Алматы маңында қару-жарақ сақталған тағы бір орын табылды

28 ақпан 2022, 21:03

Алматы маңында тағы бір қару-жарақ сақталған орын табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Полиция мәліметінше, қару-жарақ қоймасы Алматы облысы Қарасай ауданы аумағынан табылды. 5 қаңтарға қараған түні «Камерад» қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан 29, 28, 26 жастағы үш ер адам ұсталды.

 

«Күдіктілер үй жанындағы бос жатқан жерге 6 мылтық, винтовка, патрондар, аңшылық жинағы бар шабадан мен рюкзактарды көмген. Бұл арсеналдың барлығы ұсталғандардың бірінің үйінің ауласындағы құмға көмілген. Күдіктілер кінәсін мойындап, қылмысты қалай жасағандарын айтып берді»,– деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

 

Тергеушілер олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

 

Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 291-бабы 3-бөлімі бойынша тергелуде. Күдіктілер қамауға алынды.