Алматы облысы тұрғыны ауылдасын балтамен шауып өлтірді

07 қазан 2021, 08:13

Алматы облысында кісі өлтірді деген күдікке ілінген тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 3 қазан күні 11.20 шамасында Қаратал аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне азаптап өлтірілген ер адамның денесі табылғаны хабарланған.

 

Бұл факті полицияда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлімі бойынша тіркелді.

 

Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы ақпаратты растады. Марқұм Бастөбе ауылының 40 жастағы тұрғыны болып шықты.

 

Кейіннен полицейлер күдіктіні де ұстады. Ол - марқұмның 41 жастағы ауылдасы.

 

Тергеу кезінде дәлел-айғақтарды көрген соң ол өз кінәсін мойындады.

 

Күдіктінің айтуынша, кешкі 20.00 шамасында мас кезінде екеуара жанжал шығып, содан кейін ол зауыттан шыққан шағын балтамен танысын ұрып өлтірген.

 

Әуелі мәйітті жертөлеге жасырған. Бірақ түнгі үште велосипедке артып, иесіз ескі ғимаратқа апарып тастаған.

 

Күдікті уақытша изоляторға қамалды.

 

Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

 

Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, бұдан басқа ақпарат құпия саналады.