылғай» деп тілек айтып кете бардық.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста