Алматыда ауруханада емделген науқас дәрігердің күртешесі мен аяқ киімін ұрлап кеткен

24 ақпан 2022, 09:14

Алматы ауруханаларының бірінде науқас өзін емдеуші дәрігердің күртешесі мен аяқ киімін ұрлап кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz басылымына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі.

Медициналық көмек алған 30 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылғаннан кейін ертесі күні мекемеден өз еркімен кетуге шешім қабылдаған. Бірақ пациенттің қалың киімі, аяқ киімі болмағандықтан, ол өзіне ыңғайлы киім-кешекті іліп әкеткен.  Қалтасында ақшасы бар күртеше мен аяқ киімді алған. Бұл хирург дәрігердің заттары болып шыққан.

Күдіктіні бейнебақылау камераларының көмегімен, сондай-ақ саусақ іздері арқылы жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін арнайы база арылы тапқан. Қаскүнем "ізін суытпай" ұсталды. Ол кінәсін толық мойындады.

Ұрланған заттар иесіне қайтарылады. Ал киімдегі ақшаны науқас құртып үлгерген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы "Бөтен мүлікті ұрлау" бойынша қылмыстық іс тергелуде.