Намыстың құлы, Алаштың ұлы – Бауыржан Момышұлы

11 мамыр 2010, 10:17

Биыл қазақ халқының ұлы перзенті, даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде, еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтеді.

Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған алғашқы шара бейсенбі күні Алматы облысы Қаскелең қаласында өтті. Жергілікті Мәдениет сарайында облыс әкімі Серік Үмбетов, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы мен Мамытбек Қалдыбайұлы сынды айтулы азаматтардың қатысуымен арнайы «Намыстың құлы, Алаштың ұлы» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ғылым, әдебиет және өнер қайраткерлері жиналған шара барысында қазақ батыры жайлы естеліктер айтылды. Облыс әкімі қайтпас қайсар қазақ батырының 100 жылдық мерейтойының беташары Алматы облысынан басталғанына мақтаныш білдірсе, профессор Мекемтас Мырзахметұлы жиналған жұртшылықты Бауыржан Момышұлының әдеби-мәдени мұрасы жинақталған 40 томдық кітаптың жарыққа шығатынынан хабардар етті. Аталған жинақты 2004 жылы Серік Үмбетовтің қолдауымен құрылған Бауыржантану зерттеу орталығы баспаға ұсынып жатыр. Ал әскери шенді мамандар Бауыржанның әскери тактикалары мен әдістерін ғылыми тұрғыдан зерттеу қажет екеніне дәлелдер келтірді.