Елбасымен түн жарымында түскен суреттің тарихы

06 шілде 2013, 12:12

Астанада Түркияның «Жиһан» ақпарат агенттігінің өкілі қызметін атқарып жүрген Доған Йылдыз деген түркиялық жақсы азамат бар. Қазақстанда білім алып, осында үйлі-баранды болған Доған бей журналистикаға араласпас бұрын, елорданың қазақ-түрік лицейінде ұстаздық етіп, ара-тұра Қазақстанға келіп тұратын түркиялық делегация өкілдеріне түрікше-қазақша аудармашылық қызмет те көрсетіп жүреді. Түркиялық сондай бір топ делегацияның сапары 2001 жылы Астана күні мерекесіне тура келіпті.
Ал мереке кең ауқымда тойланып жа­тады. Елбасы мен Анкара мэрі Мелих Гөк­чек бастаған делегация түнгі сағат 01:30 ша­масында Президенттік мәдени ор­та­лық­тан шығып, Елбасы анадай жерде тұр­ған президенттік көлікке бет алады. Осы кез­де түркиялық делегация өкілдері Доған бей­ге: «Доған, қазақша білесің ғой. Сен ба­рып Президентке өтініш айтшы, суретке тү­сейік. Ертең Түркияға барғанда Елбасын көр­дік десек, сенбейді ғой», – деп ерекше өті­ніш жасайды. Аудармашы Доған бей жер­лестерінің сөзін қия алмай, бір жағы «бә­рібір бас тартады ғой» деген оймен Ел­ба­сы жаққа қараса, неге екені белгісіз, Мем­лекет басшысының көлігі әлі орнында тұр екен. Президент көлігі мен жұрт тұрған екі аралықта ешкім жоқ. Тәуекел деп кө­лік­ке қарай жүреді.
Доған ЙЫЛДЫЗ, Түркияның «Жиһан» ақпарат агенттігінің Астанадағы өкілі:
– Содан амалсыз Елбасының көлігіне қарай жүріп келемін. Ешкім алдымды кесіп, «қайда барасың» деген жоқ. Уақыт болса түнгі сағат 01:30. Ақымақтығым, әлде ал­бырт­тығым, қорқудың орнына ойлап ке­ле­мін: қазір не деп айтам? Президентім, әлде Елбасым деймін бе? (түріктерде сый­лы ада­мына осылай меншіктеп сөйлеу үл­кен құр­метті білдіреді –
автор). Сөйтіп, ой­лан­ғанша, Елбасының көлігіне келіп қал­­дым. Ақы­рын есігін ашып, ішіндегі Ел­ба­сын көр­генде, неге екенін қайдам, ау­зы­ма «ағай» деген сөз түсті. Мүмкін, қа­зақ­тардың орта­сын­да көптен жүріп үйреніп қалған­ды­ғымнан болар.
– Саламатсыз ба, ағай! Кешіріңіз, анау жерде тұрған түрік бауырларым қоярда-қоймай Сізге жіберді. «Сізбен суретке түссек» деп өтініп тұр.
Елбасы жымиып күлді де:
– Ренжімесінші, келесі жолы түсейік, – деді.
Мен айналып түрік жерлестеріме кел­дім, ал олардың көздері бақырайып кеткен. «Ойбай, Доған, сен мықты екенсің ғой. Елбасыға тікелей бара алады екенсің. Сен тағы барып өтініш айтшы, көріп тұрмыз ғой қо­лыңнан келетінін», – деп жалынды. Бар­ма­йын десем, бәрі құрметті кісілер, ара­ларында ірі бизнесмендер мен министр де бар. Амалсыз қайта бардым:
– Ағай, кешіріңіз. Түріктер түсінбейді, өтініп болмай жатыр.
Нұрсұлтан Әбішұлы күлді де: «Қане, келсін онда», – деп, өзі жеке фотографын шақыртты. Қуанып кеткен түрік жерлестерім жүгіріп келіп, бәріміз Елбасын ортаға алып суретке түстік.
Ертеңінде жұмысына, түрік-қазақ ли­це­йіне Елбасының баспасөз қызметінен теле­фон шалып, Доған Йылдыздың рези­ден­цияға келіп кетуін сұрайды. Ол кезде ре­зиденция – қазіргі Президент мұражайы. «Ойбу, енді кешегім үшін ұрсатын шығар» деп қорқып бардым. Барсам, кешегі суретті үлкен форматта шығарып қойыпты. Ой, қуанғаным–ай! Сөйтіп, түрік бауыр­ла­рымның алдында атақ-беделім сұмдық зо­райып кетті. Ал қазір ойласам, тіпті қор­қамын. Сол кезде қалай жүрегім дауалап Пре­­зиденттің көлігіне бардым, қалай тіл қат­тым деп. Екінші жағынан, меселімді қай­тармай, тілегімді орындаған Елбасыға ал­ғысымды да айтып жеткізе алмаймын», – деп еске алады «Жиһан» ақпарат агент­тігінің өкілі Доған Йылдыз сол бір ұмытыл­мас оқиғасын.