Әскери жоғары оқу орындарын, әскери наградаларды ұлттық батырларымыздың есімімен неге атамаймыз?

07 мамыр 2011, 13:12


Ерзат Әлзақов, Мәжіліс депутаты:
– Шынымен де, еліміздегі бірқатар әскери оқу орындарын ұлттық батырларымыз Қабанбай, Нау­рызбай, Бөгенбай бастаған батырларымыздың есімім­ен атасақ, жарасып кетер еді. Бұл бастаманы ұлт­тық деңгейде көтеру керек. Ресей, Украина сияқты мемлекет­терде әскери жоғары оқу орындары сол мемлекетке ерлігімен еңбек сіңірген батыр генералдардың атымен аталады. Ал енді біздің ұлттық батырларымыз дала генералдары болған ғой. Қазақтың қайсар батырлары қандай да бір атақ, даңқ үшін соғысқан жоқ. Олар өз ерліктерін ұлттың тағдырына қатысты шайқастарда көр­сете білген. Қабанбайдан бастап, кешегі Бауыржанға дейінгі батырлардың ешқайсысы көзі тірісінде лайықты құрметке ие бола алмады. Ең болмағанда, Тәуелсіздік алған ұрпақтары олардың есімдерін ұлықтау керек деп есептеймін.

Бақытжан Оразалиев, философия ғылымының кандидаты, Ауған соғысы ардагері:
– Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Мысалы, Ресейде Кутузов атындағы марапаттар, Жуков атындағы оқу орындары бар. Олар осы арқылы тарихи сананы қайта жаңғыртып отыр. КСРО кезіндегі қолбасшылардың есімін ұлықтау арқылы олар өздерінің ұстанымдарын ашық білдіріп отыр. Біз де ЖОО мен түрлі марапаттарды отаршылдыққа, жоңғар шапқыншылықтарына қарсы күрескен батыр, хандарымыздың есімімен атасақ, ұлттық сананың жаңғыруына, аяғынан нық тұрған Тәуелсіз ел екенімізді айдай әлемге паш ете алатын едік.