«Алматы жылу жүйесі» ЖШС-дегі ұрлық: Сотталушылар сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды

29 қыркүйек 2021, 08:59

Алмалы аудандық сотында мердігер ұйымның директоры мен «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нің жауапты тұлғаларына қатысты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлау - аса ірі мөлшерде, адамдардың алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған. Іс-әрекеттер шот-фактураның үзінді көшірмесі бойынша, жұмыстардың нақты орындалуынсыз, мүліктік пайда алу мақсатында жүргізілген. Мемлекетке аса ірі залал келтірілді (ҚР ҚК 189-бап, 4-бөлігі, 2-тармағы, 245-бап, 3-бөлігі).

Сотпен 2017 жылдың маусым айында ЖШС мен мемлекеттік орган арасында жалпы сомасы 2 млрд 600 млн теңгеге шарт жасалғаны анықталды. Шарттың мәні жөндеу жұмыстарын орындау/магистральдық жылу желілерін/жылыту желілері мен жабдықтарын реконструкциялау болды. Жұмыстарды орындау мерзімі тоғыз ай болған.

«ЖШС-нің қаржылық қызметіне қолжетімділікке, сондай-ақ, құрылыс объектісін бақылауға ие бола отырып, сотталушы Р-да сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлауға және ысырап етуге бағытталған қылмыстық ниет пайда болды. Бұл үшін сотталушы Р. «Алматы жылу жүйесі» ЖШС директоры міндетін атқарушы мен инженерлер Н., Б., Ж-ны, яғни, құрылыс объектісіндегі суға арналған құбырлар, лотоктар, дискілі ысырмалар, болат крандар секілді алынбаған және орнатылмаған жабдықтар кіретін орындалған жұмыстарды жалған қабылдау актілеріне әдейі артық сомаға қол қойған мемлекеттік орган тарапынан жауапты тұлғаларды тартқан. Осылайша мемлекетке 939 млн 535 мың теңге сомасында залал келтірілді», - деді Алмалы аудандық сотының баспасөз қызметінде.

Сотталушылар Р., А., Н., Б., Ж. сотта кінәларын мойындаған жоқ, бөлінген қаражатқа объектіге толық реконструкция жасалғанын көрсетті. Прокурор сотталушыларға жазаны жеті жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот сотталушылар Р., А., Н., Б., Ж-ны ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 245-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік колониясында жеті жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.