Жедел ақпарат алмасудың озық технологиясы дамыған ХХІ ғасырда сотқа жүгінудің инновациялық тәсілдері іске қосылуда. Сот жүйесін цифрландыру бойынша республика соттарымен үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Еліміздегі сот төрелігін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар Елбасы Жолдауы негізінде іске асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мазмұнымен толық үйлесімін тауып отыр.
Соттарда ақпараттық технологияларды белсенді түрде қолданудың нәтижесінде бұқараның басым бөлігі қағазбастылық пен соттардағы ұзын-сонар кезектен арылып, үйлерінен шықпай-ақ сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи жобалардың игілігін көруде. Ақпараттық технологияларды (IT – Information technology) дамыту қажеттігін Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында баяндаған болатын. Сот жүйесіндегі негізгі жобаның бірі – «Smart coт». Бұл жоба IT саласында жаңа трендтерді тиімді пайдалану, пайдаланушылардың барлық санаттары үшін барынша қарапайым және қолайлы электрондық сервистер жасауды көздейді. Соған сәйкес, ІТ өнімдердің интерфейсін жеңілдету және жеткілікті функционалын қамтамасыз ету; Толыққанды электрондық сот істеріне ауысу (сот ісін жүргізу түрлері бойынша); Азаматтар үшін дауларды сотқа дейін реттеу сервисін әзірлеу; процесс нәтижесін болжау жүйесі; Сот ісін жүргізуде «жасанды интеллект» және «блокчейн» технологияларын пайдалану; Сот отырысы залдарында процесс қатысушыларына арналған автоматтандырылған жұмыс орындарын құру; Электрондық талап қою арыздарын (арыздарды) қалыптастыру процедураларын жеңілдету; Ақпараттық қауіпсіздікте салалық жедел орталықтарын құру бойынша мақсатты жұмыстар қолға алынды. Сот жүйесіндегі жобалар аясында соттардың заманауи түрлері мен озық цифрлық технологияларды енгізу, артық уақыт пен қаржы шығындарына алып келетін сот процедураларын қысқарту мәселесі өз шешімін табуда. Бірқатар жобалар іске асырылу арқылы электрондық сот төрелігінің базалық компоненттері құрылды.
Бүгінгі күнгі сот залдарындағы орнатылған бейнебайланыс жүйесі сот төрелігін қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, қазіргі таңда соттар басқа өңірдегі адамнан қашықтан куә ретінде жауап алу мүмкіндігін ұтымды пайдалануда. Сұрақ-жауап алынатын адам жергілікті сотқа келіп, сол жерде бейнебайланыс арқылы тиісті сотпен байланысқа шықса болғаны. Мұндай куәлік ету заңды болып табылады және сот тарапынан толық көлемде ескеріледі. Бұған қоса, бейнебайланыс жүйесі ісі жүргізіліп жатқан тұлғаның бас бостандығынан айыру орындарында және тергеу абақтысында отырған сотталған немесе тергеуде жүрген адамдарды тасымалдамай-ақ жауап алу үшін қолданылады. «Виртуалды сот» жобасы аясында іске қатысушылар ұялы телефондары немесе смартфон, гаджет, планшет тағы басқа сол сияқты техника құралдары арқылы сот процестеріне виртуалды түрде қатыса алады. Бұл тиімді тәсіл Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында 2018 жылдың тамыз айынан қолданысқа енгізіліп, іске қатысушылардың бірі басқа облыс орталықтарында болуына орай, аймақтарда іссапарларда немесе емдеу мекемелерінде болуына байланысты жүзге жуық әкімшілік іс қаралған. Соттарға қолжетімділікті қамтамасыз етуде «Сот кабинеті» сервисін дара айтып кеткен жөн. «Сот кабинеті» сервисін пайдалану үшін сот ісіне қатысушы Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталықтың электрондық цифрлық қолтаңбасын алып, тіркелуі қажет. «Сот кабинеті» сервисі келесі бөлімдерге бөлінген: Сот ісін жүргізу (талап арызды (арызды), апелляциялық/кассациялық шағымды, өтінішхатты, сот отырысы хаттамасына ескертпе, қарсы талап, пікір және т.б. беру); Өтініш беру; Сот органдарына хатты жіберу; Сот органдарынаншығатын ресми құжаттарды апостильдеу; Сот істерін іздеу;
«Талдау» форумы – сот практикасын қорыту деп аталатын бөлімдерден тұрады. Интернет-сервистің ерекшелігі азаматтардың өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта үйінен немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ, интернет желісі арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасымен сотқа талап арыздар, өтініштер мен шағымдарын электронды түрде жолдай алады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтында «Сот кабинеті» модулі арқылы жеке және заңды тұлғалар және олардың заңды өкілдері соттарға электрондық нысандарды толтыру арқылы құжаттарын жолдау мүмкіндігіне ие болып отыр. Сот органдарымен хат алмасу жеке және заңды тұлғалармен қатар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға да қолжетімді болды. «Сот кабинеті» адвокаттар мен заңды өкілдер қызметінің тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін нығайтуға жәрдемдесуде.
Сондай-ақ, Жоғарғы Сот соттардың халықпен байланысын жетілдіру және «Сот кабинетінің» сервистерінің рөлін кеңейту мақсатында адвокаттардың күнтізбесін жаңғырту; «Сот кабинеті» арқылы жіберілетін құжаттар мәртебесінің қажетті құрамын кеңейту; сот отырысы қатысушыларына жіберілетін хабарламаларды жүйелеу; «Сот кабинеті» сервисі арқылы берілетін құжаттардың тізбесін кеңейту; жіберілген хабарламалар бойынша өтінішке/ іске тікелей сілтемені қолдану сияқты қызмет түрлерін іске асыруда. Электрондық қызметтерді кеңейту мақсатында Жоғарғы Сот интернет-ресурсының «Сот кабинеті» сервисінде «Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы өтініш» және «Сот процесін кейінге қалдыру туралы өтініш» жіберу үшін жаңа нысандар іске қосылды. Аталған қызметтерге «Іс бойынша құжаттар» бөлімінде қол жеткізуге болады. Өтінішті жіберу үшін ұсынылған нысанды, толтырып оған қажетті құжаттарды қоса тіркеп, электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойып белгіленген сот органына жолдау қажет. Өтінішті қарау барысын «Менің істерім» бөлімінен көруге болады.
Тағы бір тоқталып кетер жайт, «Сот кабинеті» сервисінің «Электронды сенімхат» бөлімі.«Сенімхат» бөлімі ашылған бетте «Қосу» бастырмасын басып, сенімхат нысанын, соның ішінде өкілдің деректерін толтырса жеткілікті. «Электронды сенімхат» бөлігінде сенім білдірушіге электрондық сенімхат жасау кезінде іске қатысушы тұлғалардың негізгі құқықтарын тізбе түрінде көрсету мүмкіндігі ұсынылған. Сот жүйесіндегі электронды қызмет түрлері бұлармен шектелмейді. Халық үшін тиімді жобалардың қатарында сот практикасының қорытулары мен сот актілері дерекқорын, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын пайдалануға мүмкіндік беретін «Талдау» форумын, «Сотқа шақырту қағазы», «Сот құжаттарымен танысу», «Хабарлама бойынша сот құжаттарын көру» сервистерін атап өтуге болады. Сонымен қатар, «Сот актілерінің банкі» атты кеңейтілген сервис іске қосылды. Бұл сервис арқылы заңды күшіне енген сот шешімдері мен үкімдерін іздеуге болады. Қорыта айтқанда, цифрлық формат ең алдымен адам құқығының қорғалуын күшейтеді.