Ақтөбеде бір жыл бұрын айуандықпен өлтірілген кәсіпкер Ерхан Тілеуімбетовтің анасы қылмыскер табылмағандықтан қылмыстық іс жабылғанын жеткізді. Бұл туралы Райхан Есенамановаға полиция қызметкерлері мәлімдеген деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған NUR.KZ.
Әйел адамның сөзінше, ұлының өліміне қатысты қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы сот шешімін ол 30 қазан күні алған.
Ресми құжаттарда қылмыс жасаған күдікті адам табылмағандықтан іс жабылатыны айтылады.
«Ақтөбеде «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігінің иесін таба алмағандары, оны базарда көрген адамдардың сөздері бойынша фоторобот құрастырмағандары күдік тудырады. Сол үшінде де Бас прокурордың қабылдауына жазылып, онымен кездесуді жөн көріп отырмын", - дейді Райхан апай.
Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың үшінші тамызында Ақтөбедегі базарлардың бірінде 32 жастағы жігітті қарбыз сатып тұрған жерінен біреулер джипке мінгізіп алып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.