Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: Университет инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарып келеді

13 қазан 2021, 09:40

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев халық алдында есеп берді. Осыған орай, біз Жансейіт Қансейітұлына жолығып, бүгінгі күннің өзекті мәселелері, жүзеге асып жатқан жоба-жоспарлар, келешекте қолға алынатын игі іс-шаралар жайында сұрап білген едік. Бүгін осы әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Жансейіт Қансейітұлы,  қазір тарихы тереңде жатқан қарашаңырақ – ҚазҰУ-дың қайта түлеп жатқанының куәсі болып отырмыз. Көшбасшы университеттің өзге жоғары оқу орындарынан озық жүруі заңдылық сияқты, дегенмен рейтингті ұстап тұру да оңай емес екенін білеміз. Осы жайында әңгімелеп берсеңіз.

– Дұрыс айтасыз, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең алғашқы жоғары оқу орындарының бірі және ерекше мәртебеге ие. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім беру саласын дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену тапсырмасы бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Университет өзінің ғылыми және білім беру әлеуетін едәуір арттырып, тек ұлттық масштабта ғана емес, сонымен бірге халықаралық деңгейде де интеллектуалды өсудің драйверіне айналып келеді. Бүгін біз жаратылыстану, инженерлік-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы 16 факультеттен тұратын көпсалалы университеттік кешен саналамыз. 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханамыз бар. Медициналық диагностикалық орталық, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ыстықкөлдегі спорттық-сауықтыру лагері жұмыс істейді. Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, «Білім және ғылымды интеграциялау» жобасы іске асырылуда. Жоғары оқу орнының шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен 500-ден астам халықаралық келісімдері бар.

Университеттің тарихы терең, оқытушылардың, ғалымдар мен студенттердің кәсіби деңгейі жоғары. Үздік көрсеткіштердің арқасында оқу орны жаһандық бәсекеге қабілетті. Посткеңестік кеңістікте тек екі университет әлемнің топ-200 үздік университеттерінің қатарына кіреді. Атап айтқанда, М.Ломоносов атындағы ММУ (78-орын) және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175-орын). Сондай-ақ университет жоғары бағаға қол жеткізген, QS Stars Rating System халықаралық рейтингінде «Бес жұлдыз» артықшылық белгісіне ие болған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.      Университет дайындықтың 17 бағыты бойынша үздіктер қатарына кіреді.

Бұл білім беру бағдарламаларының бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді. Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасының бағалауы бойынша, университет осы жылы «АА+» жоғары бағасын алды. Еуропаның жетекші университеттерімен бір шепте. Ұлттық рейтингтерде де Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үнемі көшбасшылық орынға ие.

– Оқу орнының оқытушы-профессорлық құрамына тоқтала кетсеңіз. Бүгінгі жас толқын кімдерден дәріс алып, тәлім-тәрбиесін көруде? Оқытушылардың материалдық ахуалы қандай?

– Біз университеттің кадрлық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударамыз. Оқу процесін 2800-ге жуық білікті оқытушылар жүргізеді, олардың 70 пайыздан астамының докторлық, кандидаттық және PhD ғылыми дәрежелері бар. Университет білім ордасының кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударады. Оқытушы-профессорлық құрамның штат саны шамамен 2,9 мыңды құрайды. Оның ішінде 1,2 мыңнан астам докторлар мен ғылым кандидаттары және 350-ге жуық PhD докторлары еңбек етеді. Университет профессорларының арасында Ұлттық ғылым академиясының 10 академигі мен жеті корреспондент-мүшесі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты бар. Университеттің 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегерлері. Бұл республика бойынша 20 пайыз көрсеткішті құрайды.

Грант аясында оқытушылар әлемнің жетекші университеттері – Гарвард, Йель, Стэнфорд, Берклиде біліктілік арттырды. Халықаралық конференцияларға қатысып, монографиялар мен оқулықтар шығарды. Оқытушылардың халықаралық қауымдастыққа бірігуіне үлкен көңіл бөлінеді.

100-ден астам ұстаз әлемдегі үздік 300-ге кіретін университеттерде тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ біздің оқытушылар «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамаға белсенді қатысады. Университеттің 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің университеттерінде дәріс оқыды.

Жетекші шетелдік ғалымдарды университетте дәріс оқуға шақырдық. Олар – Уэйн Детройт (АҚШ) университетінде жұмыс істейтін белгілі математик Уәлібай Өмірбай және Кембриджде жұмыс істеген белгілі нейробиолог Базылбек Давлетов.

Осы жылдың қазан-қарашасында Еуропа, АҚШ, Ресей, Түркия университетінің 35 профессоры шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы бойынша университетте дәріс бермекші. Оқытушыларды материалдық ынталандыру мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Мәселен, осы жылдың өзінде жалақы екі рет өсті. Бірінші рет ақпанда 20 пайызға көбейттік. Екінші мәрте Білім және ғылым министрінің нұсқауына сәйкес, 1 қыркүйектен бастап белгіленді. Енді мұғалімнің ең төменгі жалақысы – 285 мың, аға оқытушыға – 312 мың, доцентке – 389 мың, профессорға 500 мың теңге көлемінде белгіленді.

– Білім алушылар контингенті туралы не айтасыз?

– Университетте шамамен 25,9 мың студент бар, оның ішінде: грант негізінде – 80 пайыз, келісімшарт бойынша 20 пайыз білім алады. Бакалавриатта – 21 294, магистратура мен докторантурада – 4642. Биыл шамамен 7,7 мың студент оқуға қабылданды: бакалавриатқа – 5,6 мың (73 пайыз); магистратураға – шамамен 1,7 мың (22 пайыз); докторантураға – 361 (5 пайыз). Бакалавриат үлесі өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп. Ал  магистратурадағы грант иегерлерінің саны 1,2 есеге өсті. Жалпы алғанда, университет елдегі грант иегерлерінің жалпы санының шамамен 7 пайызын қабылдады. Сондай-ақ талантты жастар біздің университетте оқуды көбірек таңдауда. Егер өткен жылы «Алтын белгі» иегерлерінің саны 508 болса, осы жылы – 1058 немесе екі есеге көбейді.

Халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар жеңімпаздарының саны 2,6 есеге өсті. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері үш есеге көбейді. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда дарынды жастарды тарту көрсеткіші 2,2 есеге артты. Әлемнің 50 елінен 2,4 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алып жатыр. Біз 2025 жылы шетелдік студенттердің үлесін 25 пайызға дейін жеткізу міндетін қойдық. Бірқатар шетелдерде филиалдар ашамыз: Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения.

Бұл қазақстандық білім беруді халықаралық аренада ілгерілетуге қосқан елеулі үлес. Биыл академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша  университеттің 70 студенті Еуропа, АҚШ және Оңтүстік-Шығыс Азия университеттерінде бір семестр бойы оқымақшы.

– Университет түлектеріне сұраныс қандай?

– Шәкірттеріміз еліміздегі ең көп сұранысқа ие түлектер қатарында. Түлектердің жұмысқа орналасуы орта есеппен 94 пайызды құрайды. Университет түлектері барлық салада табысты еңбек етіп, қазіргі студенттерге және жалпы университетке ауқымды қолдау көрсетуде. Биыл біз әлемдегі ең жақсы университеттердің QS рейтингінде түлектердің жұмысқа қабілеттілігі бойынша үздік 201-250-ге кірдік. «Жұмыспен қамтылған түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша университет әлемде 55-орында.

Биыл біз алғаш рет халықаралық стандарттарды ескере отырып әзірленген өз дипломдарымызды бердік. Бұл қадам университеттің беделі мен имиджін одан әрі арттырады.

– Білім беру бағдарламаларында жаңалық бар ма?

– Оқытушылардың 35 пайызы ағылшын тілінде сабақ береді, 2000-нан астам студент ағылшын топтарында оқиды. Биыл біз оқу бағдарламаларын айтарлықтай жаңарттық және ең өзекті әрі перспективалық бағыттар бойынша 100-ден астам жаңа оқу бағдарламасын іске қостық. Олар: неврология, киберфизика, биологиялық инженерия, роботтық жүйелер, жаратылыстану мен инженерлік бағыттағы табиғи және технологиялық тәуекелдер. Әлеуметтік-гуманитарлық бағытта: мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық экономика, шығармашылық индустриялар, медиакоммуникация, ақылды қала экономикасы. Вирусолог мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстандық вакцинаны жасаушы биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, «Вирусология» оқу бағдарламасы іске қосылды. Оқытудың тәжірибеге бағдарлануын жақсарту мақсатында 3000-нан астам ұйымдар мен кәсіпорындар арасында ынтымақтастық орнатылған, оның ішінде: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазпошта» және т.б. бар.

Оқу бағдарламалары өнеркәсіппен, іскерлік ортамен, ғылыми ұйымдармен бірге жасалады. Біз сонымен қатар нақты сектор мен бизнес өкілдерін шақыру арқылы тәжірибеге бағдарлауды арттырамыз. Оқу процесін оқытудың заманауи технологияларын кешенді түрде қолдана отырып құрамыз. IT-саламен бірлесіп күрделі цифрлық білім беру ресурстары мен виртуалды тренажерлерді әзірлеуді жандандырудамыз.

– Ғылыми-инновациялық қызметке ерекше көңіл бөліп, жас ғалымдар мен студенттік ғылымды қолдайтыныңызды білеміз. Осы тұрғыда университет қандай жұмыстарды қолға алды?

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – білім, ғылым және инновацияларды үйлестіретін классикалық көпсалалы университет. Бүгінде университет еліміздегі ғылыми жобалар мен ғылыми жарияланымдар саны бойынша көш бастап келеді. Рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланым университетке тиесілі.

Университеттің бес ғылыми журналы Халықаралық деректер қорына кіреді. Біздің ғалымдардың жалпы Хирш индексі 3100-ден асады. Нөлдік емес Хирш индексі бар ғалымдар мен мұғалімдердің саны шамамен 1400-ге жетті.

ҚазҰУ-дың баспа қызметі саласындағы жетістіктері халықаралық марапаттармен белгіленген. Қазақстандық ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ҚазҰУ-дың жетекші орнын растайтын ең беделді «Вэб оф Сайнс» мәліметтер базасы университетті «Ғылым көшбасшысы» сыйлығының үш номинациясымен марапаттады. Еліміздің ғылыми-техникалық дамуының маңызды басымдықтары бойынша жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асатын 500-ге жуық ғылыми жоба іске асырылуда. Біздің ғалымдар 400-ден астам патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды.

Университетте инновациялық жобалар іске асырылуда және аз сериялы өнімдер шығару бойынша 10-нан астам ғылымды қажетсінетін өндірістер құрылды.

Біздің ғалымдар COVID-19-дың алдын алуға белсенді қатысады. Сондай-ақ жергілікті өсімдік шикізаты негізінде дәрілік препараттардың аз тонналық өндірісі және дезинфекциялық жуу құралдарын шығару ұйымдастырылды. Жалпы, мұндай 100-ден астам жоба бар. Аталған жобалар сипатталған екі томдық кітап шығардық.

Жас ғалымдарды қолдау жүйесі жұмыс істейді, «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» конкурсы өткізіледі. Жыл сайын 15-ке жуық қызметкер талантты жас  ғалымдарға берілетін мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанады.

Университетте студенттік ғылым дамып келеді. 2021 жылы «Фараби әлемі» конференциясы аясында студенттік үздік инновациялық жобалар (60-тан астам) байқауы өткізілді. ЖОО-ның 200 студенті Республикалық студенттік пәндік олимпиаданың дипломына ие болды.

– Жастар саясаты – өте нәзік саясат. Олардың әлеуметтік ахуалы жайында не айтуға болады?

– Студенттеріміз әрқашан назарда. Университет басымдықтарының бірі – білім алушыларды әлеуметтік қолдау. Мыңнан астам студент оқу ақысына 10-25 пайыз жеңілдік алады. Бұл – әлеуметтік осал санаттағы және жоғары спорттық жетістіктері бар спортшылардың арасынан «өте жақсы» және «жақсы» оқитын студенттер, жоғары спорттық жетістіктері үшін оқу ақысына 10-нан 25 пайызға дейін жеңілдік алады.

Дарынды студенттерді қолдау үшін демеушілерді белсенді түрде тартып келеміз. Олардың легінде 650 білім алушыға стипендия төлейтін 50-ден астам ұйым мен компаниялар бар. Сондай-ақ дарынды студенттерді қолдау үшін демеушілік қаражатты белсенді түрде қарастырамыз.

Мүмкіндігі шектеулі студенттер жоғары стипендия алады. Денсаулығына байланысты проблемалары бар студенттерге тегін тамақтану талондары беріледі. Жетім балалар қатарындағы білім алушыларға материалдық көмек көрсетіледі және жатақханаларда тегін тұру ұсынылады.

Университетте студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі дамыған, студенттердің 40 пайызға жуығы қатысатын 30-дан астам студенттік ұйымдар бар. Сондай-ақ студенттердің белсенді позициясын қалыптастыруға ықпал ететін инновациялық жобалар кешені іске асырылуда: «Мен жастарға сенемін», «100 кітап», «Жасыл кампус».

– Корпоративтік басқару саласында өзгерістер бар ма?

– 2020 жылы қазақстандық мемлекеттік ЖОО-лар коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға айналды. Корпоративтік басқарудың тиімді моделін қалыптастырудамыз. Тиімділікті арттыру мақсатында ОПҚ, білім алушылар мен қызметкерлердің университеттің негізгі бағыттары бойынша шешім қабылдауға қатысуы үшін жағдайлар жасалады. Біз корпоративтік басқару жүйесіне қатысатын қызметкерлер үлесін 9 пайыздан 20 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

– Цифрлық трансформация туралы не айтасыз?

– Университетте компьютерлік платформалар мен бағдарламалардың кең жүйесі бар. Мұның бәрі оқу үдерісін дәстүрлі және онлайн форматта ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасайды. Осы ретте елімізде цифрландырудың жаңа векторы белгіленді. Сондықтан біз университеттің бірыңғай цифрлық архитектурасын құрып жатырмыз.

– Қаржы көрсеткішін, оның ішінде кірісті көбейту үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

– ЖОО-ның қаржылық қызметінің басты мақсаты – білім алушылар мен оқытушы-профессорлық құрам үшін барынша қолайлы жағдай жасау.

Қаржылық тұрақтылықты арттыру мақсатында кіріс бөлігін ұлғайтып,  шығыс бөлігін оңтайландыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Нәтижесіз шығындар анықталып, азайтылады.

Инфрақұрылым объектілерін пайдалану бойынша бейінді емес бизнес-процестердің аутсорсингі жоспарланып отыр. Бұл материалдық-техникалық базаны дамыту жөніндегі бірінші кезектегі міндеттерді шешуге шоғырлануға мүмкіндік береді.

Тұтастай алғанда, мұның бәрі білім беру – ғылыми қызметтердің сапасын арттыруға және қызметкерлерді одан әрі ынталандыруға ықпал етеді.

– Студенттер қалашығының инфрақұрылымын дамытуға ерен күш жұмсап жатырсыз. Оның нәтижесін қалай елестетесіз?

– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бұл студенттер қаласы. Мұнда республиканың барлық өңірінен келген жастар оқиды. Университет кампусы бірыңғай кешенді ұсынады және 54 жылжымайтын мүлік объектісін қамтиды. Оның ішінде: 18 оқу-зертханалық корпус және 5,4 мың орындық 17 студенттік жатақхана бар.

Ғимараттардың жалпы ауданы 311,9 мың ш.м. құрайды, оның ішінде:

  • оқу-зертханалық корпустар – 221,2 мың ш.м.;
  • жатақхана – 90,6 мың ш.м.
  • cтадион және тоғыз спортзал бар.

Университетте жалпы ауданы 17 846,1 ш.м. және қоры 2 млн томнан астам әдебиет бірліктері жеке орналасқан кітапхана бар. Студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Барлық оқу корпустары мен жатақханаларда электрондық өткізу жүйелері енгізілді. Заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылды. Интернет қолжетімді. Кампус аумағында толыққанды білім беру мен бос уақытты өткізуге арналған тұтас кешен жұмыс істейді:

  • жаттығу залы, спорт алаңдары және секциялары бар спорт кешені;
  • студенттерге арналған білім беру, медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызметтердің кең спектрі қамтылған «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы. Сондай-ақ жеке кинотеатр бар.

1 қыркүйектен бастап дәстүрлі форматтағы сабақтар басталғандықтан, оқу корпустары санитарлық-эпидемиологиялық режим талаптарын толық сақтау үшін қажетті жабдықтармен және құралдармен жабдықталған.

Биыл біз инфрақұрылымды айтарлықтай жаңартамыз:

  • косметикалық жөндеу жеті оқу ғимаратында жүргізілді;
  • үш оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда;
  • 14 жатақхана жөндеуден өткізілді, студенттерге  қазіргі заманға сай жағдай жасалған, барлық жөндеу жұмыстарын сырттан мердігерлер тартпай, университет қызметкерлері орындады;
  • компьютерлік техниканы жаңарту бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді, 800 компьютер сатып алынды және факультеттерге берілді.

Кампустың аумағы абаттандырылуда. Биыл университет ұжымы 600-ден астам ағаш отырғызып, Елбасы аллеясын ашты.

Университетте білім беру мен ғылымның озық инфрақұрылымын жасауға бағыт алдық, біртіндеп бар мәселені шешпекпіз.

Біріншіден, жатақханалардың ескіргенін атап өткен жөн. Көпшілігінде пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Коммуникация жүйесі апаттық жағдайда. 15 мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Соңғы студенттік жатақхана 1991 жылы салынып, қолданысқа берілген. Екіншіден, оқу ғимараттары да тозған. Аудиториялардың, оқу жиһаздары мен техникалық құрал-жабдықтардың физикалық және моральдық тозығы жеткен. Инженерлік желілер мен коммуникацияның жағдайы өте нашар. Жаңа ғимараттар мен аудиториялар қажет.

Кампусты дамытудың 2025 жылға дейінгі жұмыс жоспары жасалды. Онда жатақханалар мен оқу корпустарын қайта жаңарту және салу жұмыстары қарастырылды.

Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығымен бірлесе отырып, жатақханалар салу үшін инвестор тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оған қоса, бюджетке түсетін жүктемені төмендететін шетелдік инвестицияларды тартудың түрлі тетіктерін қарастырудамыз. Жалпы, университет ұжымы биыл көптеген жұмыстар атқарды. Болашаққа маңызды жоспарларымыз бар.

Өз университетімізді студенттер мен оқытушыларға барлық жағдай жасалатын заманауи кампус ретінде көреміз. Оқытушылар әлемнің үздік университеттерінде тағылымдамадан өтеді. ОПҚ мен ғалымдардың жалақысын көтеру және материалдық ынталандыру саясатын жалғастырамыз. Университет ғалымдары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлестерін арттырады. Магистранттар мен докторанттар озық ғылыми зерттеулерге белсенді қатысады. Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру жаңа деңгейге көтеріледі. Университет қағаз оқулықтардың орнына планшеттер мен компьютерлерді қолдана отырып, цифрлық жүйеге көшеді. Студенттер қазірдің өзінде технопарк базасында гаджеттердің (планшеттердің) сынақтық құрастыруын бастады. Жаңа жатақханалар мен оқу ғимараттары салынады. Студенттерге, оқытушылар мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасаймыз. Оқу ғимараттары заманауи цифрлық технологиялармен және оқу жиһаздарымен жабдықталады. Әр аудитория цифрлық тақталар, панельдермен жабдықталады. Озық ғылыми зертханалар мен заманауи оқу орталықтарын құру жоспарлануда.

Университет интеллигенциясына ерекше рөл береміз. Мемлекетіміздің әлеуметтік маңызды салаларына белсенді қатысатын боламыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы нақты істер және жобалармен атап өтіледі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақстандық әрі шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен дипломаттардың қатысуымен бірқатар ғылыми және практикалық іс-шаралар өткізілді. Тәуелсіздіктің қалыптасуындағы білім мен ғылымның рөлі туралы кітаптар мен оқулықтар сериясын дайындап жатырмыз. Университет түлектері Қазақстан мемлекеттігінің дамуы мен қалыптасуына белсенді атсалысқанын атап өткім келеді.

Жалпы,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың одан әрі дамуы еліміздің адами (интеллектуалды) капиталын және ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға бағытталуын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз.

– Жансейіт Қансейітұлы, әңгімеңізге үлкен алғыс айтамыз. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

«Qazaq universiteti» газеті, №36, 2021 жыл