Алматыда 3 ер адам мен 1 әйелден тұратын ҰҚТ көшеде ұсталды

19 мамыр 2022, 19:39

Алматыда бір топ пәтер ұрысы қолға түсті. Бұл туралы Аikyn.kz тілшісіқалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап жазды - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Қалалық криминалдық полицияның мәліметінше, қылмыстық топ үш ер адам мен бір әйелден тұрады. Олар Алматының Әуезов ауданында жүрген.

 

«Бұл топ Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген отандастарымыздан  «жасақталған». Қолдағы деректерге сәйкес, олар шаһарға  келіп, қаланың тұрғын алабын әбден зерттеп алған. Алдымен кіреберіс есіктердің кілтін таңдау арқылы бөтен пәтерлерге кірген.  Ұрлықты ер адамдар жасаған, ал әйел алтын, аң терісінен жасалған бұйымдар, цифрлық техника сияқты ұрланған мүліктерді сатуға жауапты болған.

Алматыда қаскөйлер жалдамалы пәтерге қоныстанған. Арнайы іс-шараның нәтижесінде олар өткен күні Алтынсарин мен Шаляпин көшелерінің қиылысында ұсталды», – деді, Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қуатбек Науатов.

 

Ұсталғандардың төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кей мәліметке қарағанда, олар Ақтөбе облысының аумағында да пәтер тонаумен айналысқан.

 

«Біз бұл ақпаратты тергеу барысында нақты тексеретін боламыз. Алматыда ұрланған мүлікті сату арнасын да анықтаймыз», – деді Қуатбек Науатов.