Бас прокуратура қаһармандарға құрмет көрсетті

11 мамыр 2010, 10:13

Отан қорғаудың өшпес өнегесі мен ерен ерліктің үлгісі болып адамзат шежіресінде мәңгі жазылып қалған ең айтулы мерекенің бірі – Жеңіс күні. Ал оның биылғы  тойлануының жөні тіптен бөлек. Жеңістің 65 жылдығында Отанына деген адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен батырлардың рухына бүгінгі ұрпақ тағзым етуде. Бұдан еліміздің күштік құрылымдары да шет қалған жоқ.

Кеше Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында Жеңістің 65 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтті.

Бас прокурор Қайрат Мәмидің шақыруымен Астанаға осы салтанатты шараларға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен соғысқа қатысқан прокуратура органдарының ардагерлері келді.

Алдымен Астананы аралап тамашалаған ардагерлер қаланың бүгінгі көркіне айрықша риза болып, оны өз жеңістерінің жемісі ретінде бағалады.

Дәл осы күні Бас прокуратураның жаңа ғимаратында Жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайы ашылды. Мұражайда және оның экспозицияларында Қазақстандағы қадағалау және тергеу органдарының қалыптасу уақытындағы бірегей әрі баға жетпес жәдігерлері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының, мемлекеттің және оның қадағалау органдарының одан кейінгі даму кезеңдеріндегі ерлік тарихының материалдық рәміздері, құжаттары мен наградалары қойылған. Прокуратура қызметкерлерінің соғыстағы ерліктері мен ардагерлердің жанқиярлық еңбектерін куәландыратын бұл тарихи жәдігерлер мен құжаттар ақсақалдарды айрықша толғандырып, олар бір сәт өздері бастан өткерген сол бір сұрапыл күндерді қайтадан еске алысты. Көкейде қалған көріністер, таныс суреттер қаһарман қарттарға ерекше әсер етті. Иә, ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмақ емес.

Салтанатты жиналыста сөз сөйлеген Бас прокурор Қазақстан тарихындағы бұл күннің маңыздылығын және біздің солдаттардың шайқастардағы баға жетпес ерлігін атап көрсетті, сондай-ақ олардың үлгісінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу қажеттігіне тоқталды.

– Сіздер секілді ардагердің бірінен туған ұл ретінде айтарым: төгілген қан мен тер арқылы келген, халқымыз үшін тым қымбатқа түскен осы Ұлы Жеңістің мәні мен маңызын терең түсініп, қашанда қастерлей білу, артындағы елі мен жері үшін етігімен су кешіп, Отан үшін отқа түскен қаһармандардың биік тұлғаларын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау – бүгінгі ұрпақтың парызы мен қарызы. Өйткені оларға деген құрмет – ата-баба рухына құрмет, тарихқа тағзым, – деді Қайрат Әбдіразақұлы Ұлы Жеңістің мәніне тоқтала келе.

Жеңіс күнінің 65 жылдығын мерекелеу құрметіне Бас прокуратураның басшылығы барлық соғыс ардагерлерін және оларға теңестірілгендерді, тыл еңбеккерлерін лайықты марапаттап, оларға бағалы сыйлықтар табыс етті.

Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының екі қатысушысы – бұрынғы прокуратура қызметкерлері И.Гапич пен С.Дүйсенов Мәскеу қаласына барып, Жеңіс күні болатын салтанатты шеруге қатысатын болды.