Қазақ жерінің хикметтері

Шайтанкөл – аңыздар мекені

Осыдан аттай 105 жыл бұрын Қарқаралы тауларының қарағай-қайыңды қолаттары тасқа шағылған болат шапқының шыңылымен жаңғырығып, орман-тоғайды мекендеген құс атаулы дүрлігіп, елігі елеңдеп, бұланы мөңірей қашқан бір оқиғаға куә болды. Қарқаралының архиерейі Михаил жергілікті жұртшылықтың өтінішімен Қарқаралының бір сілемі – Бұғылы тауының басына біткен Шайтанкөл көлінің маңын жын-періден аластау мақсатында мөлдіреп жатқан айдынның батыс жағалауындағы қойтасты тесіп, крест орнатты. Көлдің атауынан үріккен діндарлар «Бұл жер енді «Қасиетті көл» атансын» деп, ерекше рәсім атқарған екен. Бірақ қазақ ежелден «Шайтанкөл» атап кеткен, тау басына біткен жұмбақ көлдің атауы өзгермеді! Керісінше, Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Серік Ақсұңқарұлылар жырға қосып, шыңға біткен шараяқтағы шағын көл аңыз бен сұлу жырға арқау болып келеді...

Бір қызығы, ел-жұрт ерте бастан аңыз-әңгімелер ар­қылы көркем келбетін қалыптастырған Шайтанкөл жаратылыстану ғылымдарының нысанасына әлі ілігер емес. Теңіз деңгейінен 1200 метр биікте шарасына шү­пілдей толып жатқан аспанкөл туралы жергілікті өл­кетанушы этнографтар сөз етпесе, географтар, су құ­рамын зерттейтін сала мамандары тың ізденістер жа­самай келеді. Тіпті жергілікті санитарлық-эпи­де­мио­логиялық стансы мамандары еш өзен құймайтын, ағып шықпайтын тұйық бассейн суының құрамын анық­тамаған екен.

Шайтанкөлдің құпиялы қасиеті туралы осыдан бі­рер жыл бұрын ел газеті «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында тұң­ғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров біраз сыр шертті. То­қаң елге келген сапарының бірінде тау басындағы көл­ге түсіп, түнеп жатып қайтқан екен. Қалаға орала са­ла, батырдың денесін бөрткен басып кетіпті. Емхана, дәріханалардың табалдырығын тоздырған батырға ем табылмай, бір күні өзі түс көріп, түсіне енген ақ киімді ақсақал: «Балам, амандық сұраспадың ғой?» деп кейістік білдіріпті. Ақыры Тоқаң Қарқаралыға қайыра кеп, Шайтанкөлге шомылып, тәнін жуып, мазасын алған белгісіз жарадан құтылыпты-мыс. Шайтанкөлдің жағасына қадалған крест туралы алғаш жазған белгілі өлкетанушы Юрий Попов болса, уақыт өте су түбіне лақтырылған кресті алғаш көрген осы Тоқ­тар Әубәкіровтің ұлы екен. Шынтуайтында, көл түбінде жатқан кресті көрдім деушілер аз. Тек осыдан бес жыл бұрын архиерей Михаилдың Шайтанкөлді алас­тағанына 100 жыл толған тұста Қарағанды өңірі ка­зактарының атаманы, Қазақстан Республикасының Орыс-славяндар мен казактар қауымдастығының мү­шесі Семен Раков бастаған топ көл түбіндегі зілтемірді қа­йыра алып шығуға ынта білдірген. Алайда бас­тамашыл топ қаражат таба алмады ма, әлде өзге гео­сая­си себептерге тоқталды ма – крест су түбінен шы­ға­рылған жоқ.

Қарқаралылық Ахметбек Әрінов атты ақсақал өзінің кітабында осынау көлді мекен еткен қос шайтан туралы әңгімелейді. «Өте ерте заманда орман-тоғай­лы осынау өңірге Жиренсақал әулие келіп, ел ара­лайды екен. Әулие биік таулардың бірінің шыңын мекен еткен-міс. Күндердің күнінде ол Шайтанкөлге барған. Көлге жақындап барғанда қараса, су ішінде дене тұрқы адамға келетін сары түсті қос мақұлық шомылып жүрген көрінеді. Түсініксіз тілде өзара сөйлескен әлгі екеуінің бірі екіншісін «Әбілет, Әбілет!» деп атаса, екіншісі оған «Жәбілет!» дейді екен.

Әулие бұлардың ерлі-зайыпты шай­тандар екенін біліп, олардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, дұға оқып, айғай салғанда қос шайтан зым-зия жоғалып кеткен екен. Содан кейін әулие көл басына жиі кеп, түнеп жүргенде де шайтандарды кездестірмепті-міс. Көлдің «Шайтан­көл» аталуы содан», – дейді ақ­сақал.

Ел айтатын көптеген аңыздардың бәрі осы көлдің атауына келіп тіреледі. Шын­туайтына келгенде, ойыс-ойпатты сайда емес, жақпар тасы қатпарын қалыңдатқан тау басына біткен суды көрген қазекем «Бұл адамның ісі емес, шайтанның ісі болар!» деп топшылауынан туған шығар көл атауы. Қалай болғанда да, көл атауы үрей тудырады екен деп, сыңсыған орман ортасында, құз-қиялы тау басына біткен сұлу көлге барушылар азайған емес. Қарқаралы өңіріне келгендер Шайтанкөл басына барып, түнемей кетуді ар санайтыны да бар. Ал осы шаруалардың ту сыртында туризм мен жаратылыстану саласының мамандары бастамаған талай іс тұр. Бәлкім, осы бағыттағы шаруалар жолға түсірілсе, Шайтанкөл туралы географиялық картадан да, энциклопедиялардан  да оқып-біліп, туған жер табиғатын аялауға ынтығар жас көбейер дейміз...



Дерек-дәйек

Шайтанкөл – Қарқаралы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырым қашықта, теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 60, ені 40 метр. Тереңдігі жайлы анықтама жоқ. Ағынсыз. Айдыны қар суымен, жауын-шашынмен толығып отырады. Қарағай-қайыңды орман басқан қат­парлы жартастар сынықтары ара­сында жатыр. Мұнда мыңжылдық папоротник (мыңжапырақ), сазға біткен қияқ секілді аса сирек кездесетін емдік өсімдіктер өседі. Жан-жануарлар әлемі де бай. Бұлан, қабан, елік, тиіндердің ерекше түрлері кездеседі.





Көрілген: 7840    Пікірлер: 3

сенбі, 04.12.2010, 14:30

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    28 Қыркүйек 2013
    Көз байлаған кесене
    27 Сәуір 2013
    Құныскерей үңгірі
    16 Ақпан 2013
    Аңызға толы Аққұм
    19 Қаңтар 2013
    Тылсымға толы теңіз
    22 Желтоқсан 2012
    Жеті өлікке жан берген
    8 Желтоқсан 2012
    Аңызға айналған көк аса
    29 Қыркүйек 2012
    Хантағы атауының сыры
    8 Қыркүйек 2012
    Оғыз батыры – Оқшы ата
    14 Сәуір 2012
    Түйте әулие тасы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31