Желі жойқын Жоңғар қақпасы

13 шілде 2013, 13:18

Ұлан-ғайыр байтақ даланың оңтүстік өлкесінде орын тепкен Алатауға еліміздің қай қиырындағы қазақтың да бүйрегі бұрып, жақын тартып тұрады. Қашаннан да ұшар басын бұлт шалып, зеңгір көкпен таласқан таудың әсем келбеті мен көркем көрінісі кез келген адамның жүрегін жылытып, өзіне баурай түсетіні тағы бар. Сондықтан да әр қазақ жол түссе, осы бір ғажайып сұлулықты тамашалап қайтқанды қалайды емес пе? Жасыл желегі жайқалып, өзені мен бұлағы сылдырап, сан алуан құсы сайраған Алатауға тек өзіміз ғана емес, қазақ топырағына табаны тиген әрбір шетелдік қонақ та тамсанып, таңдай қағып, қызыға қарайды. Жер шарын алып қарасақ, қолмен жасап қойғандай табиғат байлығы көп кездесе бермейтіні рас. Ендеше, біз осындай көркем мекенмен кеудемізді керіп мақтана аламыз. Сондай-ақ ардақ тұтар атамекеннің әрбір құбылысын қалт жібермей қадағалап, оны өзге мен өзімізге кеңінен насихаттауға жол ашсақ та артық емес. Рас, Алатау – келбеті көркем өңір. Шыңына көзің жетпейді. Көркіне сөзің жетпейді. Басынан қар кетпейді, өзіне тау жетпейді. Балалық кезден бәрімізге жақсы таныс «Алатау» әнінің өлең жолдары дәл осылай өріледі...

Көркем өлке
Алатаудың шығыс өңіріне жақын бөлігінде Жоңғар қақпасы деген бөлігі бар. Бұл жерден батысты бетке алсаңыз, Жетісу Алатауы жалғасады, шығысында Бірліктау мен Майлытау алдыңнан шығады. Жоңғар немесе Жетісу қақпасы аталатын ойыс, яки табиғи өткел осы екі аралықтың тап ортасында орын тепкен. Бұл алқап Балқаш-Алакөл ойысын Ебінұр көлі арқылы Жоңғар жазығымен байланыстырып жатыр. Оның абсолют биіктігі 300-400 метрді шамалайды. Ұзындығы – 80, ең тар жері 10 шақырымды құрайды. Жоңғар қақпасының солтүстік бөлігінде Жалаңашкөл жатыр. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердің климаты қатаң болып келеді. Көбінесе екпіні күшті Ебі желі соғады да тұрады. Бұл атау Ебінұр көліне байланысты қойылған. Өйткені жел әрдайым сол жақтан соғып тұрады. Ал оған қарсы соғатын желді жергілікті жұрт «Сайқанның желі» деп атайды. Себебі осы маңда Сайқан тауы орын тепкен.
Бұл аумақ негізінен тастақты болып келеді. Төрт түліктің жайылымынан басқасына қолайсыз. Осы маңда орын тепкен Жалаңашкөлдің солай аталу сырының да бір ұштығы сонда жатқан секілді. Себебі бұл көлдің жағасында да қиыршық тастар көбірек көзге түседі. Көлдің ені бес шақырымға созылып жатыр. Ал ұзындығы тоғыз шақырымға тақау. Арғы-бергі бетіне көз салған адам көлдің алақандай екенін байқайды. Жалаңашкөліне Қусақ және Тоқты деген шағын өзендер келіп құяды. Көлдің түбінің тереңдігі – бес метр. Ал табаны тегіс, толқынды болмаған күндерде суы мөп-мөлдір болып көрінеді. Бұл көлді өте көп болмаса да, сазан, көкбас секілді балықтар мекен етеді.
Екпінді Ебінұр желі
Ел арасында «Ебінің желі иен дала­да жолаушылап келе жатқан аттылы адам мен кішігірім тастарды да көкке көтеріп алып кете алады» деген әңгіме айтылады. Бұл әшейін айтыла салған әң­гіме ме? Де­генмен оған қарсы пікір айта­тын адамдар бар­шылық. Сондықтан оны кейбір кісі­лер­дің әсірелеп айтты деуге негіз жоқ. Өйт­кені осы бір сөздің шынды­ғы­на көз жет­кізетін нақты дәйектер көп көрінеді.
 Қақаған қыс мезгілінде оңтүстік пен оң­түстік-шығыстан жел соғып тұрады. Ал жаз айларында барлығы керісінше, яғни жел солтүстік және солтүстік-батыстан соғады. Қыстағы желдің жылдамдығы едәуір екпінді екенін ел біледі. Оның жыл­дамдығы секундына 60-80 метрді шама­лап тұр. Желдің жылдамдығын таразылап көрген ғалымдар одан 5 мың МВт шама­сында электр қуатын өндіруге болатынын болжап отыр.
Жетісу қақпасы Еуразия бассейніндегі орасан зор ауа массасы ауысатын өңір болып табылады. Сондықтан оны кейбір адамдар Орта Азиядағы жел полюсі деп те атайды. Бұл қақпа есте жоқ ескі заманнан-ақ Орта Азия мен Қазақстанның көшпелі халықтарының бір-бірімен қатысатын өт­пелі жолы болғаны тасқа басылған кейбір еңбектерде айтылады. Бұл өңірді Петр Семенов-Тянь-Шанский, Шоқан Уәли­ханов, Николай Пржевальский, Лев Берг сынды жиһанкез ғалымдардың қызы­ғушылығын тудырып, олардың зерттеу жұмыстарын жасауына ынтасын арттыра түскен. Қазіргі таңда осы қақпа арқылы Қазақстан мен Қытайды жалғайтын Дос­тық-Алашанхоу теміржолы өтеді.
Майдан даласы болған...
Жетісу Алатауы мен Барлық тауының аралығында жатқан жазық өткелді қазақ халқы қаншама ғасырдан бері Жоңғар қақпасы деп атап келеді. Барлық тауы Тар­баға­тайдың үлкен бір сілемі саналады. Ала­көлден өткен жолаушы осы бір екі таудың арасы бірде алыстап, бірде жақындай түс­кенін айқын аңғара алады. Бұл көрініс шекараға дейін дәл осылай жалғаса түседі. Жалпы алғанда, Жоңғар қақпасы Алакөл көлінің шетінен бас­та­лып, Қытай жеріндегі Ебінұр көліне дейін созылып жатыр.
Тау баурайындағы табиғи өткел не­ліктен Жоңғар қақпасы деп аталған? Тарих­тан белгілісі – біздің халқымыз ат үстінен түс­пейтін жауынгер болған. Қазақ­тың ба­сынан қаншама қиын күндер өтті. Соның бірі – жоңғарларға қарсы соғыс. Тарих­шылардың айтуынша, сол бір қиян-кескі шайқастардың дені осы табиғи өткел маңында болған көрінеді. Олардың күш деңгейі Жоңғар қақпасы қайсысының қолында қалуымен баға­ланып отырғанға ұқсайды. Елдің ара­сында «Халықтардың ұлы үркіншілігі» деп аталатын науқан да осы қақпасыз өткен жоқ. Сонау бір ғасыр­дағы Шыңғыс хан бастаған моңғол шап­қыншылығы да осы қақпа арқылы жүзеге асқанын ел біледі. Қазақ энцикло­пе­дия­сында «Жоң­ғар қақпасы маңында соғыс қимылдарын бастай келе, моңғол әскер­лері Жетісудың барлық қалаларын, Шу, Талас және Сыр­дария бойын қақыратып, Орта Азияның ірі саяси және мәдени орталықтарын ба­сып алды» деп жазылған.
Қазақ даласы қаншалықты кең-байтақ десек те, сынық сүйем жердің өзі біз үшін өте қасиетті. Жоңғар немесе Жетісу қақ­пасы атанған бұл мекен біздің ұлтымыз үшін ардақ тұтар жердің бірі саналады.