Қазақ жерінің хикметтері

Құпиясын құм басқан Құмиян

Археолог ғалымдар Сыр бойында көне қалалардың көптігін айтады. Оған дәлел боларлық құтты мекендер баршылық. Көпшілігі әлі күнге дейін ескерусіз қалып отыр. Соның бірі – Жаңақорған ауданы аумағындағы Құмиян немесе Мейрамтөбе шаһары. Құмиян жайлы бала кезден естіп өстік. Біздің ауылдан онша қашық емес. Екі ортаны дария бөліп жатыр. Тіпті елдің арасында Құмиян жайлы айтылатын шағын қиссаларды да құлағымыз шалған. Осылай жүргенде оны көрудің сәті түсті. Оқушы кезіміз. Шамамен алтыншы сыныпта оқитын кезім болса керек-ті. Сол маңайға барғанбыз. Ағама Құмиянды көруге ұсыныс жасадым. Ол бұрын көрген. Жол бастады. Көне шаһар маңына келдік. Төбеден өзге ештеңе көзге шалына қойған жоқ. Қалың құмның ішіндегі тарихи орынды алғаш көргенде осындай сезімде болдым. Сол уақытта үлкендерден сұрастырып көрдік. Мардымды ештеңе айта қоймады. Тек аңызды алға тартады. Менің көкейімде жүрген «Ол қалада кімдер өмір сүрген? Қай ғасырда салынған?» деген секілді сауалдарға мүлдем жауап ала алмадым.

Есейгеннен бастап ол жөнінде мәлімет іздестіре бастадым. Өкінішке қарай, бірқатар ғылыми кітап­тарда жазылған аз-маз дерекке малдануға тура келді. Оларда Құмиян ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген қала екені айтылады. Одан әрі қарай «Қала Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылының оңтүстік-батыс жағында, 30 шақырымдай қашықтықта орын тепкен. Сыр­да­рияның құрғап қалған арнасынан 3-4 шақырым жерде тұр. Құмиян – тік төртбұрышты қала. Көлемі 210х180 метрге жуықтайды. Қорғанның кейбір сақталған биіктігі 5-6 метрді құрайды. Дуалының ені – 3-3,5 метр шамалас. Оңтүстік жағындағы екі бұры­шы­нда мұнараның құлаған орны 2,5 метр төбе болып жатыр. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы – 35 метр. Қақпасы оңтүстік-шығысында ор­наласқан. Қорғанның сыртын айналдыра қазылған ордың ені 8 метр болса, тереңдігі 1,5-2 метрге жуық. Құмиянның ортасында көлемі 45х45 метр цитаделі бар» делінеді.

Құмиянның солтүстік-батыс жағындағы бұрышта шағын ғана төбенің орны көзге түседі. Өкініштісі, оны зерттеген ғалымдар онда не болғанын тап басып айта алмайды. Дегенмен жасаған жорамалына сүйенсек, қала ішінде құрылыс жүйелері болуы әбден мүмкін. Ғалымдар Құмиянды зерттеу бары­сында көптеген қыш ыдыстарды теріп алған. Олардың ернеуінде жапсырылған жиектері мен су тасуға арналған құмыралар­дың тұт­қалары әсем жасалған.

Археологтер қалада қолөнер жасау ісі жоғары деңгейде дамыған деген жора­малын жасырмайды. Өйткені ас ішуге ар­налған ыдыстар әсем безендірілген. Олар­дың ас­тыңғы бөліктері дөңгелек болып келеді. Ыдыс­тардың көпшілігінде ақ анго­баның үстінен көк және қоңыр сырмен сы­зылған өр­нектерді байқау қиын емес. Аталмыш дү­ние­лерге пайдаланылған ыдыс­тардың бояулары Отырар қаласынан та­былған ыдыстарға өте ұқсас екен.

Бұл біздің қолымызға іліккен ғылыми де­ректер болып табылады. Әйтсе де, бұл қа­ланы кезінде кімдер зерттеді, ондай мәлі­меттерді кездестіре алмадық. Десе де, қай кезде де оған назар аударған ғалымдар аз емес секілді. Құмиянның өмір сүру кезеңі Сыр бойындағы өзге де көне шаһарлармен сәйкес келеді. Сол бір кезеңдерде дария бойына жағалай қонған қалалар өзара бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүргені тарихта айтылады. Себебі қайсыбір көне қаладағы сәулет өнері бір-біріне өте ұқсас екені байқалады.

Құмиян атауы қайдан шықты? Оны зерт­теушілер құм деген тіркеске қарай отырып, «құмдағы қала» дегенді білдіруі мүмкін деген жорамалын жасырмайды. Ал оның Мейрамтөбе деген екінші атауы жөнінде ешқандай болжам жоқ. Көнекөз қариялар да ол жайында тіс жарып ештеңе дей қойған жоқ.

Ендігі әңгіме ауанын аңызға бұра кет­кені­міз артық болмас. Құмиян немесе Мей­рам­төбеде бір қария өмір сүреді. Сол қария­ның жалғыз ұлы бар екен. Әлгі кей­уана ішерге ас, киерге киім таппай жүрген кедей болған көрінеді. Қолында жар де­генде жалғыз ешкісі болған дейді. Бұл отбасы сол ешкінің сүтін қорек ете­ді екен. Ар­тылған сүтті ыдысқа құйып, басқа бөл­меге сақтап қояды екен. Дегенмен кей­уана күндердің күнінде мына­дай жағдайды бастан өткізеді. Белгісіз біреу ыдыстағы сүтті ішіп, оның орнына бір ділдә­дан қалдырып кетеді. Кейуана бұл құбылысқа таңғалып, осы жағдайдың себебін біле ал­май, дал болады. Бұл көрініс күнделікті қай­та­лана береді. Бұрын қоңыртөбел тұрмыста өмір сүрген отбасы көп ұзамай-ақ байып шыға келеді.

Осылайша күндер өтеді. Кейуана жұм­бақ сырдың құпиясына үңілуге тырысады. Сол ар­қылы көңілдегі сауалдың түйіні ше­шіледі. Жұмбақ құбылыстың басты кейіпкері  кәдімгі жылан екен. Қарияны көргеннен кейін жыланға тіл бітіп, өзі жайында ешкімге тіс жар­мауын сұрайды. Егер бұл құбылысты бас­қа адамдар сезіп қойса, бүкіл шаһар жы­ландар шабуылына ұшырайтынын айтады.

Дәулетті өмір сүре бастаған қарияның жағдайынан шаһар басшысы да хабардар болады. Оны арнайы шақыртып алады. Баю себебін сұрайды. Кейуана жыланның айт­қаны есіне түсіп, жауап бермей, сытылып шы­ғуға тырысады. Өкініштісі, шаһар басшы­сы нақты жауап алмайынша, қарияны бо­сат­пайтынын айтады. Осыдан кейін қысым көрген кейуана болған оқиғаны баяндап береді. Содан соң жылан да көрінбей кетіпті.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін қалаға жыландар шабуылы басталып кетеді. Әркім қарақан басының қамын күйттейді. «Тұрым­тай тұсымен, балапан басымен» дегендей күй кешеді. Соның салдарынан Құмиянда тұра­тын халық қынадай қырылады. Бұл шаб­уылдан екі адам тірі қалып, қаладан қашып шығады. Алайда олардың соңынан бір жылан шығады. Екі кісі Бұқараға мал айдаған адамдарға қосылады. Болған оқиғаны оларға баяндап береді. Әлгі екі адамның бірінің қолында кетпен, екіншісінің қолында жеті таба нан бар екен. Оқиғаны естіген азаматтар оларға соларды бастарына қойып тұруға кеңес береді. Олар дәл солай жа­сайды. Ысылдап келіп, төбеден төнген жылан кетпен мен алты нанды тесіп өтіп, жетіншісіне келіп тоқтаған екен. Осының ар­қасында әлгі екі адам аман қалғанға ұқ­сайды.

Бұл Құмиянның құрып кетуіне себепші болған оқиғаның бірі ме екен? Басқа қандай жағдайлар себеп болды? Бәлкім, жаугер­шілік заманда жермен-жексен қирады ма екен? Бұл тұрғыда ешқандай нақты деректер кездесе бермейді.

Өкініштісі, терең тамырлы тарихтан хабар беретін осындай көне қалалардың жер бетінен жоғалып бара жатқаны алаң­датады. Осы маңда тұратын азаматтардың айтуынша, Құмияндағы осыдан жарты ғасыр бұрынғы биік дуалдар өте аласарып қалған. Ендігі бір елу жылда оның жер бетінен құрып кетуі ғажап емес. Оған назар аударып жатқан ешкім жоқ.




Көрілген: 1922    Пікірлер: 0

сенбі, 19.10.2013, 12:19

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    28 Қыркүйек 2013
    Көз байлаған кесене
    27 Сәуір 2013
    Құныскерей үңгірі
    16 Ақпан 2013
    Аңызға толы Аққұм
    19 Қаңтар 2013
    Тылсымға толы теңіз
    22 Желтоқсан 2012
    Жеті өлікке жан берген
    8 Желтоқсан 2012
    Аңызға айналған көк аса
    29 Қыркүйек 2012
    Хантағы атауының сыры
    8 Қыркүйек 2012
    Оғыз батыры – Оқшы ата
    14 Сәуір 2012
    Түйте әулие тасы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31