Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Көз байлаған кесене

28 қыркүйек 2013, 13:45

Қазақтың әр тауы мен тасында, төбе, жазығында тарихтың ізі сайрап жатыр. Тарих болғанда да адамдардың талайлы тағдыры, елді елең еткізген, жадындағы жазбалар қалған деуге болады.
Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әмәнда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақтың өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деген екен. Расында, солай. Жетісу өлкесінің тасын түртсең, шежіре шерте жөнелетінін қазыналы қариялар жақсы біледі.  Жергілікті жер тарихы туралы сөз еткенде үнемі сол көнекөздердің көкейінде сайрап жатқан деректерге жүгінетініміз де сондықтан.
Жалпы, Жетісу жерінде адам атымен аталатын ой мен қыр аз емес. Ол атауларды ешкім әдейілеп таңбайды, әулиелігімен, ерекше қасиетімен аты шыққан азаматтарын қадірлеген халықтың ілтипаты мен шынайы ықыласы осылайша көрініс беретіні бар. Сондай аймақтың бірі – Қапал өңіріндегі Суықсай мен Ащыбұлақ ауылының ортасындағы кең жазықтың ортасындағы үлкендеу төбе. Мұхаметәлі Қазбанбетов ақсақалдың жазбаларына қарағанда, ол жерде емелелі руының ақылшысы Үңгірбай атаның бейіті бар. ХVІІІ ғасырдың ортасы мен ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген бұл азамат таудағы таңбаларды, тастағы жазуларды оқи білген, артына шежіре қалдырған қазына адам болыпты. «Оның қалдырған мұрасын құдасы Дәулетбай Мұсабеков Қытай еліндегі қазақтардың қосуымен толықтырып, сақтап келген. Дәулетбай ақсақал өз заманының сауатты азаматы болған, Қытайда қазақ мектебін ашқан кісі. 1956 жылдан бастап елге оралған қандастарымыз сол атамыздың мектебінен оқығанын әлі күнге айтып отырады. Дәулетбайдан алған шежірені кеңес үкіметі кезінен жинақтап жүрген Үңгірбай атаның ұрпағы Еркінбай Бестібаев 2005 жылы кітап бастырып шығарды», – дейді шежіреші Мұхаметәлі қария. 
Үңгірбай ата қайтыс болғанда ұрпақтары сол төбенің басына биік күмбез тұрғызыпты. Күмбезді қазақ қадім заманнан киелі санаған. Халқымыздың бұл ғұрпынан хабары жоқ орыс мұжықтары күмбезді бұзып, кірпішін үй құрылысына пайдаланған деседі. Сол әрекеттерінен кейін бүкіл үй-ішімен жамандыққа душар болып, қырылып қалғаны туралы ел ішінде аңыз айтылады.
Азамат соғысының қанды қырғыны қазақ ауылда­рын қалай шарпығаны, ақырған ақтар да, теңдік әпе­ре­міз деген қызыл да қазақты жарылқамағаны тарихтан белгілі. Сол кезеңдерде ішкі Ресейден шегін­ген ақтардың қуғынына сол ауылдағы Саурықов деген бала түсіп қалса керек. Жан ұшыра қашқан атты бала қуғыншылардан осы кесенеге кіріп жасырыныпты. Артынан өкшелей жеткен жау күмбезге кіргеннен көзі байланып, қарсы алдында қорыққаннан бір уыс болып тұрған баланы байқамаған екен. Оны көнекөздер «Қасиетіңнен айналайын, Үңгірбай атаның балаға жасаған шарапаты, әулиелігі ғой» деп таңырқасып отырады.
Зиратқа зиярат етіп дұға қылу дәстүрін дәріптейтін көпшілік осындай оқиғалардан кейін әлгі төбенің тұсынан өткенде ниет етіп, бет сипаумен қатар үзеңгі­ден оң аяғын алып өтуді әдетке айналдырған екен. Бұл – аттан түспесе де аттан түсіп, зиярат еткендей ишара­ны білдіретін болған.