14 жыл бұрын жоғалған журналист әйелді Серік "Голова" өлтірген

03 наурыз 2022, 20:04

Журналист Оралғайша Омаршанова 2007 жылы жоғалып кетіп, ол туралы осы күнге дейін ешқандай ақпарат болмаған, деп хабарлайды Экспресс К "Время" газетіне сілтеме жасай отырып, - деп жазады Alashainasy.kz тілшісі.

Журналист қылмыс әлемі серкесінің қолынан қаза тапқан екен. Ол туралы баскесердің өзі айтып беріпті.

 

Оралғайша Омаршанованың жоғалып кетуі кезінде қоғамда қызу талқыға түскен болатын. "Закон и правосудие" газетінің журналисті өткір тақырыптарды көтеріп, түрлі қылмыстық оқиғаларды зерттеумен айналысқан. Оралғайшаның із-түссіз кетуі жайлы тіпті шетелдік БАҚ жазып, түрлі болжамдар айтылған болатын. Құқық қорғау органдары журналисті табуға қанша тырысқанымен, іздеу шаралары еш нәтиже бермеген еді. Енді міне 14 жыл өткен соң Омаршанованың өлтірілгені анықталып отыр.

 

 

© "Время"

 

Оралғайша Қазақстанның бірнеше қаласында журналистік зерттеулер жүргізген. Сол уақытта ол жезқазғандық қылмыс әлемінің беделді мүшесі Сағит Шақпутовтың өлімі бойынша материал әзірлеп бастаған екен. Соңғы рет тілшіні 2007 жылдың 30 наурызында Алматыда көргендер бар. Куәгерлер оның қара түсті көлікке мініп бара жатқанын айтқан. Содан Омаршанова ізім-ғайым жоғалып кетті. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанымен журналистің қайда кеткені жайлы ешбір ақпарат табылмапты. Тек 2008 жылы оның жоғалуына қатысы бар деген күдікке еліміздегі қылмыс әлемінің беделді мүшелерінің бірі іліккен екен. Алайда, ол кезде оның кінәсі дәлелденбеді.

 

Енді міне 14 жыл өткеннен кейін бұл болжам рас болып шықты. Оралғайшаның өліміне қазақстандық қылмыс әлемінің серкесі — "Серік — Голова" лақап атымен танымал Серік Джаманаевтың тікелей қатысы бар екені анықталды. Ол ұзақ жылдар бойы қылмыстық жолмен күн көріп, 9 рет түрмеге қамалған. Соңғы рет 2019 жылы бостандыққа шығып, қайта ескі әдетіне басыпты. Өзге қылмыстық топтың жетекшісі — Мұхамедшәріп Сағовты өлтіргені үшін ұсталып, сот үкімімен 19 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

 

Тертеу изоляторында отырған Серік Джаманаевтың журналистің өліміне қатысы бар екенін мойындауға нақты не түрткі болғаны белгісіз. Алайда, ол Оралғайша Омаршанованың денесі көмілген жерді өзі көрсетіп берген. Тілшінің дене қалдықтарымен бірге тағы бір адам — Джаманаевтың бәсекелесі болған Ботбаев деген азаматтың сүйектері де табылыпты. Джаманаев оларды өлтіріп, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы таулы аймақта көміп кеткен екен. Сараптама табылған дене қалдықтарының Ботбаев пен Омаршановаға тиесілі екенін дәлелдеп берді.

 

Оралғайша Омаршанова тірі болғанда биыл 56 жасқа толатын еді.