Алматы облысында бір отбасы қаза болды – туыстары мән-жайды баяндады

13 қаңтар 2022, 09:01

Талдықорғанда ерлі-зайыпты және олардың 15 жастағы қызы қаза болды: отбасы отырған көлікке оқ жаудырған

Талдықорғанда қызымен бірге қаза болған ерлі-зайыптының туыстары трагедияның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.

Қаза тапқан 51 жастағы әйелдің немере інісі Дастанның айтуынша, қайғылы оқиға 8 қаңтарда "Қаратал" шағын ауданында болған. Отбасы достарына қонаққа барып, үйіне көлікпен қайтып келе жатқан.

"Олар кешкі сағат 9-да қайтып келе жатқан. Отбасы сол "Қаратал" шағын ауданындағы жеке секторда тұратын. Жол 3-4 минут уақытты алады ", - дейді Дастан.

Оның айтуынша, көлік ішіндегілер артқы жақтан атылған оқтан ажал құшқан.

"Бұл қарапайым бейбіт адамдар еді. Жездем қаладағы зауыттардың бірінде жұмыс істеді, ал әпкем – үй шаруасындағы әйел. Олардың қаза болған кәмелетке толмаған қызы мектепте оқитын. Туыстарымыз телефон қоңырауына жауап бермегендіктен біз оларды іздестірдік", - дейді қаза болғандардың туыстары.

Отбасын өлтіру фактісін ішкі істер министрлігі әскери тергеу басқармасының қызметкерлері тергеп жатыр.