Ақтөбеде ұйықтап жатқан әйелді өлтірген жігіт қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

15 наурыз 2021, 17:52

Ақтөбеде 25 жастағы ер адам жеке үйлердің біріне түнде кіріп, ұйықтап жатқан әйелді пышақтап тастаған. Бұл іс туралы облыстық соттың баспасөз қызметі айтты деп хабарлайды "Диапазон".

 

Жас жігіт 40 жастағы тұрғынның үйіне кіріп кеткен. Ер адам ұйықтап жатқан әйелге шабуыл жасап, пышақ жарақатын салған. Зардап шеккен әйел ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған.

 

Сотта жас жігіттің созылмалы психикалық ауытқушылығы бар екені анықталған. Қылмыс жасалған түні ер адамда дыбыс елестері болыпты. Сол себепті оны кісі өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.

 

Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сот оған психиатриялық ауруханада қарқынды қадағалаумен мәжбүрлеп емдеу туралы шешім шығарған.

 

 

 

kaz.nur.kz