Майданға қой айдаған қыз

07 мамыр 2011, 12:49

Соғыс уақыты ешкімге оңай болған жоқ. Әсіресе елде қалып, тылда еңбек еткен нәзік жандылардың қам-қарекеті таң қалдырарлықтай. Сондықтан болса керек, бүгінде, тылда еңбек еткендердің мәртебесі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлермен теңестіріліп отыр. Сол кездері небәрі 13 жаста ғана болған Нұрша әжей соғыс майданындағы жауынгерлерге Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Сұңқар ауылынан сонау Украинаның Харьков қаласына дейін ат, өгізбен мал айдап, азық-түлік жеткізіп отырғандар тобында болған. Сексеннің сеңгіріне жеткен кейуананың сұрапыл соғыс жылдарында көрген қиындықтары дәл бүгінгідей есінде.
Нұрша әжейдің айтуынша, 1941 жылы жалғыз бауыры мен әкесі майданға аттан­ған соң, ерте есейіп, ауыл жұмысына араласқан екен. Майданға жөнелтілетін азық-түлік даярлау жұмыстарына ерте ара­ласқан қаршадай қыз күндіз-түні ұйық­тамай егін егіп, мал бағып, сиыр сауып, 5 сыныптан кейін мектептегі оқуын жалғастыра алмайды. Ол кезде ауылда ер адамдар жоқтың қасы. Барлығы соғысқа аттанған. Кейіннен «қой мен сиырды Украинаға жеткізу керек» деген тапсырма келген соң, Нұрша апа бір топ қыз-келін­шектермен жиналып, отар-отар түлікті сол жаққа айдап әкетеді.

Нұрша ШЕГІРОВА, Батыр ана:
—«Жауынгерлеріміз жаудың бетін қайтарсын, тамағы тоқ болсын» деп тынбай еңбек етіп, соңғы дәнді майданға жөнелттік. Тіпті оқуды да оқымай, осы ұрысқа титтей де болса еңбегіміз тисін деп барымызды салдық. Әсіресе, 10 отар мал мен ірі қараны ат, өгізге мініп алып, Украинаға жеткізгенше көптеген қиыншылықтар кездесті. Жол бойы ұрылармен арпалысып, қарнымыз ашқанда суырдың інін қазып, бидай, тарыларды жеп күнелткен кездеріміз де болды. Кейде жолда қойлар төлдеп қалады, оны қоржынымызға салып аламыз. Сонау Украинаға жеткенде, түліктің жартысын олар Аягөз ауданына жеткізуге тапсырма берді. Түлікті Аягөзде 8 ай бағып, семіртіп, Семейдегі ет комбинатына апарып өткіздік.
Міне, осындай қиыншылықты бастан өткерсе де еш мойымай, 11 бала тәрбиелеп өсірген кейуана бүгінде ұл-қыздарынан 38 немере, 35 шөбере сүйіп отыр. «Бір қозы туса, бір тал шөп артық өседі» демекші, Нұрша әже балаларын қатарынан кем қылмады. Ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырды. Көптің ортасында өскен соң, балалар да бауырмал боп өсті. Бүгінде әжені Алматы облысы, Қарасай ауданы, Бұлақты ауылында тұрып жатқан кенже ұлы Жеңіс Ұранбеков бағып-қағып отыр. Алтын алқалы ананың соғыс жылдарын­дағы еңбегі ескерусіз қалмай, тыл еңбек­кері атағын да алған. Мереке күндері жергілікті әкімдік қызметкерлері әжейді арнайы құттықтап, мектеп оқушылары кейуананың өсиетін тыңдауды дәстүрге айналдырған екен.
«Ендігі бар арманым — бала-шаға, немере-шөберелерім аман болса екен деймін. Сұм соғыс болмасын. Біздің бей­не­тімізді ұрпағымыз көрмесін. Елге тек ты­ныш­тық, береке тілеймін!», – дейді әжей.