100 миллион теңге: Алматыда бір шабадан алтын бұйымдар табылды

16 тамыз 2022, 17:24

Алматы полицейлері "барахолкада" ұрланған бір шабадан алтынды тауып алды, деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

Ресми мәліметке сәйкес, 12 тамызға қараған түні қаладағы базарлардың бірінде алтын-күміс бұйымдары сатылатын сегіз бірдей сауда орны тоналды. Ұры 100 миллион теңгенің әшекейін шабаданға салып, алып кеткен. Қылмыс бейнебақылау камерасына жазылып қалған.

"Бұл қылмысты ашу мақсатында тергеу-жедел тобы құрылды. Базардағы бейнебақылау жүйелеріне талдау жасалды. Күдіктінің жеке басы бірден анықталды. Бұл – 35 жастағы А. есімді азамат. Ол Қонаев қаласындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Күдікті сол жерде уақытты өткізуді жоспарлаған көрінеді", – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Дархан Мұсанов.

Ол ұрланған алтын бұйымдарды қала шетіндегі иен далаға жасырған. Заттай айғақтар тәркіленді. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұлтартпау шарасы ретінде "қамауға алу" санкцияланды.