30 алматылық зейнеткер «қамқоршының» құрбаны болды

15 мамыр 2022, 18:47

38 жастағы ер адам егде жастағы әйелдерге ауыр сөмкелерін  алып жүруді ұсынған, бірақ содан кейін зейнеткерлер  ұялы телефондары, ақшалары  мен  басқа да бағалы заттарынан  айырылып, сан соғып қалып отырған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оrda.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда полицейлер зейнеткерлерге көмектесемін  деген желеумен оларды тонап жүрген  38 жастағы ер адамды ұстады. Ол негізінен әмияндар мен ұялы телефондарды қағып кетіп отырған.

 

 «Ол ерекше  тәсілмен тек  зейнеткерлік жастағы құрбандарды қолға түсіріп отырған. Қоғамдық орындарда, атап айтқанда, базарларда, тұрғын үйлердің аулаларында  ауыр сөмкелер мен үлкен пакеттермен жүретін егде жастағы адамдарды бақылайды. Әдепті, сыпайы адам сияқты әсер қалдырған ол әжелермен әңгімеге кірісіп, сөмкелерді пәтерге жеткізуге көмектесуді ұсынған.  Қарт адамдар келісіп, артынша ақша, әмиян немесе ұялы телефондары  ұрланғанын білген» деп хабарлады Алматы ПД  баспасөз қызметі.

 

«Қамқоршы» ұры арам пиғылын  Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарында  жиі  жүзеге асырған болып шықты.  Оның бұрын да  ұрлық үшін сотталғаны белгілі  болды, енді «елпілдек» көмекші тағы да сол бап бойынша қамалады.