Өзге жұрт өнеге тұтқан Қазақ елі

28 желтоқсан 2010, 14:10

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН РЕСЕЙЛІК ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕЛБАСЫНЫҢ БИЫЛҒЫ ЖОЛДАУЫ ТУРАЛЫ ЖИНАҒЫ ШЫҚТЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы елдің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындаған маңызды тарихи құжат болды. Сондықтан да болса керек, «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты бұл Жолдау қазақстандықтар үшін ғана емес, өзге көршілес мемлекеттерде де айтулы жаңалық ретінде қабылданып, көпшілік арасында қызу талқыланды. Атап айтқанда, Ресейдің белгілі саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері, ғалымдары мен сарапшы мамандары Елбасының биылғы Жолдауы жайында көптеген жылы пікірлер айтты. Олар алға айқын мақсат қойып, өрлеудің жаңа кезеңіне батыл қадам басқан Қазақстанның алдағы жылдарда да қарқынды дамитынына сенім білдіреді. Өз елдерін, тіпті түгел ТМД мемлекеттерін татулық пен тұрақтылықтың тал бесігіне айналған көпэтносты әрі көпконфессиялы Қазақстаннан үлгі алуға шақырады.
Ресейлік ғалым-сарапшылардың аталған Жолдауды жан-жақты талқылаған пікірлерінің біршамасы жуықта Қазақстан Президенті Баспасөз қызметінің атсалысуымен «Деловой мир» баспасынан «Жаңа Қазақстан» сериясы бойынша жарыққа шыққан «2020 Стратегиялық жоспары: көшбасшылыққа бастайтын қазақстандық жол» (Астана, 2010 ж.) атты ұжымдық жинаққа топтастырылған еді. Біз оқырман назарына сол басылымдағы мақалалардың ең маңызды тұстарынан үкілі үзінділер ұсынып отырмыз.

Юрий СОЛОЗОБОВ, Ресей Ұлттық стра­­­тегиялар институтының Халықаралық бағ­дарламалар директоры, саясаттанушы:
...Тарихи мәні жағынан ҚР Президен­ті­нің халыққа Жолдауын бұрынғы АҚШ Пре­зиденттерінің бірі Рузвельттің дәуірлік мә­ні бар «Жаңа бағытымен» салыстыруға бо­лады. Естеріңізге сала кетейін, АҚШ-тың атақ­ты 32-Президенті – Франклин Делано Руз­­вельттің «Жаңа бағыты» 1933 жылы Аме­­риканың «Ұлы дағдарыстан» шығуы үшін іске асырыла бастаған. Бұл страте­гия­лық бағдарлама 1930 жылдардағы ауыр дағ­дарыс уақытында жағдайды жылдам тұрақтандыруға көмектесіп қана қоймады, сондай-ақ Американы кейіннен ірі алпауыт елге айналдыратындай бірнеше он жылға алдын ала даму жолын айқындап кетті. Ең бастысы, «Жаңа бағыт» АҚШ-та ауқымды орта тапты – заманауи демократия және нарықтық экономика тірегін құрды.
...Бүгінде Қазақстан экономикасы дағ­дарыс салдарларын сәтті жеңіп қана қойған жоқ, сондай-ақ инновациялық-индустриялық даму даңғылына мақсатты түрде батыл қадам басып үлгерді. Осы бір стратегиялық жоспарлау іскерлігін Аст­а­надан үйренуге болады.
Александр ХИНШТЕЙН, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты:
– Қазақстан Президентінің Жолдауы көр­­шілерімізде біздің Ресей үлгі алар­лық­тай бірқатар мәселелер барын көрсетті.
Біздің мемлекеттеріміздің және халық­та­рымыздың әріптестік пен бауырластық қа­рым-қатынастарды дамыта беретініне се­не­мін... Түсінікті бір жайт – екінші Кеңес Ода­­ғы болмайды. Бірақ халықтарымыздың та­­рихи тағдырластығы бізді бір-бірімізді қол­­дап жүруге міндеттейді. Ресей мен Қа­зақ­стан ары қарай да сенімді серіктес бо­луы керек.
Сергей БИРЮКОВ, Саяси ғылымдар ака­­демиясының академигі, саясаттанушы:
– Қазақстан асқан ыждаһаттылықпен әзір­ленген 2020 жылға дейінгі стратегия­лық жоспары бар ТМД елдерінің ішіндегі са­наулылардың бірі.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қо­ғам­ды дамудың жаңа сапалы деңгейіне алып шығатын қайта құрудың жүйелі жос­па­рын әзірлеп, жүзеге асыра алатын аз ғана мемлекеттік көшбасшылардың бірі ре­тін­де сипаттауға болады. Бұл – Нұрсұлтан На­зар­баевты Кемал Ататүрік, Шарль де Гол­ль, Дэн Сяопин және У.К.Кекконен сияқ­ты ұлттық реформаторлармен бір қатарға қоя­ды. Президент Назарбаевтың саяси сти­ліне тән ескі мен жаңаның, ұлттық дәс­түр­лер мен әлемдік тәжірибенің, эволю­ция­лық амал­-дар мен «технологиялық ілге­рілеу­шіліктің» үйлесуі оның реформаторлық бас­тама­ларының жетістікке жетуіне ықпал етеді.
Михаил ДЕЛЯГИН, Жаһандану мәселелері институтының директоры, экономика ғылымының докторы:
– Шын мәнісінде, бұрынғы кеңестік ке­зең­нен  кейінгі  барлық жылдарда Қа­зақ­стан алға батыл қадам басып келеді. Мә­селен, рес­публикада ішкі  жалпы  өнімді  екі есеге өсі­ру мақсаты сөз жүзінде қалып қойған жоқ. Айырықша атап өтейін, жас Тәуелсіз ел бұл мақсатқа көздеген уақыттан екі жыл ер­те – 2008 жылы банк жүйесіндегі ауыр дағдарыстарға қарамастан қол жеткізді. 2009 жылы жаһандық дағдарыс бүкіл әлем­ді дүр сілкіндіргенде, Қазақстан эко­но­микасы 1,1 пайызға, оның ішінде, өнер­кә­сіптік өндіріс 1,7 пайызға өсті. Н.Ә. На­зар­­баевтың өзі атап көрсеткендей, Қа­зақ­стан «оң өсу қарқыны бар елдердің «сер­пінділер тобынан» табыла білді».
Ресей Федерациясында либералды әлеу­меттік реформа мектептер мен ауру­ха­наларды жаппай жабуға (әсіресе ауыл­дық жерлерде) соқтырған онжылдықта Қа­зақстанда, керісінше, 652 жаңа мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны ашыл­ды. Азаматтарын алаяқтардың құрбанына ай­налдырмай, үлестік құрылысты аяқтау шы­ғынын да көтеруді қолға алды.
Виктор ИВАНТЕР, Ресей Ғылым академиясы (РҒА) Халық шаруашылығын болжау институтының директоры, РҒА академигі, РҒА қоғамдық ғылымдар бөлімінің мүшесі (экономика секциясы), РҒА ғылыми даму мәселелері институты кеңесінің мүшесі:
– Қазақстан экономикасының алдына қо­йылып отырған мақсаттар – шынайы. Олар­ды Қазақстанның қолында бар ре­сурс­тар есебінен жүзеге асыруға әбден бо­лады, солай болуға тиіс те. Екінші жағы­нан, аталмыш жоспарлар сыртқы қауіп-қа­тер­лерден жеткілікті мөлшерде қорғал­ған. Қазақстан Президентінің Жолдауында ұсы­нылған идеялар Ресей үшін де өте ма­ңызды.
Сергей ЕВСТРАТЬЕВ, Ресей жара­ты­лыс­тану ғылымдар академия­сының ака­де­мигі, экономика ғы­лым­ы­ның докторы:
– Біздің ғаламшарымызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сияқты халқымен қоян-қолтық араласа алатын мемлекет басшылары санаулы ғана. Оның «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық даму – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы осы пікірді тағы бір дәлел­де­ді. Президенттік Жолдау бір жағынан, ке­шенді әрі жүйелі, екінші жағынан нақты жә­не бұған дейінгі істермен сабақтасып жатыр.
Қазақстан  және оның көшбасшысы­­ның та­быстарын бұлай жоғары бағалау – мүд­делі бақылаушының асыра мақтағаны емес. Көптеген беделді халықаралық ұйым­дар да Қазақстан Республикасының іс-әрекетіне жоғары баға беріп отыр. Мы­салы, солардың арасында елдерді алалап таң­дау әдеті жоқ, ең ірісі Біріккен Ұлттар Ұйы­мын (БҰҰ) атап айтуға болады. БҰҰ-ның 2009 жылғы баяндамасындағы жаңа­лық­тың маңызы ерекше. Онда Қазақстан­ның адами әлеуеті жоғары елдер қатарына кір­гені жазылған.
Владимир НИКИТАЕВ, БҰҰ ЮНИДО Халықаралық өнеркәсіп ынтымақтастығы Ресей Федерациясындағы орталығының кеңесшісі, ЮНИДО – ЕурАзЭҚ жобасының үйлестірушісі:
...Тағы бір назар аударарлығы, Ресей сая­саткерлерімен салыстырғанда, Қазақ­стан Президенті мақсаттар қойғанда «ин­дус­триялдық даму» терминін қолданудан қаш­пайды, «бұл – ол туралы шынайы тұр­ғыда ой­лайтын мемлекет қайраткері» де­ген пікір­ді растай түседі.
Әлбетте индустриялдық дегенді мұнда кең мағынада түсіну керек, оның құра­мында өнеркәсіп қана емес, энергетика да, ауыл шаруашылығы да – адамның өмірлік маңызды қажеттіліктерінің өтелуін қам­тамасыз ететін экономика секторлары да бар. Осы секторлардың әрқайсысында Қа­зақ­стан табиғи бәсекелестік артықшы­лықтар се­кілді (ең жоқ дегенде, аймақтық де­ң­гей­де), кеңес заманында негізі қа­ла­нып, ке­йін­нен жаңа мемлекет аясында дамыған жа­қ­сы әлеуетке ие.
Игорь Николаев, Ресейлік ҚБК компания­сы стратегиялық сараптама департа­мен­тінің директоры, экономика ғылымының докторы:
– Президенттің халыққа Жолдауында ин­новациялық қана емес, индустриялдық да­м­удың да айтылатыны әбден орынды. Қа­лыптасқан нақты экономиканы нығайту мін­деттерін «болашақтың экономикасын» құ­румен шебер үйлестіре білу керек.
...Үлкен саясаткерлерге мақсаттарды жал­пылама түрде құру анағұрлым оңай әрі қа­уіпсіздеу деуге болады. Қарапайым тіл­мен айтқанда, бос мәлімдемемен құтылу. Алай­да мұндай жағдайда стратегиялық си­паттағы құжаттардың іс жүзіндегі маңы­зы күрт төмендейді. Бірақ Президент Н.Ә. На­зарбаев – өз қызметінде толып жатқан көп­сөзділік пен арзан сәуегейлікке жол бер­мейтін мақсатшыл әрі іскер саясатшы. Құр­ғақ уәде оның стиліне жат, Нұрсұлтан На­зар­баев – парасатты прагматик және өзін­дік саяси саласының барша кезеңде­рін­де сарабдал реалист болып келеді.
Михаил РЕМИЗОВ, Ресей Ұлттық стратегиялар институтының президенті:
– Бұл Жолдауда жаңғыртудың ритори­ка­лық пакеті емес, стратегиялық жоспары құ­рас­тырылған. Бұл – экономика мен қо­ғам­ды жаңартудың мұқият ойластырылған бағ­дарламасы.
Мақсаттар айқын қойылып, оларды жү­зеге асыру жоспары беріліп, көзделген же­тістікке қол жеткізудегі табыстылықтың нақ­ты индикаторлары нақтыланған (бел­гілі бір мерзімде орындалуы тиіс өңдеу өнер­кәсібінің сандық үлесі, еңбек өнім­ді­лігінің өсім деңгейі және т.б.). Тағы бір аса ма­ңыздысы: Назарбаевтың Жолдауында жа­уаптылар көрсетілген – ол Қазақстан Үкі­меті, даму институттарының басшылары, өңір­лік жобалардың орындаушысы болып та­бы­латын әкімдер. Осы ретте аймақтық жо­ба­ларды іске асыруда барлық корпо­ра­циялар мен мемлекеттік ведомстволардың үйлес­тірілуі мен ынтымақтастығын қамта­ма­сыз етеді.
Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­зақ­стандықтарға Жолдауының басты басым­дығы – жаңа индустрияландыру ба­ғыты, бұл Ресей үшін де аса маңызды еке­нін ескеруге тиіспіз.
Дмитрий АНДРЕЕВ, «Политический класс» журналы бас редакторының орынбасары, ресейлік «Новости» ақпарат агенттігінің сараптама кеңесінің мүшесі, саясаттанушы:
– Қазақстандағы индустрияландыру жұ­мыссыздықпен күресудің негізгі құралы ретінде қарастырылса, бізде жұмыспен қамту мәселесі бойынша кеңесшіл бастама – деиндустрияландыру фактісіне сүйеніп әрекет қылмақ.
Сайып келгенде, ресейлік модерниза­ция формулаларының тағы бір оғаштау қы­рын айтпай кету мүмкін емес. Дмитрий Мед­ведев «и» әрпінен тізбек құра айтыла­тын маңызды ұғымдардың (институттар, ин­вестициялау, инфрақұрлым, инновация, ин­теллект) ішінен «Индустрияландыру» де­ген басты сөзді айтпай отыр. Неге? Бізге бұл соғысқа дейін сабақ болды деген берік ұғым­ға қатысты ма? Әлде Хрущевтің ке­зінде ғарышқа ұшу арқылы түбегейлі мең­ге­ріп болдық па? Не болмаса мүлде ко­нюнк­­туралық себеппен, барлық айып-күнәларға сталинизмді кінәлайтын қа­тып қалған «кеңестік терминологияға» жү­гін­беу үшін бе?
Сайып келгенде, қазақстандық модер­ни­зациялаудың ресейлік жобаға қараған­да, анағұрлым айқын әрі жіті – әлеуметтік қай­шылықты саяси көзқарастардан аулақ екені аңғарылады. Егер «гамбургтік есеп» бо­йынша Астана мен Мәскеудің страте­гия­лық жоспарлауын салыстырсақ, 1:0 есе­бі­мен Қазақстанның пайдасына шешіледі.
Павел СВЯТЕНКОВ, «Даму институты» қоры басқармасының мүшесі, Саяси жаңалықтар агенттігі сараптамалық департаментінің директоры, саясаттанушы:
...Кеңестік кезеңнен кейінгі жылдарда табысты дамып келе жатқан көрші Қа­зақ­стан ресми Мәскеу үшін үлгі тұтатындай өнеге бола алады. Әрі оның да, Ресейдің де бастапқы жағдайы бірдей. Түптеп кел­ген­де, екі мемлекет те таратылған КСРО-ның одақтас республикалары, екеуі де Одақ құлағаннан кейін бір мезгілде өз бе­ті­мен күн көре бастады. Екі елде де шикізат секторының пайдасына әлі де болса айқын экономикалық ауытқу бар. Онда неге Қазақстан Ресейге қарағанда басымырақ жетістіктерге қол жеткізді?
Бұл сұрақтың жауабын қазақстандық ре­форма үлгісінің өзі-ақ айқындап тұр. Егер жуырдағы оқиғаларға көз жүгіртсек, мұ­ның мәні – Нұрсұлтан Назарбаев тұс­пал­дап айтқандай, «алдымен экономика, сос­ын – саясат». Міне, біздің  сарапшылар­ды толғандырған теория жүзіндегі тұйық­та­лудан шығудың бірден-бір жолы – осы! Бұл мүмкіндікті  бізге өмірдің өзі ұсынды әрі Қазақстан Президенті Н.Ә.На­­­зар­баевтың саяси кемеңгерлігінің арқасы.
Михаил КРУТИХИН, RusEnergy компаниясының серіктесі әрі сарапшысы:
– Бүгіндері инвестиция тарту бойынша Қазақстан, мысалы, жер қойнауын пай­да­лану, активтер сатып алу мен өнімдерді экс­­порттауға арналған көліктік инфра­құ­рылымды пайдалану үшін лицензиялар ала­тын шетелдіктерді ашықтан-ашық кем­сітуге ұшыратқан Ресейден анағұрлым алда келеді.
Ең бастысы – жаһандық құлдырау жағ­дайына қарамастан, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елінің инвестициялық сенімділігін нығайтып қана қойған жоқ, сон­дай-ақ ол Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды молайта отырып, әлем­дік қауымдастық аясындағы көшбасшы ел­дердің қатарына қосты. Бүгінде Қа­зақстанның бәсекеге қабілеттілігіндегі бас­ты артықшылық – оның дүниежүзі инвес­тор­лары сенетін және құрмет тұтатын ұлт­тық көшбасшысы.
Андрей СПАРТАК, Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу конюнктуралық институтының директоры, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Тәуелсіздік жылдарында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығын халықаралық аграрлық нарықтың ма­ңыз­ды факторына айналдырды. Ауыл шар­уашылығындағы шешуші реформалар­дың, ілгері басқан заңнамалық базалар жо­басы, ауқымды мақсатқа сай инвестиция мен аграрлық саланың ұтымды жетек­ші­лігінің арқасында Қазақстан бүгіндері жа­һан­дық азық-түлік қауіпсіздік жүйесінің ық­палды нысанына айналды. Бұл – Қазақ­­стан Президентінің арқасында атқарылған елеулі еңбек.
Кирилл ПРИВАЛОВ, журналист-жазу­шы, «Золотое перо России – 2009» жүл­десінің, Француз Республикасының «Өнер және шығармашылығы үшін» ор­денінің және «Еңбегі үшін» орденінің иегері:
– Мен Францияға жиі барып тұрамын, онда халықтың әртүрлі топтарында дос­та­рым көп, оның ішінде жоғары рангтағы сая­саткерлер мен бизнесмендер де бар. Ай­қын байқағаным: соңғы бес-алты жыл­да Қа­зақстанға деген қарым-қатынас және бұл мемлекетті қабылдау айтарлықтай өз­гер­ді. Ол туралы көзқарастар жақсы жағы­на қарай күрт ауды. Әлбетте, бұл, ең ал­дымен, осы мемлекеттің өзінің ха­риз­­ма­­ти­калық көш­басшысы – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев бар болғандықтан бо­лып отыр. Қазақстан Пре­зидентінің тұлғасы мен қуатының таңғал­ды­рмауы мүмкін емес. Ресейден кейінгі екін­ші үлкен еура­зия­лық мемлекет өзінің табиғи бай­лығымен де, өзінің индустриясымен де, өзі­нің тә­уел­сіз әрі толерантты саясатымен де, өзі­нің көпэт­носты бірегей қоғамымен де еуро­­па­лықтардың ой-өрісін баурап алды...
Валерий ХОМЯКОВ, Ұлттық стратегия­лар жөніндегі кеңестің президенті:
– Бұл Қазақстан халқына жаңғыру ру­хын­дағы Жолдау болды. Президент Жо­л­дауы­ның бұрынғы кеңестік кеңістік елде­рінің өзара ықпалдастығын нығайту туралы айтылған тұсы өте маңызды деп санаймын. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев тарихи тұл­ға ретінде өткен жылдардың басқару тиім­ділігін теріске шығармайтын және өз тә­жірибесін екпінді жаңашылдықпен та­быс­ты ұштастырған саналы басшы болып айқындалды.
Қазақстан Президентінің тарихи Жол­да­уынан ресми Мәскеудің алар тәлімі көп деп санаймын. Тек Ресей ғана емес.

Р.S.
Айтылған ой-пікірлерге қарап, Қазақстан бағындырған биіктерге құдайы көршіміз – Ресей қоғамы да қызыға қарайтынын байқауға болады. Оның үстіне, биылғы жылдың басынан Қазақстан, Ресей, Белоруссия үштігі құрған Кедендік одақ өз жұмысын бастағаны белгілі. Мұндайда одақтастардың бірінің қоғамындағы маңызды жаңалыққа өзгелері де жауапкершілікпен қарап, жұртшылыққа кеңінен түсіндірілуінің маңызы зор.
ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық етіп, үшінші мыңжылдықтағы алғашқы саммитін өткізген Қазақ елі өз Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейлі межесіне осылайша өзге жұрт өнеге тұтарлық істермен аяқ басып отыр.