«Қазақ ғылымы қартайып барады» деген пікірмен келісесіз бе?

12 сәуір 2013, 14:09

Айнагүл Қапасқызы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
– «Қазақ ғылымы қартайып бара­ды» деп бірден кесіп айтуға болмайды. Қазір­де ғы­лым саласында жүрген жастарға із­де­ністеріне қа­рай арнайы гранттар бө­лінеді. Сол грант­тарды ұтып алуға ұм­тылып, ізденістерін, ғы­лыми зерт­теулерін те­реңдетіп жүрген жаста­рымыз да бар­шылық. Арнайы «Бола­шақ» бағдар­ла­масы аясында оқып келіп, шетелдік ғы­лым мен қазақ ғылы­мы­ның арасын жал­ғ­ап, сол елдердің тә­жірибесі арқылы білімін толықтырып, ортамызға сіңісіп жатқан жас ғалымдар да бар. Сондықтан «қазақ ғылымы мүл­дем қартайып кетті» деп айта алмаймын. Жал­пы, ғылымды қаржыландыру дұ­рыс жолға қойылып келеді. Жастарды қол­дау бар. Сондықтан «келешекте ғы­лымға жастардың келуі артады» деп үміттенемін... 

Бақытжан Бекманов, Жалпы генетика және цитология институты директорының орынбасары:
– Ғылымға жастардың келуі қар­жы­лан­дыруға тікелей байланысты. Мы­салы, басқа институттарды айтпай-ақ қоя­йын, біз, Жалпы генетика және ци­то­логия инс­титуты, кіші ғылыми қыз­мет­кер­ле­рімізге 60 мың теңгенің кө­лемінде жал­ақы төлейміз. Ал кейбір инс­титуттар сол кіші ғылыми қыз­мет­керлеріне 30-35 мың теңгенің кө­лемінде жалақы тағайын­дай­ды. Сонда ол 30 мың теңгемен жас ма­ман қалай күн көруі керек?! Айлығын шай­лығына жеткізе алмай жүрген ма­манға қалай ғана «ғылыммен айна­лыс» деп айтуға бо­лады?! Рас, қазір ғылымды қар­жы­лан­дыру еселеніп өсті. Гранттар бөлу, мемлекеттік қолдау-қолпаштау бар. Бір айта кетерім, біздің тиісті орындарда отырғандар қазақ ғылымын әлемдік межеге жеткізу қажеттігін жиі айтады. Бұған қатысты айтарым, қазақ ғылымын әлемдік межеге жеткізу үшін ғылымды қаржыландыруды әлемдік межеде ұйым­дастыру керек. Сонда ғана ғы­лы­мымыз өседі, өнеді, өркендейді.

Хакім Суербаев, химия ғылымының докторы, профессор:
– Өте дұрыс айтасыз. Қазақ ғылымы қар­тайып барады. Ең қорқыныштысы – осы. «Жас келсе, іске» деген нақыл сөз бекерден-бекер айтылмаған. Рас, біз­дің Үкіметіміз түрлі бағдарлама жо­ба­ларын ойлап тауып, жастарымызға ше­телден білім алып, біліктіліктерін то­лықтыруға мүмкіндік жасап-ақ жатыр. Бірақ сол атағы дардай бағдарламамен шетелден оқып келген жас мамандар шенеунік бо­лудан әрі аса алмай жүрген жоқ па?! Қазір мен 70 жастамын. Шәкірттерімнің ең жасы 40-та. Қазіргі жастар көз майын тауысып, ғылыммен айналысып, 30 мың теңгенің көлемінде жалақы алғанды ар санайды. Жастар ғылымнан сырт айналып кетіп жатыр. Ғылымда жас ғалымдардың азаюы ғылымның болашағы бұлыңғыр екенін көрсетеді. Мен осыдан үрейленемін.