Жеке мерекесі жоқ төртінші билік

28 маусым 2013, 12:06

Еліміздегі барлық мамандық иелерінің кәсіби мерекелік күндері белгіленген. Өз мамандығының ерекшелігін сездіретін кәсіби мерекенің болуы сол сала маманының мерейін үстем етері сөзсіз. Әйтсе де өзгенің жоғын жоқтап, жетпегенін түген­дейтін журналистер қауымы өзінің дербес, тұрақты мерекесіне қол жеткізе алмай-ақ қойды. «Көктен киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының кебі».
Өткенге көз жіберсек, алғашқы кезде журналистер мерекесі 10 мамыр күні аталып өткен екен. Тұң­ғыш қазақтілді «Түркістан уәлаяты» газетінің жарыққа шыққан күні журналистер мерекесі деп белгі­лен­ген. Алайда уақыт өте аталмыш газет патшалық Ресейдің саясатын насихаттағандықтан, журна­лис­тер­дің төл мерекесі болуға лайық емес деп табылып, алынып тасталған секілді. Кейін Қазақ КСР-нің «Баспа мен БАҚ туралы» заңы қабыл­дан­ған 28 маусым журналистер ме­рекесі болып белгіленді. Осылайша  Журналистер күні кәсіби мереке ретінде 1997 жылдан бастап ресми түрде аталып өте бастады. Алайда 2004 жылдан бастап маусым айының соңғы жексенбісі жур­на­листер қауымының кәсіби мерекесі болып қайта өзгерді. Сонымен, журналистер қауымы маусымның соңғы жексенбісі қай күнге дөп келсе, сол күнді өздерінің төл мере­кесі санап, атап өтіп жүрді. Осы­лайша әр уақытқа бір лақты­рылып жүріп, журналистердің төл мерекесі соңғы жылдары байланыс қыз­меткерлері күні­мен қосақталып тынды. Яғни 28 маусым Байланыс және ақпарат қызмет­кер­лерінің күні болып ресми түрде белгіленді. Әйтсе де бұл күнге қатысты кереғар пікір өте көп. Біреулер «28 маусым журналистердің төл мере­кесі болуға лайық емес, басқа бір күнді белгілеу керек» десе, енді біреулер жур­налистердің төл мерекесінің байланыс қызмет­кер­лері күнімен қосақталып қойы­луына наразы.
Төртінші билік иелері деген аты дардай болғанымен, байланыс саласы қызмет­кер­ле­рімен қосақталып, қызметі екі бөлек пош­ташылар мен журна­лис­тер­дің кәсіби мере­келерінің бір күнге белгіленуі көпші­ліктің көңілінен шыға қоймағанының айқын дәлелі – жақында Бас редакторлар клубы журна­листердің әлеуметтік статусы мен кәсіби мерекесін нақтылайтын кез жетті деп тиісті орындарға ашық хат жол­да­ды. Билік пен халықтың арасын жал­ғай­тын алтын көпір саналатын журналистер қауы­мына дербес, бір атаулы күннің бұйыр­мауы осы салаға деген қырын көз­қа­растың салдары емей немене?! Осы уақытқа дейін әлеуметтік статусы анық­тал­мағандықтан, тұрғын үй кезегіне тұра да алмай жүрген журналистер қауымы енді дербес мерекесіне де зар болып қалды. Үйсіздің үйін, күйсіздің күйін күйттеп жүрген журналистер өзіне кел­генде заңды түрде құқының қор­ғал­мауынан дәрменсіз күйге түсіп отыр.
Осы орайда байланыс сала­сы қызмет­керлерімен бір күнге қосақ­тамай, 365 күннің бір күнін журналистерге қиса болмас па еді?!
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, «Хабар» агенттігі «Көз­қа­рас» бағдарламасының теле­жүр­гі­зу­шісі:
– Бұл – талайдан бері айтылып, шешуін таппай келе жатқан мәселе. Әрине, мен де құптамаймын. Қоғамның әрбір тынысын тап басып, қоғамның дертінен айығуына атсалысып, мем­ле­кет­тің алға дамуына талмай еңбек етіп жүрген журналистер қауымының дер­бес, төл мерекесінің болмауы өкінішті. Шын мәнінде, аталмыш мамандық иелерінің қоғамдағы орны айрықша. Басқа елдер күннен-күнге журналистер қауымына жағдай жасап, әлеуметтік статусын көтеріп, оларды қорғау шара­ларын қолға алып жатса, біз атаулы бір күнді де журналистерге арнауға қимай отырмыз. Мәселен, Ресей Президентінің тапсырмасымен Тергеу комитеті журна­листерді қорғайтын арнайы концепция шығарды. Бұдан былай журналистік зерттеу жүргізетін төртінші билік өкіл­дері арнайы қорғалатын болады. Аталмыш елде 1990 жылдан бері 374 БАҚ өкілі қаза тапқан көрінеді. Біздің елімізде де қызмет барысында жур­налис­тердің теперіш көретін, қажетті ақпа­­ратына қол жеткізе алмайтын кездері жиі кездеседі. Ендеше, бізге де Жур­на­листер күнін белгілеп қана қоймай, қоғамда ашықтық пен жариялылық орнату мақсатында олар­дың ақпаратқа қолжетімділігін қамта­сыз ететін заңдар қа­жет. Осы орайда әлем бойынша қауіпті мамандықтар қатарында сана­ла­тын журналистерге атаулы бір күнді мереке ретінде белгі­леуді мен қолдар едім.

Расында да, әркімге бір телімей, тілші­лердің төл мерекесін белгілі бір күнге бел­гіле­се, төртінші билік иелеріне жасалған құрмет болар ма еді?!