Алматыда алаяқтықпен айналысқан жұп 41 адамға несие рәсімдеген

24 қазан 2021, 00:59

Алматыда екі алаяқ бөтен біреулердің құжаттарын пайдаланып, 4 миллион теңгеден астам несие тіркеткен. 

Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұсталғандар 26 жастағы ер адам мен 27 жастағы келіншек. Ерлі-зайыптылар Алматыда тіркелген микроқаржы ұйымына қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

2019 жылдан бері олар сатып алынған тауардың ақшасын аударамыз деген желеумен интернет-дүкендердің сатушыларынан ЖСН мен банк картасының деректерін алып отырғаны анықталды. Сатушылардың төлқұжат мәліметтерін пайдалана отырып, олар микроқаржы ұйымының сайтына кіріп, онлайн режимде шағын несие алуға өтініш береді. Ақшаны алғаннан кейін олар қайтадан сатушылармен хабарласып, ақшаны оларға абайсызда аударып алғандарын айтып, басқа банк картасына қайта жолдауды сұрайды, – дейді Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рустам Әбдірахманов.
МҚҰ атынан шағым-арыз полицияға 41 адамнан төлем кешіктіріліп жатқаннан келіп түскен. Барлық «қарыз алушыларды» тапқан полиция олардың несие алуға қатысы жоқтығын анықтады.

 
Күдіктілерге қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Құжаттар үкім шығару үшін сотқа жолданды.