Сандық жүйе сот саласын жаңа деңгейге көтерді

20 шілде 2022, 01:23

Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану – сот қызметінің қолжетімділігін, ашықтығын және тиімділігін қамтамасыз етеді. Билік пен халық арасындағы байланыс жаңа технологиялардың арқасында жаңа қарқынмен дамып келе жатқандығы белгілі. Сала жұмысын жандандырудың негізгі көзі озық технологияларды кеңінен қолдану, осыған орай қазіргі таңда сот жүйесінде прогрессивті IT технологияға негізделген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында оң қадамдар жасалуда. 2017 жылдан азаматтық істердің кейбір санаттары электронды форматта қаралуға көшті.
«Сот кабинеті» ақпараттық сервисінің нәтижесінде бүгінгі күнде талап арыздар сотқа электронды түрде берілуде, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібінде қаралатын азаматтық істер бойынша іс жүргізу тек қана электронды форматта іске асырылабастады. 2018 жылдан бастап қылмыстық істерді электронды форматта қарау бастау алды. Осылайша, IT технологиялар сот төрелігін іске асыру процесін анағұрлым жетілдірді. Қазіргі таңда сот талқылаулары дыбыс-бейнежазба қолдану арқылы жүзеге асырылуда. Енді сот процесі барысында шешілмеген немесе қанағаттанбаушылық тудыратын даулы жағдайлар туындағанда, сот процесіне қатысушылардың өз пікірлерінің дұрыстығына немесе қателігіне көз жеткізу үшін электронды жазбаға жүгіну мүмкіндігі бар. Сондай-ақ қазір «Смарт сот» жүйесін кеңінен қолдану іске асуда. Аталған жүйе азаматтардың уақыты мен материалдық шығындарын үнемдеуге мүмкіншілік бере отырып, сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуде. Бүгінге дейін сотқа келуге жағдайы болмаған азаматтарға «True Conf» мобильдік қосымшасы арқылы сот мәжілісіне қашықтан қатысуға жағдай жасалды. Себебі, адамдардың басында әр түрлі жағдай болады, сот отырысына белгілі себептермен келе алмауы мүмкін. Аталған жоба осындай кезде сот процесінің кейінге қалмауының, сот мәжілісінің созбалаңға салынбауының алдын алады. Нақтырақ айтсақ, «Смарт сот» жүйесі аясында азаматтар «True Conf» мобильдік қосымшасымен әлемнің кез келген нүктесінен сот отырысына қатыса алады. 
Азаматтарды сотқа шақыру да автоматтандырылып, СМС хабарламалар, гибридті электрондық пошта сервистері кеңінен қолданылуда. Бұл сот шығындарын едәуір қысқарта отырып, процеске қатысушыларды хабарландыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Соттағы жаңару мен жаңғыру бағытында жүргізілген сандық технология елімізді әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосатын басты жолға айналмақ.

Еркенұр Қалдыбайқызы