Қаралы күн

Қайғы жұтқан Қызылағаш

  • Қайғы жұтқан Қызылағаш

    Қайғы жұтқан Қызылағаш

Қызылағашқа кеше 90-нан астам отбасы қайта келді. Алапат апаттан аман қалғандар тіршілігін жалғастырмақшы. Үкімет төтенше жағдайдың салдарын жоюға 600 млн теңге бөлген болатын. Оның дені материалдық көмекке, қалған 100 миллионы баспаналар салуға жұмсалады. Ал туыстарынан бір түнде айырылған отбасылардың әр жоғалтқан адамына жергілікті қазынадан 500 мың теңгеден беріледі. Қасірет шеккен отандастарымызға қол ұшын беруге жүрегінде иманы бар көптеген азаматтар бел шеше кірісті. Бірақ Қызылағаштың орнында өлім рухы кезіп жүргендей. Қайғының жарасы жазылар уақыт әлі ерте.


«Бізді ешкім қауіптен хабардар етпеді»  дейді тұрғындар

Аяқасты ажалдан аман қалған тұрғындардың сөзіне қарағанда, суқойма бөгеті жарылардан үш күн бұрын ауылда жарық сөніп, телефон байланысы үзілген. Жан-жақпен хабарласа алмай қалған қызылағаштықтар суқойманың жарыла бастағанын тек бір-екі сағат бұрын ғана естіпті. Үрейленген тұрғындардың бірқатары ауыл басшысына хабар берген. Бірақ «отыра беріңдер, ешқандай қауіп жоқ» деген жауап алады.


Ет жақындарынан, бар байлығы – малы мен баспанасынан айырылып, ашу мен көз жасына ерік берген тұрғындар мұны ашына айтты. «Бір сағат бұрын қопарылыстың боларын естіп, халық дүрлігіп, әкімге телефон шалдық. Біреулер бізге «әкім отыз шақты адамды алып, шлюзді ашуға кетті, қойманың апатқа қарсы қондырғысын іске қосып, суды тежейді», – деді. Бірақ біз бұған сенбей, өз бетімізше тау жаққа қаша бастадық. Мұнымыз абырой болған екен. Егер бізге алдын ала апаттың боларын айтқанда, малымызды, жанымызды алып үлгеретін едік қой», – дейді ауыл тұрғыны Төлепберген Оқпаев. Қызылағаштықтар суқойманың жарылуы мүмкін екенін алдын ала хабарламағанын бірауыздан қуаттап отыр. Оқиғаның мән-жайын ауыл әкімінен сұрап білмекші едік, бірақ оны апат ошағынан табу қиынға соқты.


Апатқа адам да, табиғат та себепкер

Наурыздың 11-і күнгі апаттан кейін оқиғаның мән-жайын анықтауға арнайы комиссия бірден кірісті. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, біріншіден, суқойманың шлюзі осыған дейін қыс бойы ашық жатып, тек көктем мезгілінде ғана жабылатын. Содан маусым айына дейін қар сулары, өзен ағыны толассыз қоймаға құйылып жатады. Ал бұл жолы тоспа аузы түгел бекітіліп тасталған. Жарылысқа бірнеше күн қалғанда, қойманың Қуаныш Бекеев есімді иесі қойманың шлюзін аша алмай қайтып келген. Бұл кезде 42 млн кубқа арналған суқоймада судың деңгейі 46-48 млн кубқа көтерілген болатын. «Біз «осы қойма мемлекетке қайтарылсын» деп, жоғары жаққа бірнеше рет хат жаздық. Себебі оның иесі өте ұқыпсыз адам болды. Бұл қойманы екі қойшы ғана күзететін. Апат болардан он күн бұрын әкімге хабарластық. Бірақ ол тыңдамай, бізді кері қайтарып тастады», – дейді тұрғындар. Екіншіден, үш күн толассыз жауған жауын мен еріген қар суы қоймадағы судың деңгейін асырып жіберді. Суқойма мен ауыл арасындағы 7-8 шақырым ыдырынған топанға түк болмады. Жарты сағатта Қызылағашты түгел шайып кеткен су көршілес Егінсу, Молалы,Көлтабан сынды елді мекендер мен бірнеше жайлауға да жетті. Дәл мұндай жойқын тасқын бұл өңірде бұрын-соңды болған емес.


Ауылдың бүгінгі халі

Қызылағашта шамамен 3,5 мыңға жуық адам тұратын еді. Олардың басым көпшілігі, тіпті 80 пайызға жуығы – сырт елдерден келген қандас бауырлар. Дәулетке құнықпай, бейнеті көп ауылда қанағат пен тәубені ту етіп өмір сүріп жатқан бейқам ауылдың тірлігі бір мезгілде шәт-шәлекей болды. Биіктігі бес метрден асатын суық су бар баспананы бұзып-жарып, астан-кестеңін шығарды. Мал да, адам да дариямен ағып кетті. Ет жақынынан айырылмаған ауыл тұрғыны қалмады. Халықтың дені туысқандарының денесін, ең болмағанда, облыстық мәйітханадан көрсек екен деп көкірегі қарс айырылып жүр. Ауылдың су шайып кеткен орнында бүгін өлім рухы кезіп жүргендей. Тұрғындардың есептеуінше, бұл табиғи зұлматтан соң, шамамен 150 адам ізім-қайым жоғалды. Бірақ ресми мәлімет әзірше 37 адамның ғана қаза болғанын растайды. Апаттан аман қалған тұрғындар әбден күйзелген. Оқыс оқиғаға ешкім де дайын болмаған еді. Қалада таныс-туысқандары болмағандықтан, тұрғындардың біразы әскери шатырларға қоныстандырылды. Киім-кешек пен тамақ жағы жетіспей жатыр. Бірақ апатты естіген көптеген мекеме-кәсіпорындар мен жеке азаматтар қайырымдылық жасауға бел шеше кіріскен.


Ажалдан аман қалғандардың жанайқайы

Эльмира ӘБДІБЕКОВА,
Қызылағаш ауылының 3-бөлімшесінің тұрғыны:

– Апат боларын сезіп, тауға қарай қаштық. Осы кезде ауылдың шетінде тұрған сақшылар бізді ұстап алып, үйлерімізге қайтармақшы болды. Бірақ оларды тыңдамай, өз бетімізше босып кете бердік. Қазір балаларым аман-есен, бірақ көмек жеткіліксіз. Оқиғаның келесі күні ауданнан бес бөлке нан жетті. Жүздеген адамға бұл азық па?


Қалмұрат ВАЛИЕВ, ауыл тұрғыны:

– Су тоспасы бұрыннан жарылып тұрған. Оны ауыл тұрғындары өз көздерімен көрген. Тасқын тосыннан болған жоқ. Мен сол күні Селден қорғау басқармасына да хабарластым. Алайда ешқандай мәлімет ала алмадым. Судың астында кемінде 150-дей адам кетіп қалды. Бұл – анық.


Сағындық ЫСҚАҚОВ, ауыл тұрғыны:

– Бұл ауылда 14 көше бар. Су шайып кеткен әрбір көшеден кемінде 10 адамның мәйіті табылды. Өзім Сайранбек деген бауырымнан айырылып қалдым. Апаттан кейін денесін қалаға алып кеткен. Бірақ ондағы моргтен таппай жатырмын. Басшылардың жұмысына әлі де көңілім толмайды.


Апат аймағында Үкімет басшысы болды

Премьер-министр эвакуацияланған тұрғындардың уақытша тұрып жатқан жеріне барып, олардың жағдайымен танысты. Туыстарын жоқтап, сай-сүйекті сырқыратар сөздерімен көңілдеріне демеу іздеген тұрғындарға көңіл айтып, оларға барлық көмек көрсетілетінін жеткізді. Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир Божко мен облыс әкімі Серік Үмбетовке, басқа да құрылым басшыларына туыстарынан, баспанасынан, құжаттарынан, ақшасы мен малынан айырылған халыққа, ең әуелі, психологиялық жәрдем беріп, кейін ауылды қалпына келтіруді тапсырды. Сонымен қатар К.Мәсімов эвакуацияланған жердегі балалардың оқу үдерісін үзбеу керектігін атап көрсетті. Оперативтік штаб отырысының соңында Премьер-министр еліміздің барлық суқоймаларындағы ахуалды анықтап, қауіпті аумақтарда тұрақты мониторинг жүргізіп тұруды, төтенше жағдай туындаған кезде халықты хабардар ету жүйесін жасауды тапсырды.


Ақордада шұғыл жиын өтті

Қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша оралмандарға қарастырылған пәтерлер берілетін болды. Өткен сенбі күні Ақордада өткен шұғыл жиында осындай шешім шығарылды. Қызылағаштағы ахуалды Елбасына жеткізген Үкімет басшысының мәліметінше, қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша 80 пәтер дайын тұр екен. Бірақ апат аймағында болған төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир Божко тұрғындарға жаңа баспаналардың Қызылағашта салынатынын айтты. Тұрғындардың біразы бұған қарсы. Ешкімнің қасірет даласында қалғысы келмейді. Ал бұл кезде Ақордада Елбасы осы оқиғадан туындайтын бірнеше мәселенің басын ашты. Соның бірі – жекенің қолында отырған, бірақ қожайынының қырсыздығынан қауіпсіздік талаптарына сай келмей тұрған суқоймаларды мемлекет меншігіне қайтару.


Қызылағаш оқиғасы қылмыс деп танылды

Ақордада өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына екі күн ішінде оқиғаны мұқият зерттеп, өлім-жітімге байланысты қылмыстық іс қозғауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы жұмысына жауапсыздық танытып, суқойманың жарылуына және адамдардың өліміне жол берген кінәлілер болса, жауапқа тартылуы керектігін ескертті. Көп ұзамай Алматы облыстық прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 315 (қызмет бабындағы әрекетсіздік) және 316 (салғырттық)-баптары бойынша іс қозғады. Жүздеген тұрғынның сөзі бекер емес болар. Істің қозғалуымен бірге Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Есет Жүнісов, суқоймаға иелік еткен «Шынар» ЖШС директоры Қуаныш Бекеев, су пайдаланушылар арнаулы өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Мұхит Жүнісов, Ақсу аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің бастығы Күнібек Байзақов және Алматы облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Евгений Ениндер тұтқынға алынды. Тергеу барысы бас прокурор Қайрат Мәми мен ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің бақылауында.

Бұл күн облыс мәслихатының шешімімен «Азалы күн» деп жарияланды.


dsc_4549


dsc_4619


dsc_4621


dsc_4467


dsc_4493


dsc_4787


dsc_4607


dsc_4838


dsc_4892


0521


Владимир БОЖКО, төтенше жағдайлар жөніндегі министр:

– Қызылағаштағы төтенше жағдайға байланысты құрылған арнайы комиссия екі рет жиналыс өткізді. Меніңше, халыққа апат туралы алдын ала ескертіліп, жүздеген адам қауіпсіз жерлерге көшірілген. «Оқиғаның алдын алуға болар ма еді?» деген сұрақ қойылып жатыр. Оған мен былай деп жауап беремін: табиғаттың тылсым күшіне ешкім де қарсы тұра алмайды.



Қайырымдылық есепшоты ашылды


Алапат апаттан зардап шеккендерге материалдық қайырымдылық көмек көрсету мақсатында «Қазақстан Халық банкінің» 319900 Талдықорған аймақтық филиалында есепшот ашылды.

Банк есепшоты:

ИИК 002700125 KZT

Банктік БИК 194101601

РНН 530200007643

Кбе 18

«Жансүгіров» қоғамдық қоры





Көрілген: 4022    Пікірлер: 0

сейсенбі, 16.03.2010, 09:21

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30