Ақтауда қарақшылар лотерея клубына шабуыл жасады (видео)

30 шілде 2021, 18:11

Ақтауда лотерея клубына қарақшылық шабуыл жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Қарақшылар мекемеден бір миллионнан астам теңге алып кетті. Оқиға 5 шағын аудандағы «Loto Club» лотерея клубында болған. Ол жерге екі ер адам кіріп келіп, қомақты қаржыны қолды қылған.

 

«Қаскүнемдер күзетші мен кассирші қызды пышақпен қорқытқан. Осылайша, кассадан 1 миллион 150 мың теңге ұрлап, содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

 

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері Маңғыстау облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады.

 

«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен ұсталғандарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді»,-делінген хабарламада.