Ақмола облысында алаяқ тұрғындарды 147 млн теңгеге алдап кеткен

01 мамыр 2022, 22:26

Ақмола облысында қаржы пирамидасын құрып, тұрғындарды 147 млн теңге алдаған әйел заң алдында жауап береді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Қаржы пирамидасы туралы істі Ақмола облысының прокуратурасы тергеген. Тергеу заңсыз ұйымның қызметінен келген шығын 147 млн теңге екенін анықтады.

 

Қылмыстық іс Степногорск қалалық сотына жіберілді.

 

"Тергеу барысында Степногорск қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде тез пайда табуға болатыны туралы ақпарат таратып, 5 мыңнан аса адамды алдағаны анықталды. Ұйымдастырушы 147 млн теңгені иемденген соң, тұрғындардың қоңырауына жауап бермеген", - деп жазылған облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

 

2018 жылы күдікті салымшыларды тарту үшін 8 инвестициялық бағдарлама жасаған. Ол инвесторларға салым сомасына байланысты тез пайда табуға болатынын айтқан.

 

2021 жылы қаржы пирамидасын құрған әйел ұсталды. Оған Қылмыстық кодекстің 217-бабы ("Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету") бойынша айып тағылған.

 

Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, ол 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.