Озат Түйенбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Инженерлік бейімдегі зертхана маманы, физика оқытушысы:
– Студенттерге жоғарғы технологиялар саласында сабақ беріп, микрочип, ақпараттық технологиялар, сымсыз байланыс технологиясын үйретесіз. Өндіріс саласында нақты тәжірибеңіз бар ма?
– Мен өмір бойы өндірісте жүрген адаммын. Сабақ берумен айналысып жүргеніме бар болғаны бір-екі жыл болды. Тіпті ғылыми атағым да жоқ. Ондаған зауыттың қабырғасында жұмыс жасадым. Соңғы бес жылда «Қазғарыш сапары» Ұлттық компаниясында, Ғарышты зерттеулер институтында ғылыми қызметші болдым. Ал студенттерге сабақ берумен айналысқаным – осы бірнеше жылдың айналасы ғана. Қысқасы, еліміздегі жоғары технологияны қажет ететін мекемелердің біразында еңбек еттім.
– Соның бәрін неге тастап кеттіңіз?
– Бұған екі себеп болды. Сол зауыттарда қызмет етіп жүргенімде бізге әртүрлі оқу орындарынан тәжірибеден өту үшін студенттер келеді. Сол жастар заманауи технологияны көрген кезде аспаннан түскендей ештеңе түсінбей, қарап тұратын еді. Сонда бұлар оқу орны қабырғасында не оқиды деп мен таңғаламын. Бір қолым босағанда бір-екі оқу орнын арнайы аралап, байқап қайтпақ ойым болған. Бірақ сәті түспей жүрді. Бір күні мен «Қазғарыштан» жұмыстан қуылдым. Оған менің кәсібилігім немесе білімім себеп болған жоқ. Басқадай түсініспеушіліктер болды. Ресейлік мамандар мені тым талапшылсың деп ығыстырып, ақыры өз дегендеріне жетті.
– Құпия болмаса ол қандай талап?
– Құпия емес. Біріншіден, менің талаптарым жеке басыма қатысты емес. Мен ресейлік мамандарға еліміздің мүддесі үшін әртүрлі талаптар қойдым.
– Мысалы?
– Мысалы, алғашқы «ҚазСат» спутнигі жоғалып кеткенін бәріміз білеміз. Бірақ не үшін жоғалып кеткенін ешкім білмейді. Оның себебі неде? Себебі оны ресейлік мамандар жасады, не жасағанын, қалай басқарғанын, қателік қайдан кеткенін біздің мамандар білмейді. Білмейтін себебі оны құрастыру кезінде бақылаушы ретінде жіберілген жоқ. Екінші «ҚазСат-ты» жасау жоспарға алына бастаған кезде мен сол олқылықтардың орнын толтыруды ойладым. Екінші «ҚазСат-ты» француздар мен орыстар жасайды. Соны құрастыру барысын қазақстандық мамандар бақылауға міндетті деген талапты енгізгім келді. Әртүрлі жиналыстарда осы пікірді жиі айтып жүрдім. Ақыры не керек, бұл сөзім өзіме таяқ болып тиді. Біз тапсырыс беруші ел ретінде өзіміз жасатып отырған құралға толық ие болу үшін не қажет деген сауалды күн тәртібіне қойып, соған жеті-сегіз бөлімнен тұратын ақпараттық бағдарламалық талап жазып бердім. Қарапайым түсіндірсек, көлігіңді жөндетуге барсаң қарап тұруға қақың бар ғой. Бұл да – сол сияқты қарапайым талап. Бірақ ол орыстарға жақпады.
– Сонымен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына қанағаттандыңыз ба, жоғарғы технологияларды үйретуде заманға сай ма?
– Бәленің бәрі – осыда. Қазіргі Қазақстандағы жоғары оқу орындарының физика пәні бойынша оқулықтары осыдан 20, 30 жыл бұрынғы дүниелерді оқытады. Менің осыған көңілім толмайды. Кез келген оқу орнының, тіпті беткеұстар деп жүрген білім беру мекемелерінің үйретіп жүргені – ескі ғылыми жаңалықтар. Қазіргі технология бұрынғыдай емес, микродеңгейдегі құрылғылар. Оларға салмағы жарты тоннаны құрайтын байланыс құралдарының жүйесін үйретудің не қажеті бар? Екеуінің айырмашылығы – арба мен «мерседестің» деңгейіндей. Өзіміз жұмысқа «мерседеспен» келіп студенттерге арбаның құрылысын үйретсек, оның несі білім, оның несі ғылым? «Көлік дегеніміз дөңгелектен тұрады, дөңгелек домалақ болып табылады» деп үйретуің дұрыс па? Қожанасырлық қой.
Көшеде сүт сатып тұрған, айран сатып тұрған адам пайдалану мерзімі өтіп кеткен өнімді сатса ол айыппұл төлеуге міндетті. Жиырма-отыз жыл бұрынғы технологияны сабақ деп үйретіп отырған адамның қылмысы да осымен бірдей. Техникалық ғылым үшін 20 жылың былай тұрсын, жарты жылдың өзі – көп уақыт. Жарты жыл ішінде әлемдік технологиялар саласында талай жаңалық ашылады. Олар әлі күнге дейін кеңестік заманның негіздерін оқиды. Содан бір күні қолым босағанда оқу орындарға барып не оқып жатқандарын көрмек болдым.
– Ал жарайды, солай-ақ болсын. Енді студенттерге заманауи білім беруге не кедергі? Білікті ұстаздар жетіспей жатыр ма? Оқулық жетіспей жатыр ма?
– Білім министрлігінде Мемлекеттік білім беру стандарты бар. Сабақ беруші ұстаздар ол стандарттан олай-бұлай ауытқымауы керек екен. Бұл құжатта «Мұғалім оқу бағдарламасын 20 пайызға өзгертуге құқы бар» деп жазылған. Міне, осы талап кедергі болып отыр дер едім. Білім министрлігінің өзі заманауи жаңалықтарға ілесіп отыруға толық қабілетсіз әлде құлықсыз дер едім. Әсілі, мұғалім заманауи жаңалықтарды оқу бағдарламасына енгізіп отыруға құқылы емес, міндетті болу керек еді. Білім министрлігі құлық танытпаған соң оқытушылар қайдан ізденсін? Жоғары технологияларды мұғалімдердің өздері түсінбейді, жоғарыдан талап болмаған соң ізденбейді. Солар бекітіп берген бағдарламаны ғана пайдаланады. Ал олардың бағдарламасы осыдан 20 жыл бұрынғы кеңестік заманның технологиясын үйретеді.
Екінші мәселе, әрине, жалақыға келіп тіреледі. Мен жеке басым, ақшаға көп тәуелсіз адам болған соң, оның үстіне жастарға бірдеңе үйретуге ерекше құлықты болған соң ғана ҚазҰУ-де жүрмін. Жоғары технологиядан хабары бар адам мұндай айлыққа байланып жүрмейді. Оған жүз пайыз кепілдік беремін. Бұл саладағы мамандар шетелге шықса, қырып ақша табады. Ал біз оларды сантехникпен бірдей жалақыға байлағымыз келеді. Мен айтар едім, ЖОО-да сабақ беріп жүрген әр саладағы мұғалімдердің бағасы әртүрлі болуы керек. Әрбірінің жалақысы нарықтағы сол мамандықтың иелері алып жүрген жалақыға сай болуы қажет. Мұғалімге сантехниктің ақшасын төлеп, ғарыштық технологияларды түсіндіріп бер деп талап ету ақымақтық қой.
– Сіз енді заманымызға сай технологиялардың іш құрылысын түсінетін адамсыз. Осыны студенттеріңізге бере алып жатырсыз ба?
– Жастар өте алғыр. Менің кейбір студенттерімнің білгені көптеген мұғалімдердің, тіпті профессорлардың білгенінен артық дер едім. Олардың теориясы мен практикасы қатар дамып келеді. Сымсыз байланыс жүйесін әрбір физик түсіне бермейді. Ал менің студенттерім өздері неше түрлі құрылғылар, ұялы телефондар, компьютерлер құрастырып жатыр. Олар әлемдік техника нарығының авангардына айналған Aрple, Samsung компанияларының өнімдерінің жұмыс жасау функцияларын түсінеді. Түсініп қана қоймайды, өздері де жасап жатыр. Жақында студенттерді былай қойғанда, бізден тәжірибе жинақтайтын мектеп оқушылары он екі вольттық аккумулятормен жұмыс жасайтын компьютер жасап шықты. Бұған қалай қарайсыз? Жуырда бір студентім осы тақырыпта диссертация қорғап, сол бойынша өздері сабақ бере бастады. Қазіргі әлем планшетке көшіп жатыр. Кеңестік заманды айтпағанда, 2008-2009 жылғы ақпараттық құрылғылардың өзі қазір ескіріп кетті. Қазір одан екі есе кіші, екі есе тиімді құрылғылар шығып үлгерді. Осындай заманда кеңестік дәуірдің құрылғыларын оқытуға құқы жоқ деп есептеймін.
Жастар өте зерек. Үйретсең алып кетеді. Екі-үш жыл ғана білім алып, әлемдік микроқұрылғыларды түсініп, халықаралық жарыстарға қатысып, гранттарды ұтып жатқан балалар бар. Мысалы, менің өз ұлым қазір АҚШ-тағы NASA-ның бір жобасында жұмыс жасап жатыр. Ұлымды және оның ізденімпаз достарын жуырда Google компаниясы жұмысқа шақырды. Бірақ мен ұлыма шетелде жүрмеңдер, елге қызмет етесіңдер деп талап қойдым. Бізде қазір қара жұмыс мамандары, сантехник, дәнекерлеушілерді көп дайындау керек деген пікір айтылып жатыр. Бізге ақылы асқан, мың адамға ие бола алатын инженер дайындау керек. Ал қара жұмыскерлер өздігінен пайда болады. Егер әлемнің алдына ұмтылмаса, өмір бойы артында жүре береміз. Еш уақытта қуып жете алмаймыз.