Құныскерей үңгірі

27 сәуір 2013, 12:25

Ғалымдардың дерегінше, қазақ даласында 140-тан астам үңгір бар екен. Оның 80-ге жуығы – қарт Қаратаудың үлесінде. Бұдан бөлек Талас Алатауы мен Өгем жоталарында – 20, Маңғыстау өңірінде – 11, Каспий ойпаты, Арал маңында – 4, Сарыарқада – 12, Алтай, Тарбағатайда – 5, Іле Алатауында алты үңгір есепке алынған.
Ал Батыс Қазақстан облысында үңгір бар ма? Әрине, бар. Таулы жердегідей терең болмағанымен, қызықты жер қуыстары кездеседі. Мысалы, Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округі аумағында жергілікті халық «Құныскерей үңгірі» деп атайтын шағын үңгір бар. «Мұндай үңгірлер Шыңғырлау және Бөрлі ауданы аумақтарында да кездесуі мүмкін» дейді мамандар. «Сонда Құныскерей деген кім» деген сауалдың тууы заңды. Тарихты парақтағанда мынадай мәліметтерге кезіктік: Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде, 1920 жылдары банды атанған Құныскерей Қожахметовтің есімі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына жақсы таныс. 1885 жылы Атырау облысы Қызылқоға ау­да­нында дүниеге келген Құныскерей бастапқыда ауыл­совет төрағасы болып жұмыс істеген көрінеді. Алайда 1923 жылы үйіне келген қонағын қорғап ГПУ өкілін атып өлтіргені үшін банды атанып, біраз жыл қуғында жүрген. Ақыры Түрікменстанға кетіп, аты-жөнін Әбіл­қайыр Жаманов деп өзгертіп, 1968 жылы сол жақта дү­ниеден озған. Батысқазақстандық өл­кет­анушы Қа­йыржан Хасанов 2008 жылы Ал­матыдағы «Үш қиян» бас­пасынан шыққан «Құныс­ке­рей» атты кітабында: «Қа­ратөбе ауданы террито­рия­сын­да Жарлы өзені бо­йында аттылы кісі сыятындай Құныскерей үңгірі бар» деп жазады.
Аңызға қарағанда, қуғында жүрген Құныскерей сырт көзге түспей, сай ішімен келіп, үңгірге кіріп кетеді екен. Үңгірдің аузы атты кісі сыятындай үлкен болса да, білетін кісі болмаса, өзгеге жасырын, елеусіз болған. Сай іші – қалың жыныс, бұта. Үңгірдің үстінен келген адам байқамайды, сайдың қарсы бетінен келген жан болса, үңгірде жатқан адамға алды алақандағыдай көрінеді. Жұрт көзіне түсіп, өзіне көмектескендердің басын қатерге байламайын десе керек, Құныскерей қыста көбіне үңгірде болған екен.
Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылының тұрғыны Әзербай деген ағамыз «Құныскерей хикаялары» деген әңгімесінде жасырын үңгір туралы қызықты деректер келтіреді.
«...Милиция органының бастықтары Құныскерей қолға түспесе, атып, жаралы күйінде ұстау керек деген тәртіп берген. Қыс түсе шетелге өтіп кетеді деген қауіп болған сыңайлы. Ақтөбеге қарай, Құлақшиден ары Бөлектау, Бармақ деп аталатын үлкен үстірт, шағын таулар бар. Сол жерде бір таудың астын қазып, Құныскерей үңгірлі-бөлмелі үй жасаған деген сыбыс бойынша оны ұстаудың жоспары жасалыпты. Оралдан мерген (снайпер) татар жігітін алдырып, милиция жасағы Құныскерейді көп аңдиды. Бөлектауды кейде Үңгіртау деп те атайды екен. Үңгіртаудың үстіне шыққанда аяқ асты дүңгірлеп тұрады дейді, бірақ айналада есік те, тесік те жоқ.
Бір күні Үңгіртаудың үстінде тұрғанда көз ұшынан бір салт атты көрініпті. Дүрбі салып қараса Құныскерей екен. Татар мерген атып жібереді. Бірақ Құныскерейге дарымайды. Құныскерей қайырыла беріп атқан екен, оқ татар мергеннің башпайынан тиіп, атынан ұшырып түсіріпті.
– Мен енді атпаймын. Құныскерей менің таудай денемді көрмей тұрған жоқ. Бұл ескерту болар, енді атсам өлтіреді. Оқ­қағары бар екен, осы кезге дейін оғым дала­ға кетіп көрген жоқ еді, – деп татар қайта атудан бас тартыпты.
Қазір Құныскерей үңгірі Егіндікөл ауы­лынан 4-5 шақырымдай жерде. Бүгінде үңгірдің аузы құлап, кішірейіп қалған. Қар мен жаңбыр суы құйылып, аузы опырылып түсіпті. Бір кездері адам еңкеймей-ақ кірген болса, қазір әбден аласарған. Енді бірнеше жылда үңгірден ештеңе қалмауы да мүмкін-ау деген көңілсіз ой келді.
Жалпы, бұл үңгірді Құныскерей өзі қа­зып жасады деу ақылға сыймайтын шығар. Шамасы бұл үңгірдің тарихы сонау сақ, сармат дәуірінен басталса керек. Бұған осы өңірде сақталған обалардың, көне жәді­герлердің көптігі дәлел бола алады. Оның үстіне бұл алапат күштің көмегімен қаша­лып жасалғандай.