5 жасар қыздың басын кесіп қоқысқа лақтырған ана өз ақиқатын айтты

24 қараша 2022, 16:58

Жетісу облысының Сарқан ауданында қоқыстан басы мен денесі бөлек табылған 5 жастағы қыздың анасы мен нағашы ағасы сотта жауап берді. Олар бүлдіршінді өлтірмегендерін, бала сырқатынан қайтыс болғанын айтып ақталды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі 31 арнаға сілтеме жасап.

 

Сөздерінше, "құзырлылардың қысымынан соң, жасамаған қылмысты мойнымызға алдық" деп отыр. Ал, баланың мәйітін қорыққанымыздан қоқысқа тастадық дейді. Әріптесіміз Самал Қабышева жантүршігерлік қылмыстың қалай болғанын сотталушылардың өз ауыздарынан естіп, эксклюзивті сұхбат жазып келген.

 

Бес жастағы Аружанды «өлтірді» деген айыппен оның 20 жастағы анасы Ақниет пен туған нағашы ағасы Ақтілек істі болып жатыр. Екеуіне «адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған. Сот-медициналық сараптамада бала қылқындырғаннан кейін өлгені көрсетілген. Бірақ, анасы мұны мойындаған жоқ. Айтуынша, Аружанды өзінің нағашы ағасынан босанғандықтан, бала аурушаң болған. Және сол сырқатынан қайтыс болды деп отыр.

 

АҚНИЕТ, Сотталушы:

 

– Нағашы ағам зорлаған, одан кейін ДЦП бала туылған, 14 жасымда. Бастапқыда баланың шетінегенін барлығын айтқанбыз біз нақты. Бірақ екінші показание түнде бізден адвокатсыз ұрып-соғып алынған. Солай айттық, "иә, баланы өлтірдік" деп қысыммен.

 

Ал баланы не себепті арулап жер қойнына тапсырмай, қоқысқа лақтырғанын Ақтілек былай түсіндірді.

 

АҚТІЛЕК, Сотталушы:

 

– Жүректе қорқыныш болды шыны керек.

 

Егер мәйітті қоқыстан тұрғындардың бірі тауып алмағанда, бұл іс мүлдем жабулы күйінде қалар ма еді?! Себебі, сотталып жатқан анасы мен ағасы да баланың өлімі жайлы не полицияға, не баланың мүгедектігіне зейнетақы төлеп отырған мекемеге де хабарламаған. Ал марқұм Аружан 3 жасына дейін бөбектер үйінде, кейін анасының туысы болып келетін Бақытгүл Өскенбаеваның қолында болыпты. Ол Аружан ауырмады, менен алып кеткеннен кейін болып отырған жағдай дейді.

 

БАҚЫТГҮЛ ӨСКЕНБАЕВА, Сарқан ауданының тұрғыны:

 

– 1 жастан 3 жасқа дейін бөбектердің, мүгедектерге арналған үйде тәрбиеленді. Содан кейін төрт жасынан бастап мен қарадым. 9 ай өзім қарап, әп-әйбат бала. Сол күні алып кеткен, келінім мен ұлым келіп. Сол күні кешке жақын Талдықорғаннан бауырын шақырып, апарып өлтіріп тастаған.

 

Жантүршігерлік қылмыс осыдан бес ай бұрын Сарқанда болған. Бес жастағы қыз баланың денесі бір бөлек, басы бір бөлек күйінде қаладағы қоқыстан табылған болатын. Сараптама кезінде мәйіттің қоқыста үш ай бойы жатып қалғанын анықтаған.

 

Айта кетсек, осы өлімге қатысты сотталып жатқан анасы қазір үшінші баласына баяғы ауыр. Егер сотталушылардың кінәсі дәлелденсе 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.